24 сағаттық кітапхана қажет
Қазіргі қоғам тәулік бойы қозғалыста. Дүкендер мен дәріханалар, дәмханалар мен қызмет көрсету орындары 24 сағат қызметте. Алайда, адам санасын байытып, рухани көкжиегін кеңейтетін білім мен кітапқа келгенде жағдай өзгеше. «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдайтын әрі кітап оқуға қызығатын жандардың кез келген уақытта кітапханаға барып жұмыс істеуіне мүмкіндік бар ма? Түнгі қалада жарқыраған дәмханалар көп болғанымен, білімнің шамы жағылған кітапханалар неге аз? Тарқатайық…

«Білім – таусылмас қазына» дейміз. Ал, сол қазынаның кілті – кітап екендігін ұмытпағанымыз жөн. Ғасырлар бойы адамзат ақыл-ойының жемісін сақтап келген кітап бүгін де өз құнын жоғалтқан жоқ. Оған дәлел – соңғы жылдары Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде жиі көтеріліп жүргендігі.
Десек те, кітап оқуға шақыру мен кітап оқуға жағдай жасаудың арасы жер мен көктей. Кез келген бастаманың нәтижесі оның жүзеге асуына қажетті амалдардан тұратыны хақ. Егер адам кітап оқығысы келсе, оған қолжетімді мүмкіндік бар ма? Студент түнгі уақытта емтиханға дайындалғысы келсе немесе зерттеуші ғылыми жұмысын жалғастырғысы келсе, ол қайда бара алады? Мәселенің мәні де осында.
Өңірде тәулік бойы жұмыс істейтін қоғамдық кітапханалар әзірге саусақпен санарлық. Бұл міндетті негізінен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің кітапханалары ғана атқарып отыр. Университет қабырғасындағы филология, тарих және педагогика факультеттерінің кітапханалары студенттер үшін тәулік бойы ашық.
Аталған жоғары оқу орнындағы кітапханаларды аралау барысында олардың кітап сақтау орны емес, білім мен ізденістің орталығына айналғанын байқадық. Әсіресе, филология факультетінің кітапханасы мазмұндық тұрғыдан бай қорымен ерекшеленеді. Мұнда тіл білімі, әдебиеттану, философия және психология салалары бойынша әдебиеттер жинақталған. Сонымен қатар, энциклопедиялар, анықтамалықтар, сөздіктер мен сирек кітаптар қоры сақталған.
Сондай-ақ, кітапхана ішіне енгенде ерекше тыныштық пен ізденіс рухы сезіледі. Бір студент ғылыми мақаласын жазып отырса, екіншісі алдағы емтиханға дайындалуда. Заманауи компьютерлер мен электронды жүйелер кітапхананың бүгінгі заман талабына сай қызмет атқарып отырғанын көрсетеді.
Университеттің ғылыми кітапхана директоры Гаухар Қуанышқызының айтуынша, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларға сұраныс жоқ емес.
– Қазіргі таңда филология, тарих және педагогика факультеттерінің кітапханалары тәулік бойы жұмыс істейді. Студенттердің демалысына байланысты келушілер саны азайғанымен, оқу кезеңінде оқырмандар көп. Сондықтан, мұндай жұмыс форматына қажеттілік бар, – дейді ол.
Гаухар Қуанышқызы шетелде кітап оқу мәдениеті жоғары екенін айтады.
– Нидерландқа барған сапарымда кітап оқу мәдениетінің қаншалықты жоғары деңгейде екенін көрдім. Университет кітапханалары оқырманға толы. Кез келген орында кітаптар бар. Адамдар кітапты арнайы міндет ретінде емес, күнделікті өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдайды, – дейді кітапхана директоры.
Кітапхана басшылығының айтуынша, университеттің бас ғимаратында жаңа үлгідегі заманауи кітапхана ашу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда кітапхана техникалық құралдармен жабдықталып, тәулік бойы қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылмақ. Бұл өңірдегі кітап оқу мәдениетіне тың серпін беретін бастамалардың бірі болмақ.
Сайып келгенде бүгінгі таңда қоғам уақыт тапшылығын жиі алға тартқанымен, білімге ұмтылған жан үшін уақыт шектеу болмайды. Дәл осы тұрғыдан алғанда тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалар – заман талабынан туындаған қажеттілік. Себебі, интеллектуалды ұлт кездейсоқ қалыптаспайды. Ол – білімге қолжетімділік пен үздіксіз ізденістің нәтижесі. Экран жарығы үстемдік құрған дәуірде кітап шамын сөндіріп алмау – баршамызға ортақ міндет.
Зарина АЙТЖАН,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



