Жаңалықтар

Қырғызстандық жастар көшбасшысы балқаштықтарға тәнті болды

«Balkhash Tour Fest» фестивалі аясында Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Балқаш өңірінде үш күнге созылатын Халықаралық еріктілер форумын ұйымдастыруда. Ауқымды жиынға әлемнің 17 елінен делегациялар қатысуда. Солардың қатарында Қырғыз Республикасынан келген делегация жетекшісі Нұрдоулет Намазбек те бар.

Суреттерді түсірген автор

Нұрдоулет Намазбектің айтуынша, бұл оның Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Екі күн бойы фестиваль бағдарламасына қатысқан қырғызстандық қонақ алған әсерімен бөлісіп, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Ең алдымен ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Біз Әзербайжан, Өзбекстан, Үндістан, Түрікменстан және басқа да елдерден келген жастармен танысып, тәжірибе алмастық. Қысқа уақыттың ішінде жақын араласып, достық қарым-қатынас орнаттық. Түрлі интерактивті ойындарға қатысып, мазмұнды уақыт өткіздік.
Фестивальдің басты ерекшелігі – әртүрлі мемлекеттен келген жастардың басын бір алаңға тоғыстырып, мәдени және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беруінде деп ойлаймын. Бұл – менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Оның үстіне Балқашқа тұңғыш рет табан тіреп отырмын. Осындай ауқымды халықаралық фестивальге қатысу мен үшін үлкен қуаныш әрі ұмытылмас тәжірибе болды, – деді Нұрдоулет Намазбек.

Форум соңында Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова шетелдік делегация өкілдеріне естелік сыйлықтар табыстап, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button