АЭС салу өңірлік инфрақұрылымды дамытуға жол ашады
https://www.gov.kz/memleket/entities/atom-energiyasy Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ.

Соңғы жылдары елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын орта есеппен 3-4 пайызға артып келеді. Әсіресе, жоғары өсім оңтүстік өңірлерде байқалады. Қазіргі таңда бұл аймақтардағы электр энергиясына деген сұраныстың едәуір бөлігі Солтүстік энергетикалық аймақтан жеткізілетін ағындар арқылы қамтамасыз етіледі. Осындай жағдайда атом электр станциясының құрылысы елдің энергиямен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді.
Жоба өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етпек. АЭС-ті салу және кейіннен пайдалану кезеңдерінде мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар кәсіби оқыту бағдарламалары кеңейіп, жоғары білікті техникалық мамандар даярлау ісі жанданады.
Атом энергетикасын дамыту іргелес аумақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін береді. Атап айтқанда, автомобиль жолдары, электр және сумен жабдықтау желілері салынып, жаңартылады. Сондай-ақ мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуы жүзеге асырылады. Бұл өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады әрі жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Болжам бойынша, Алматы облысында АЭС салу жобасын іске асыру 2030 жылға қарай шамамен 5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал 2032 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары ең жоғары қарқынға жеткен кезеңде тартылатын мамандар саны 10 мың адамға жуықтайды.
Станция пайдалануға берілгеннен кейін, 2035 жылы тұрақты негізде 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Оның ішінде 600-ге жуық қызметкер жоғары білімді, 550 маман арнаулы орта білімді және 850 қызметкер бейінді техникалық білімді болады.
Мамандардың пікірінше, мұндай мультипликативтік әсер кейінгі атом электр станцияларын салу жобалары барысында да сақталады. Бұл Қазақстанда жаңа жоғары технологиялық саланың қалыптасуына, білікті кадрлар даярлауға және адами капиталдың ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



