Жаңалықтар

Спорт журналистикасының сардары

Биыл қазақ спорт журналистикасының белгілі өкілі, Қазақстан спорт журналистері қауымдастығының вице-президенті, Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының мүшесі Нұрғазы Сасаев 60 жасқа келеді. Бұл – бір адамның ғана емес, қазақ спорт журналистикасының да мерейлі белесі. Журналистің өмір жолына көз жүгірткенде, оның тағдыры туған жердің кенішінен басталып, әлемдік спорт ареналарына дейін жалғасқанын аңғарамыз. Саяқтың самалынан қуат алған қарапайым ауыл баласы уақыт өте келе, Олимпиада ойындарының, Азия додаларының куәгеріне айналып, қазақ оқырманына дүниежүзілік спорттың тынысын ана тілінде жеткізді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Нұрғазы Жаппарұлы 1966 жылдың 30 қарашасында Қарағанды облысындағы Саяқ-3 ауылында дүниеге келген. Балалық шағы мен мектеп жылдары Саяқ өңірінде өтіп, туған жердің табиғаты мен еңбек адамдарының тағдыры оның азаматтық көзқарасының қалыптасуына ерекше әсер етті. Орта білім алғаннан кейін әскери борышын Хабаровск өлкесінің Амур ауданында өтеп, өмір мектебінен шыңдалып оралды. Жастайынан ізденімпаздық пен еңбекқорлықты серік еткен ол Қарағанды политехникалық институтында білім алып, «Тау-кен геодезиясы және маркшейдерлік іс» мамандығы бойынша диплом иеленді. Студенттік шақтағы өндірістік тәжірибелерін туған жеріндегі Саяқ кенішінің «Тастау» карьерінде өткізіп, өндіріс тынысын терең меңгерді.

Еңбек жолын «Шұбаркөл» кенішінде бастап, көмір қоймасында ауысым мастері болып қызмет атқарды. Кейін Балқаш бағалы металдар зауытының аффинаж цехында жұмыс істеді. Алайда, оның жүрегін журналистикаға деген құштарлық әлдеқашан баурап алған еді. Студенттік кезеңнен бастап, облыстық және республикалық басылымдарға мақалалар жолдап жүрген жас талаптың қарымын тәжірибелі журналистер ерте аңғарды. Оның «Азия-Транзит» басылымында жарық көрген мақалаларының бірі бас редактор Айтбай Сәулебектің назарын аударып, ол арнайы іздеп келіп, болашағынан зор үміт күтетін жас журналисті Балқаштағы әріптестеріне таныстырады. Осылайша, Нұрғазы Жаппарұлы 1998 жылдың 20 маусымында «Балқаш өңірі» газетінде кәсіби журналистік жолын бастайды.

Бұл басылымда ол белгілі журналистер Оралбек Жүнісұлы мен Қуандық Сәденов­тің тәлімін алып, қаламгерлік шеберлігін шыңдайды. «Балқаш өңірі» газетінде тілші бола жүріп, қалам қуатымен республикаға таныла бастады. 2000 жылы көрнекті спорт қайраткері Несіп Жүнісбайұлының арнайы шақыртуымен Алматыға қоныс аударып, республикалық «Sport» газетінде қызмет атқарды. Осы уақыттан бастап, оның есімі қазақ спорт журналистикасымен тығыз байланыста атала бастады. 2004 жылы жаңадан құрылған «Айқын» қо­ғамдық-саяси газетінің спорт бөлімін басқарса, 2009 жылдан бастап «Алаш айнасы» газетінің спорт бөлімінің жетекшісі болды. Бұл жылдарда ол еліміздің белгілі журналистері мен қаламгерлері Ерлан Бекхожин, Бауыржан Омаров, Нұртөре Жүсіп, Серік Жанболат, Әділбек Қаба секілді тұлғалармен бірге қызмет етіп, олардың кәсіби тәжірибесі мен тағылымын бойына сіңірді.

Нұрғазы Сасаевтың журналистік қолтаңбасын даралайтын басты ерекшелік – жеделдік пен терең талдаудың үйлесімі. Ол спорт әлеміндегі жаңалықтарды құрғақ ақпарат күйінде жеткізумен шектелмей, әдеби тілдің өрнегімен көркемдеп, оқырманға әсерлі етіп ұсынуды мақсат тұтты. Сондықтан, оның мақалалары спорт сүйер қауымның ғана емес, жалпы оқырманның қызығушылығын тудырып келеді. 2016 жылы елордаға қоныс аударып, Астана футбол федерациясының ресми сайтында редактор болып қызмет атқарды. Қазақ тіліндегі бөлімнің мазмұнын байытып, сапалы ақпарат таратуға үлес қосты. Сонымен қатар, кәсіпқой бокстағы отандық промоутерлік компанияларға ақпараттық қолдау көрсетіп, республикалық газет-журналдар мен электронды ақпарат құралдарында спорт сарапшысы ретінде тұрақты түрде мақалалар жариялап келеді.

Нұрғазы Жаппарұлының кәсіби ғұмыры халықаралық спорт ареналарымен де тығыз байланысты. Ол қысқы және жазғы Олимпиада ойындарына, Азия ойындарына қатысып, әлемдік деңгейдегі жарыстардан тікелей ақпарат таратты. Қазақстан ұлттық құрамаларымен бірге көптеген мемлекеттерге сапар шегіп, жарыс алаңдарынан жедел репортаждар әзірледі. Оның мақалалары мен сараптамалары оқырманды оқиға ортасына жетелеп, спорттың шы­найы атмосферасын сезіндіре білді. Қазақ спорт журналистикасын дамыту жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, 2003 жылы Қазақстан спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Кейін Қазақстан спорт журналистері қауымдастығының вице-президенті болып сайланып, Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығына мүшелікке қабылданды.

Алпыс жас – асу. Бірақ, бұл белес Нұрғазы Жаппарұлы үшін тоқмейілситін меже емес, тәжірибесі толысқан, ойы кемелденген жаңа кезеңнің бастауы іспетті. Өйткені, спорт өзгерген сайын оны саралайтын, оның тарихын хаттайтын қалам иелеріне де сұраныс арта береді. Сол биіктен қарағанда, Нұрғазы Жаппарұлының қазақ спорт журналистикасында қалдырған қолтаңбасы мен қалыптастырған мектебі кейінгі буын үшін құнды мұра болып қала бермек.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button