Болашақ отбасы жылуымен нұрланады
Қазіргі ата-аналар «Баланың киімі бүтін, оқу ақысы төленсе, жауапкершілікті толық орындадым» деп есептейтіні жасырын емес. Баланың қымбат үйірмелерге барып, қымбат гаджет ұстауы оның бақытты екенін білдірмейді. Көптеген отбасында бала мен ата-ана арасында рухани алшақтық қалыптасқан. Бала үйге келгенде одан: «Бүгін қандай баға алдың?» деп қана сұраймыз. Бірақ, «Бүгін көңіл күйің қалай болды?», «Сені ешкім ренжітпеді ме?» деген ең маңызды сұрақты қоймайды екенбіз. Бала үйінде ата-анасынан жылу сезінбеген соң ішкі зарын зиянды әрекеттерге бағыттайды.

Қазіргі таңда біз материалдық тұрғыдан ең қолайлы заманда өмір сүріп жатырмыз. Балалардың қарны тоқ, көйлегі көк. Қолында соңғы үлгідегі ұялы телефон. Бірақ, сырттай бәрі бүтін көрінгенімен, іштей іріп жатқан дүние көп. Бүгінгі қазақ қоғамында балалардың жан дүниесі бұрын-соңды болмаған дағдарыста.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид пен оған әрекет жасау көрсеткіші ТМД көлемінде жоғары шекте. Ең қорқыныштысы – қатарластарынан қысым көру. Мысалы, буллинг пен кибербуллингке ұшырайтын мектеп оқушыларының үлесі 20 пайыздан асады. Бұл дегеніңіз, әрбір бесінші бала мектепте немесе әлеуметтік желіде моральдық қысым көріп жүр деген сөз. Бұған қоса, заманауи трендке айналған «Экранға тәуелділік» (цифрлық аутизм) балалардың шынайы өмірмен байланысын үзіп тастады. Салдарынан жасөспірімдер арасындағы агрессия, үрей және депрессия деңгейі соңғы бірнеше жылда 35 пайызға өскен.
– Бұрын біздің қоғамда «Психологқа тек жүйкесі ауыратындар барады» деген жаңсақ түсінік болды. Тіпті, қазірдің өзінде ауылдық жерлерде немесе шағын қалаларда ата-аналар баласының мінезі өзгерсе, оны мамандарға апарудың орнына «еркелік, «өтпелі кезең деп елеусіз қалдырады. Немесе «ұят боладыға» салып, мәселені жасырады. Алайда, бүгінгі таңда балалар психологы сән емес, бала өмірін аман алып қалудың төте жолы. Бала өзінің ішкі қорқынышын, қысым көріп жүргенін ата-анасына айта алмауы мүмкін. Кәсіби психолог баланың сурет салу мәнерінен, мінез-құлқының кілт өзгеруінен-ақ дабыл белгілерін (суицидальды мінез-құлық, зорлық-зомбылық белгілері) бірден анықтайды. Мамандар қазіргі балалар эмоцияны тануды және оны дұрыс шығаруды білмейді, – деді психолог, PhD, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың қауымдастырылған профессоры Салтанат Смағұлтегі.
Психолог баланы агрессияны сыртқа агрессиясыз шығаруға, күйзеліске төтеп беруге үйретеді. Ата-ана мен бала арасындағы «алтын көпір». Көп жағдайда мәселе баланың өзінде емес, мәселе отбасындағы атмосферада. Психолог тек баламен емес, ата-анамен де жұмыс істеп, үйдегі кикілжіңнің алдын алу қажет екенін айтады мамандар. Одан бөлек, қоғамда тағы бір күрделі мәселенің бірі – маман тапшылығы.
– Бүгінде аудандық және ауылдық жерде психолог мамандардың саны жеткілікті деп айту қиын. Әсіресе, шалғай ауылдарда білікті психологтарға деген сұраныс жоғары болғанымен, маман тапшылығы әлі де байқалады. Кейбір білім беру ұйымдарында бір психолог жүздеген балаға қызмет көрсетеді. Бірнеше мекемеге қатар жауапты болады. Орта есеппен мектеп психологына жүздеген оқушыдан келеді. Мұндай жүктеме әр баламен жеке әрі сапалы жұмыс жүргізуге белгілі бір деңгейде кедергі келтіруі мүмкін. Психологиялық көмек тек құжат жүргізумен немесе бір реттік әңгімелесумен шектелмеуі тиіс. Әрбір балаға уақыт бөліп, оның эмоционалдық жағдайын бақылап, ата-аналармен және педагогтермен бірлескен жұмыс жүргізу қажет. Сапалы психологиялық қолдау көрсету үшін психологтардың санын ғана емес, олардың кәсіби дамуына жағдай жасап, жұмыс жүктемесін оңтайландыру да маңызды. Балалардың психологиялық қауіпсіздігі мен әл-ауқаты қоғамның назарында болғанда ғана бұл бағыттағы жұмыстар тиімді нәтиже береді, – деді Ж.Тәшенев атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-психологі Толқын Хажат.
Сонынмен қатар, маман ауылдық жерлердегі психолог мамандардың жетіспеушілігін шешу үшін бірнеше бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет екенін баса айтты. Ең алдымен, жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту үшін әлеуметтік қолдау шараларын күшейту қажеттігін жеткізді.
– Ауылдық мектептерде жұмыс істейтін психологтардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуі керек. Олар үшін тұрақты оқыту курстарын, семинарлар мен тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру тиімді болар еді. Қазіргі цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, онлайн-консультациялар, қашықтан психологиялық қолдау көрсету жүйесін дамыту да өзекті. Бұл шалғай елдімекендердегі балалар мен ата-аналардың кәсіби көмекке қолжетімділігін арттырады. Ең бастысы, психолог қызметінің маңыздылығын қоғам деңгейінде түсініп, мамандарға қажетті жағдай жасау қажет, – деді Толқын Хажат.
Баланың жаны – нәзік шыны. Оны бір рет шытынатып алсақ, қайта құрау қиын. Баланы материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіп қана қоймай, оның психикалық саулығына жауапкершілікпен қарау заман талабы. «Баламның тәрбиесіне өзім де жетемін» деген соқыр сеніммен бүгінгі заманның ақпараттық ағымы мен қысымын жеңу мүмкін емес. Егер, балаңыздың болашағы жарқын, рухы мықты болсын десеңіз, оның жанында кәсіби психологтың болуын «ұят» көрмеңіз. Өйткені, уақытында айтылмаған сөз, дер кезінде көрсетілмеген көмек, ертең орны толмас өкінішке айналуы мүмкін.
Камила ЖЕКСЕНБИНА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



