Бас тақырып

Халық игілігіне бастар жол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде әділ бәсекелестік қағидаттарын қалыптастыруды, ішкі сауданы дамытуды, отандық өндірушілерді қолдауды және азаматтардың құқықтарын қорғауды тұрақты түрде назарда ұстап келеді.
Осы міндеттер аясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында департамент басшысы Абзал Жұпарұлы 2026 жылдың алғашқы бес айындағы қызмет қорытындыларын жариялап, аймақтағы сауда саласының жай-күйі, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік бақылау және отандық өндірушілерді қолдау бағытында атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

Суреттер ЖИ

Әділ сауда һәм тұтынушы құқығын қорғау

Департамент басшысы Абзал Жұпарұлының айтуынша, ведомство қызметінің мақсаты – ішкі сауданы дамыту, адал сауда қағидаттарын орнықтыру, тұтынушылардың заңмен қорғалған құқықтарын қамтамасыз ету.

Соңғы жылдары тұрғындардың құқықтық сауаттылығы айтарлықтай артып келеді. Бұған азаматтардың өз құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға белсенді жүгінуі дәлел.

2026 жылдың басынан бері облыс бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1409 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 1063 өтінішпен салыстырғанда 24,6 пайызға көп.

Мамандар мұны халықтың құқықтық мәдениетінің артуымен және азаматтардың өз құқығын қорғауға деген сенімінің күшеюімен байланыстырады.

Әсіресе, цифрлық сервистер арқылы жүгіну көрсеткіші айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, «E-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 946 өтініш қабылданса, былтыр бұл көрсеткіш 497 болған. Яғни, электрондық платформа арқылы келіп түскен өтініштер саны шамамен екі есеге артқан.

Сонымен қатар, департаменттің сенім телефонына 177 азамат хабарласып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша кеңес алыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Ал, жеке қабылдауға келген азаматтар саны 226 адамды құрады. Өткен жылы мұндай қабылдауға 244 адам қатысқан.

Мамандардың пікірінше, жеке қабылдау санының азаюы мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы мен электрондық байланыс арналарының қолжетімділігінің артуымен байланысты.

Ең бастысы – азаматтардың өтініштері нақты нәтиже беруде. Есепті кезеңде түскен өтініштердің 77,4 пайызы немесе 1091 өтініш бойынша оң шешім қабылданды.

Департамент жұмысының ти­ім­ділігін көрсететін тағы бір маңызды көрсеткіш – тұтынушыларға қайтарылған қаражат көлемі. Биылғы бес айда тұрғындарға жалпы сомасы 99,7 миллион теңге қайтарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.

Бұл көрсеткіш азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімді жұмыс істеп жатқанын және мемлекеттік орган тарапынан жүргізілген жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.

– Бүгінде тұтынушылар өз құқықтарын бұрынғыдан әлдеқайда жақсы біледі. Біз үшін әрбір өтініште нақты адамның мәселесі тұрғанын түсіну маңызды. Сондықтан, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға басымдық береміз. Тұтынушыларға қайтарылған қаражат көлемінің екі есеге артуы – жұмысымыздың нәтижелілігін көрсететін маңызды көрсеткіштің бірі, – деді департамент басшысы Абзал Жұпарұлы.

Халық пен бизнес субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында департамент заңнаманы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Бұл бағытта азаматтарға олардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптары жөнінде кеңестер беріледі.

Есепті кезеңде облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар ақпараттық материалдар мен телесюжеттер жарияланды. Сонымен қатар, халық көп жиналатын орындарда және сауда үйлерінде ашық есік күндері ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, құқықтық кеңеске жүгінді. Ал, кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтау бойынша түсіндірмелер берілді.

Баға тұрақтылығы мен заңнаманың сақталуын бақылау

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықтағы тәртіпті қамтамасыз ету департаменттің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асыру фактілері үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 5-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген. Ал, заң бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 10-нан 300 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды.

Өткен жылдың соңында қабылданған маңызды шешімдердің бірі – әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары тізімінің кеңейтілуі. 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрыққа сәйкес, бұл тізбе 19 атаудан 31 атауға дейін ұлғайтылып, 2026 жылғы 4 қаңтардан бастап күшіне енді.

