Президент «Digital Qazaqstan» стратегиясын бекітті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық цифрландыру және жасанды интеллект стратегиясын бекітті. Құжат елдің технологиялық дамуының негізгі бағытын айқындап, мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік саланы цифрлық трансформациялауды көздейді.

Стратегия аясында жасанды интеллектті кеңінен енгізу, өнеркәсіп, энергетика, логистика және басқа да салаларды цифрландыру жоспарланған. Нәтижесінде 2029 жылға қарай экономикаға қосымша серпін беріліп, халықаралық инвестициялар көлемі артады деп күтілуде.
Құжат үш негізгі бағытты қамтиды: азаматтарға ыңғайлы әрі проактивті мемлекеттік қызметтерді дамыту, бизнестің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту және мемлекеттік аппаратты деректерге негізделген басқару жүйесіне көшіру.
Сондай-ақ стратегия шеңберінде жасанды интеллект экожүйесі қалыптастырылып, «AI Hub» жобасы іске асырылады. Бұдан бөлек, киберқауіпсіздікті күшейту, ақылды қалаларды дамыту және азаматтарды онлайн-алаяқтықтан қорғау шаралары қарастырылған.
Билік өкілдерінің айтуынша, «Digital Qazaqstan» Қазақстанның технологиялық тұрғыдан дамыған елдердің қатарына қосылуына және жасанды интеллект дәуіріндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



