Жаңалықтар

Теміртау қаласының тұрғыны мүгедектігі бар жандарға арналған тегін футбол жаттығуларын өткізуде

Теміртау қаласының тұрғыны Алмаз Асылбеков денсаулығында ерекшеліктері бар балалар мен ересектердің спортпен тегін айналысуына мүмкіндік беретін әлеуметтік жобаны іске қосты. Футбол алаңында қатысушылар жаттығып қана қоймай, жаңа достар тауып, командада жұмыс істеуді үйреніп, өздеріне деген сенімділігін арттырады.

Сурет облыстық әкімдіктен

Алмаздың өзі спортпен көп жылдан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, бұл жобаны бастауға жеке өмірлік тәжірибесі себеп болған.

— Менің де денсаулығымда белгілі бір шектеулер бар. Соған қарамастан, спорт әр адам үшін қолжетімді болуы керек деп есептеймін. Көптеген отбасылардың ақылы секцияларға қатысуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан денсаулығында ерекшеліктері бар адамдар футболмен тегін айналысып, араласып, өздерін команданың бір бөлшегі ретінде сезіне алатын орта құруды жөн көрдім, — дейді Алмаз.

Өткен жылдың басында ол Қазақстан футбол федерациясының D санатындағы жаттықтырушы сертификатын алған. Ал мамыр айында алғашқы топты жинай бастады. Қазір команда құрамында тоғыз адам жаттығады.

Жаттығуларға денсаулығында шектеулері бар балалар мен ересектерді шақырады.

— Әр қатысушыны оның мүмкіндіктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, жеке қарастырамыз. Қазіргі уақытта тек ұлдармен және ер азаматтармен жұмыс істейтіндіктен, топқа қыз балалар қабылданбайды, — деп түсіндірді жаттықтырушы.

Жаттығуға қатысу үшін дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы медициналық анықтама және жеке куәліктің немесе туу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет.

Жаттығулар аптасына екі рет — сәрсенбі және жұма күндері сағат 18:00-ден 19:30-ға дейін Теміртау қаласының 70-ші орамындағы №2 үйдің жанындағы футбол алаңында өтеді.

Қосымша ақпарат алу немесе жаттығуларға жазылу үшін жобаның inclusivefootball.temirtau Instagram-парақшасына хабарласуға болады.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button