Бұл шара халық тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау аясын кеңейтуге және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты департамент сауда субъектілері арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты мониторинг ұйымдастыруда.

Жыл басынан бері өткізілген өңірлік комиссияның 39 отырысында баға динамикасы, нарықтағы ахуал және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігі мәселелері қаралған.

Сонымен бірге, «Шығыс», «Самал» және «Алтын Арба» базарларында арнайы бақылау іс-шаралары ұйымдастырылып, сауда және салық заңнамасын бұзудың бірнеше фактісі анықталып, 21 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заң бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті нұсқамалар берілді.

Жалпы алғанда, жыл басынан бері сау­да заңнамасын сақтау мәселесі бойынша 115 бизнес субъектісі тексерілсе, оның ішінде, 32 көтерме жеткізуші, 6 супермаркет және 67 шағын сауда нысаны бар. Тексеру қорытындысы бойынша 105 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заң бұзушылықтардың ішінде әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырудың 76 фактісі анықталып, 29 жағдайда тауарлардың теңгемен көрсетілген баға белгілерінсіз сатылғаны белгілі болды.

Мемлекеттік бақылау бағытында жүргізілген жұмыстар барысында 7 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 291 938 теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек бір ескерту беріліп, үш заң бұзушылықты жою туралы нұсқама шығарылды.

Ал, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген нұсқамаларды орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-тармағына сәйкес, сот шешімімен үш әкімшілік құқық бұзушыға жалпы сомасы 1 миллион 35 мың 250 теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Баға тұрақтылығы мәселесі әр отбасының тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді. Сол себепті, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын бақылау жұмысымыздағы маңызды бағыттың бірі. Кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, заң талаптарының сақталуына ерекше назар аударамыз. Әділ сауда қағидаттарын сақтау – тұтынушының да, кәсіпкердің де мүддесіне сай келеді, – деді Абзал Жұпарұлы.

«Сапалы өнім» жобасы һәм отандық өндірісті қолдау

Тұтынушыларға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну мақсатында облыста «Сапалы өнім» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында құзыретті мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер бірлесіп жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдерін таңбалау талаптарын бұзудың 23 фактісі анықталған.

Тексеру барысында кейбір сауда субъектілерінің өнімдерді қажетті таңбалау ақпаратсыз сатуға жол бергені белгілі болды. Мұндай жағдайларда тұтынушылар өнімнің құрамы, жарамдылық мерзімі, өндірушісі және басқа да маңызды мәліметтер туралы толық ақпарат ала алмайды.

Осыған байланысты санитариялық-­эпидемиологиялық бақылау органдары тарапынан өнімдерді айналымнан алып қою және кері қайтарып алу бойынша жедел әрекет ету шаралары қабылданды. Сонымен бірге, заң бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті нұсқамалар берілді. Қазір анықталған барлық заң бұзушылықтар толық жойылған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сауда объектілерінде тиісті тауар санаттары бойынша кемінде 30 пайыз отандық өндіріс өнімдері болуы тиіс.

Осы жылы департамент, Кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігі және өңірдегі ірі сауда желілері арасында отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Ал, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап, аймақта отандық өнімдерді ілгерілетуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылды. Жоба Қарағанды қаласындағы «NormaN» және «Корзина» супермаркеттерінде жүзеге асырылып жатыр.

Пилоттық жоба әзірге өнімнің бір түріне – ірімшікке қатысты қолға алынған. Қазақстандық өндірістегі ірімшіктер арнайы визуалды белгілермен және навигациялық құралдармен ерекшеленіп көрсетілген. Бұл отандық өнімдерді дүкен сөрелерінен тез әрі оңай табуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында мінез-құлықтық тәсілдердің тұтынушылардың таң­дауына қалай әсер ететіні де зерттелмек. Мамандар бұл тә­жірибе жергілікті өнімдерге деген қызығушылықты арттыруға жә­не отандық өндірушілердің нарықтағы үлесін көбейтуге ықпал етеді деп күтуде.

Айжан БЕЙБІТ,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button