Спорт

Доп додасының дүбірі

Төрткүл дүние тағатсыздана күткен футболдан әлем чемпионатының басталуына санаулы сағаттар ғана қалды. FIFA ұйымдастыратын дүбірлі дода биыл бірнеше тарихи жаңалығымен ерекшеленбек. Алғаш рет әлем чемпионаты бір мезетте үш елде, яғни, АҚШ, Мексика және Канада аумағында 16 стадионда өтеді. Сондай-ақ, турнир тарихында тұңғыш рет қатысушылар саны 48 құрамаға дейін ұлғайтылған. Ал, дүбірлі доданың ақтық бәсекесі 19 шілдеде, Ист-Ратерфорд қаласындағы (АҚШ) MetLife Stadium аренасында өтеді деп жоспарланған.

Сурет Fifa.com

Биылғы әлем чемпионаты бірнеше көрсеткіш бойынша тарихи рекордтарды жаңартқалы тұр. 1930 жылы өткен алғашқы дүниежүзілік біріншілікке небәрі 13 құрама қатысса, биыл бұл көрсеткіш 48 командаға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, турнир тарихындағы матчтар саны да рекордтық деңгейге жетті. Бір айдан астам уақытқа созылатын дүбірлі дода аясында жанкүйерлер жалпы саны 104 кездесудің куәсі болады.

Дүбірлі доданың басты ерекшеліктерінің бірі – жарыс форматының жаңаруы. Топтық кезеңде 48 құрама төрт командадан құралған 12 топқа бөлінеді. Әр топта алғашқы екі орын алған құрамалар плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады. Ал, ІІІ орын алған командалардың арасындағы үздік сегіз құрама да жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болады. Осылайша, турнирдің шешуші кезеңі алғаш рет 1/16 финалдан басталып, чемпиондық жолындағы тартысты бәсекенің ауқымын одан әрі арттыра түспек.

Букмекерлік кеңселердің болжамы бойынша, биылғы әлем чемпионатында жеңімпаз атануға басты үміткерлер қатарында қазіргі әлем чемпионы Аргентина құрамасы, сондай-ақ, Франция, Испания, Англия және Бразилия құрамасы бар. Соңғы жылдары халықаралық аренада тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген бұл құрамалар турнир фавориттері саналады. Ал, футбол сарапшылары биылғы додада тосын нәтиже көрсетуі мүмкін командалар ретінде Норвегияны, Марокконы, Сенегалды және әлем чемпионатына алғаш рет қатысатын Өзбекстан құрамасын қосып атап отыр. Әсіресе, Өзбекстанның тарихи жетістігі Орталық Азия футболы үшін маңызды оқиға ретінде бағалануда.

Матчтардың өту уақыты қазақстандық футбол жанкүйерлерін аса қуанта қойған жоқ. Себебі, Солтүстік Америкада ұйымдастырылатын әлем чемпионатының көптеген кездесулері Қазақстан уақыты бойынша түн ортасында, таңға жуық немесе жұмыс күнінің басталуымен тұспа-тұс түсіп тұр.

Турнирдің алғашқы кездесуі Мексика мен Оңтүстік Африка құрамасы арасында өтпек. Матч Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өтеді. Қазақстан уақыты бойынша ойын 11-інен 12-сіне қараған түні сағат 00:00-де басталады. Қазақстандық жанкүйерлер әлем чемпионатының барлық қызығын Qazaqstan және Qazsport телеарнасы арқылы тамашалай алады. Ендеше, төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы бірге тамашалап, әлем футболының ең айтулы сәттеріне куә болайық!

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button