БАӘ-де 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынды
Біріккен Араб Әмірліктерінде 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды. Мұндай шешімді елдің Министрлер кабинеті қабылдады, деп хабарлайды Ortalyq.kz «Орда» Wam агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа заңға сәйкес, 15 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашып, оны пайдалана алмайды. Шектеу контент жариялауға, пікір қалдыруға, ашық топтарға қатысуға және өзге де функцияларға қатысты қолданылады.
15–16 жас аралығындағы жасөспірімдерге платформаларды пайдалануға рұқсат етіледі, алайда олардың аккаунттары қосымша шектеулермен жұмыс істейді. Әлеуметтік желілер бейтаныс пайдаланушылармен байланыс орнатуға қатысты бірқатар функцияларды өшіруге және ата-аналарға бақылау құралдарын ұсынуға міндеттеледі.
Сонымен қатар БАӘ билігі әлеуметтік желілерге қолданушылардың жасын нақты тексеру жүйесін енгізуді міндеттеді. Ол үшін цифрлық сәйкестендіру, биометриялық технологиялар және жасанды интеллектке негізделген құралдар пайдаланылуы мүмкін.
Құжатта кәмелетке толмағандардың деректерін жеке жарнама мен коммерциялық мақсатта қолдануға тыйым салынған. Жаңа талаптардың орындалуын БАӘ мемлекеттік реттеушілері бақылайды. Ережені бұзған платформаларға толық немесе ішінара бұғаттау сияқты санкциялар қолданылуы мүмкін.
Компанияларға жаңа талаптарды енгізу үшін 12 ай уақыт берілді.
Соңғы уақытта цифрлық платформаларды бақылау мәселесі Қазақстанда да жиі талқыланып жүр.
Жуырда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу бастамасын жариялаған болатын.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



