АймақБас тақырыпҚарағанды

Нұрлан Дулатбеков: «Қымыз – ұлттық кодтың бір бөлшегі»

Қарағанды зерттеу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің айтуынша, Қарқаралы төрінде өтіп жатқан «Байқымыз» фестивалінің мәні тек мерекелік шарамен шектелмейді.

Суреттерді түсірген автор

– Ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту – өрелі іс. Соның ішінде бүгінгі «Байқымыз» мейрамының қасиетті Қарқаралы топырағында өтіп жатқанына ерекше қуаныштымыз. Таңертеңнен бері халықтың ықыласын, пейілін көріп отырмыз. Жұрттың көп жиналуы, жастардың қызығушылығы – ұлттық құндылықтарға деген құрметтің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Профессордың пайымынша, қымыз – қазақтың тұрмыс-тіршілігімен, болмысымен біте қайнасқан қасиетті сусын. Ол тек шөл қандыратын тағамдық өнім емес, ұлттың өмір салтын, табиғатпен үндестігін, көшпенді өркениеттің мәдениетін танытатын құндылық.

– Қымыз – біздің ұлттық кодымыздың бір бөлшегі. Ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізу, оның қадірін түсіндіру – бәрімізге ортақ міндет. Ұзақ уақыт бойы кейбір ұлттық құндылықтарымыз тұрмыстан ысырылып, ұмытыла бастағаны рас. Енді соны қайта жаңғыртып, халықтың санасына сіңіруіміз керек. Мұндай фестивальдер сол мақсатқа қызмет етеді, – деді ол.

Нұрлан Дулатбеков фестиваль атауының өзінде де терең мағына жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Байқымыз» ұғымы тек мол дастарқанды немесе өнімнің көптігін білдірмейді. Бұл – елдің рухани байлығына, ұлттық санасына, ішкі берекесіне ишара жасайтын атау.

– «Байқымыз» дегеннің өзінде үлкен мән бар. Бай болғанымыз – бәріміз үшін ортақ мақсат. Ел бай болсын, халық бай болсын. Бірақ байлықты тек материалдық өлшеммен шектеуге болмайды. Ең алдымен, рухани дүниеміз бай болуы керек. Егер рухани бай болсақ, біз ешнәрседен кем болмаймыз, ешнәрседен ұтылмаймыз, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Оның сөзінше, ұлттық болмысын сақтаған, дәстүрін қадірлеген, рухани тамырынан ажырамаған ел ғана заман ағымына төтеп бере алады. Сондықтан Қарқаралыдағы қымыз мерекесі ауыл шаруашылығы немесе туризм саласындағы шара ғана емес, ұлттық сананы серпілтетін мәдени-рухани оқиға ретінде бағалануы тиіс.

– Мұндай игі бастамалардың қасиетті Қарқаралы жерінде өтуі де тегін емес. Бұл өңірдің тарихы терең, табиғаты көркем, рухани салмағы бөлек. Сондықтан бүгінгі фестиваль халықтың басын қосып қана қоймай, ұлттың ұмытылмас құндылықтарын қайта еске салып отыр. Осындай шаралар көбейе берсе, жас ұрпақ өз тамырын тереңірек таниды, – деді Нұрлан Дулатбеков.

Мағжан Құдайберген
Нұрасыл АМАНЖОЛ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button