Жаңалықтар

Болашақ чемпиондар ұясы

Көмірлі өңірдің спорттық серпіні бүгінде тек облыс орталығымен шектелмей, іргелес жатқан аудандарда да кеңінен қанат жайып келеді. Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында бұқаралық спортты дамыту және қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында көптеген заманауи спорт кешендері салынып, пайдалануға берілуде. Мұндай кешендер ірі қалаларда да, ауылдық аймақтарда да ашылып жатыр. Соның бірі – Бұқар жырау ауданында жемісті жұмысы істеп тұрған «Арлан» дене шынықтыру – сауықтыру кешені. Бұл нысан бүгінде аудандағы бұқаралық спортты дамытудың ошағына айналған.

Сурет автордан

Аудандағы кешен, екі жыл бұрын қолданысқа берілген.

– «Арлан» спорт кешені 2025 жылдың 13 қаңтарынан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде заманауи спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Спорт кешенінде армрестлинг, асық ату, бокс, бес асық, волейбол, қазақ күресі, садақ ату және үстел теннисі секциялары бар. Кешенде 8 кәсіби жаттықтырушы, 223 жасөспірімді спортқа баулиды. Тәлімгерлердің біліктілігі мен жүйелі жұмысының арқасында жергілікті спортшылар аудан, облыс және республикалық деңгейдегі жарыстарда биік белестерді бағындырып келеді. Мәселен, қазақ күресі бөлімінің жас балуандарының қанжығасы облыстық және республикалық турнирлерден ал, волейболдан қыздар командасы былтыр облыс чемпионы атанған. Сонымен қатар, садақ ату үйірмесінің үш бірдей мергені жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетіп, ел чемпионатына жолдама жеңіп алды. Алдағы уақытта осы кешенді дамытып, қосымша залдар ашу қарастырылуда, – дейді кешен директоры Ерұлан Кузайфайұлы.

Әрине, мұндай толағай табыс артында толассыз төгілген тер мен қажырлы еңбек бар. Бұқаралық спортты өрге сүйреп, ауыл балаларының бойындағы табиғи дарынды дөп басып тани білетін білікті бапкерлердің еңбегі ерен. Олар әр шәкірттің тек физикалық дайындығына ғана емес, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиет пен жеңіске деген мұқалмас жігерді қалыптастыруға баса назар аударады.

Бүгінде жас буынды бокс спортының қыр-сырына баулып, талай чемпиондарды тәрбиелеп жүрген кешеннің білікті жаттықтырушы Арман Шалғынбаев бұл жетістіктердің басты сырымен бөліскен еді.

– Жалпы, жас спортшылардың жетістікке жетуі ол тәртіпті ұстану, уақытылы дайындалуына байланысты. «Арлан» спорт кешенінде оқушыларға барлық жағдай жасалған. Балаларымыз облыстық жарыстан жүлделі болып оралды. Ұлытау облысында өткен республикалық турнирде I орынды иеленді. Сондай-ақ, Астана қаласында өткен халықаралық турнирде 8 боксшымыз II және III орындарға ие болды. Қазір біздің спортшыларымыз шетелге жарысқа баруға дайындықты бастап кетті, – деді Арман Ғалымұлы.

Ұлағатты ұстаздан үлгілі шәкірт озады демекші, тәжірибелі бапкерлердің тәлімін көріп, боз кілем мен спорт алаңдарында шыңдалған жас жеткіншектердің де тәлімгерлеріне айтар алғысы шексіз. Кешенде шынығып, үлкен додаларда аудан намысын қорғап жүрген жас спортшының бірі – Саян Жанатай.

– Спортта жүргеніме биыл он жылдың көлемі. Қазіргі таңда дзюдо мен қазақ күресінен спорт шеберіне үміткермін. Осы уақыт аралығында бірнеше рет облыс чемпионы атандым. Мен үшін жетістіктің бірі – биыл, яғни, 2026 жылы Египетте дзюдодан өткен халықаралық турнирде бақ сынап, III жүлделі орынды иеленуім болды. Бұл жеңіс зор жауапкершілік жүктейді. Жаттығуды еселеп, бұдан да биік шыңдар мен белестерді бағындырып, еліміздің Көк Туын әлемдік ареналарда желбірету, – дейді Саян Сайранұлы.

Жастықтың жалыны мен спорттың бәсекелес рухы тоғысқан бұл кешен – бүгінде Бұқар жырау ауданының нағыз мақтанышына айналды. Аудан спортының тамырына қан жүгірткен осынау заманауи орталықтан алдағы уақытта да халықаралық ареналарда көк байрағымызды желбірететін, Арқаның атын әлемге танытатын саңлақтардың шығарына сенімі кәміл.

Адель АСАНОВА,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button