Джеки Чан қатысатын фильмнің түсірілімі Маңғыстауда басталды
Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Jackie Chan қатысатын халықаралық «Құдай сауыттары 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды. Жобаның алғашқы кадрлары өңірдің бірегей табиғи ландшафтары аясында түсірілген.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде Маңғыстаудағы әйгілі Бозжыра шатқалы таңдалған. Өзінің ғажайып әрі «марстық» пейзаждарымен танымал бұл мекен халықаралық кинотуындының басты көріністеріне арқау болады.
Бұған дейін Джеки Чанның Алматы келгені айтылған. Кейін актер Қазақстанға фильм түсірілімінің локацияларын зерттеу мақсатында келгенін мәлімдеген еді.
«Құдай сауыттары: Ультиматум» фильмінің режиссері болып қазақстандық Роберт Кун бекітілді. Бұл шешімді Джеки Чанның өзі қолдаған. Жаңа картина аты аңызға айналған франшизаның төртінші бөлімі болмақ.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымды халықаралық жобаның Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына серпін беріп, Маңғыстаудың туристік әлеуетін әлемге танытуға мүмкіндік ашады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



