Балқаш қаласында алғаш рет қазақ күресінен ересектер арасындағы «Сарыарқа барысы» облыстық іріктеу турнирі ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға Қарағанды облысының қала-аудандарынан жиналған таңдаулы балуандар қатысып, «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алу үшін өзара күш сынасады.

Салтанатты ашылу рәсіміне Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов, қалалық мәслихат төрағасы Ахат Муслимов және спорт ардагерлері қатысты.

Жарыс шымылдығы командалардың салтанатты шеруімен ашылды. Облыстың 13 командасы сап түзеп, ұлттық спорттың мерейін үстем ету жолындағы тартысты белдесулер басталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Балқаш қаласында тұңғыш рет өткізілген «Сарыарқа Барысы» турнирі қазақ күресін дамытуға және өңірдегі спортшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталған.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал, жарыстың бас жүлдесіне тігілген 1 миллион теңге үздік шыққан балуанға табысталады.
Нұрдос КӘРІМ
Ortalyq.kz






