АбайАймақЖаңалықтар

Қыс қапы қалдырмас үшін

«Абайлық жылу жүйелері» ЖШС жылумен жабдықтау саласындағы қызметті атқарып, тұтынушыларға жылу энергиясының үзіліссіз және сенімді берілуін қамтамасыз етеді. Оның қызмет көрсету аймағына Абай қаласы мен Топар кентінің жылу жүйелері, Южный кентінің қазандығы кіреді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Өткен жылдың жылыту маусымы Абай ауданында 2025 жылдың 27 қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың 24 сәуірінде аяқталған еді. Осы есепті мерзімде тұтынушыларға жылу энергиясы тоқтаусыз жеткізіліп тұрды. Нысандарды пайдалану бекітілген кестеге және нормативтік-техникалық құжаттамалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылды. Жылужеткізгіштердің жұмысына, соның ішінде температурасы мен қысымына күнделікті бақылау жүргізіліп, жабдықтардың жай-күйіне мониторинг жасалды.

Енді алдағы 2026-2027 жылдың жылыту маусымына даярлық шеңберінде «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС кәсіпорны тұтынушыларды жылумен толассыз және сапалы қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың кешенін әзірлеген. Оған даярлық Қазақстан Республикасының «Жылу энергетикасы туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдары мен жылу-энергия қондырғыларын техникалық пайдаланудың ережелеріне және басқа да қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес жүзеге аспақ.

Бұл жөнінде «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС директорының міндетін атқарушы Валентина Әбдіхалықова.

– Біздің кәсіпорында алдағы жылыту маусымына жылумен жабдықтау нысандарын әзірлеу жөнінде шаралар жоспары бекітілді. Соның негізінде жылу жүйелерінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, магистралдық және орамішілік тораптардың гидравликалық сынағы барысында анықталған ақаулардан арылу бойынша жұмыстар жасалынуда. Сондай-ақ, жылу жүйелерінің энергиялық тиімділігін, қауіпсіздігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету үшін жылу жүйелерінің изоляциясын қалпына келтіру де іске асырылуда. Әсіресе, бұл орайда жылу жүйелерінің тозығы жеткен, апатты бөліктері ерекше назарда, – дейді.

Мысалы, 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында Абай қаласының 14 орамында жылу жүйелерінің 68 801,022 мың теңге тұратын ағымдағы жөндеуі көзделген. Мұнда мердігер анықталып, қазірде құбырөткізгіш пен тірек блоктары монтаждалуда.

Бүгінгі таңда кәсіпорын «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың» Ұлттық жобасы шеңберінде КарГРЭС-тен Абай қаласындағы «Абай» сорғы станциясы мен ЖК-15-ке дейінгі магистралдық жылу тораптарын реконструкциялаудың бірінші кезегінің шаруаларын тындыруда.

Осынау жоба жүзеге асқан күнде Абай қаласының 28,5 мың тұрғыны, сол сияқты 26 әлеуметтік нысан, бес мектеп, алты балабақша, 22 әкімшілік ғимарат пен 252 көпқабатты үй сапалы жылумен жабдықталатын болады. Сондағы бірінші кезектің тиімділік көрсеткіштері тозудың азаюынан – 12,76, нормативтік шығындардан – 1,06, апаттылықтың кемуінен – 100 пайызды құрайды.

Валентина Әбдіхалықованың айтуынша, мердігер белгіленіп, «Алматыинжқұрылыс» АҚ-мен оның құрылысын толық жүргізіп, аяқтау жөніндегі келісім-шартқа қол қойылыпты.

Жылу жүйелерін реконструкциялаудың осы жобасын жүзеге асыру кезінде жобалық шешімдер мен қолданыстағы заңдардың сақталуы қадағаланып, бақыланады. Мердігер ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстарын жобалық-сметалық құжаттамаға қатаң сәйкестікте жүргізудің қажеттігі туралы талаптар; рұқсат ету құжаттамасын рәсімдеу; жұмыстарды техникалық қадағалаумен келісу; авторлық қадағалау талаптарын сақтау ескертіліп, жеткізілді.

Кейінгі бір жаңалық – «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС кәсіпорнында есептегіш аспаптардың мәліметтерін талдау мен жылумен жабдықтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект элементтерін енгізу мен дамыту жөніндегі әрекет. Сондай-ақ, осында есептегіш аспаптардың мәліметтерін қашықтан жинау мен мониторинг жасау; нақты мезгіл режимінде жылужеткізгіштің параметрлерін бақылау; штаттан тыс жағдайлар мен ауытқуды жедел анықтауды; талдау есебін қалыптастыруды қамтамасыз ететін SCADA бағдарламалық кешені енгізіліп, пайдаланылуда.

– Осы заманғы цифрлық шешімдерді пайдалануымыз, – дейді жаңашыл басшы Валентина Әбдіхалықова, – бізге жабдықтар жұмысының сенімділігін арттыруға, технологиялық бұзылыстарға дер кезінде назар аударуға және көрсететін қызметіміздің сапасын жақсартуымызға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында еңбек қорғау мен техникалық қауіпсіздік талаптары сақталынып, ұжым мүшелері жұмыстарды атқару кезінде қауіпсіздік нормаларын сақтауға үнемі оқытылып, оларға тиісті нұсқаулар беріліп отырады.
Қысқы жылыту маусымына әзірлік кезеңінде жылу жүйелеріне гидравликалық сынақтар өткізу де маңызды. Соның нәтижесінде жылу жүйелерінің ақаулы және әлсіз тұстары анықталып, оларды жою жұмыстары ұйымдастырылады. Мәселен, биылғы 28 сәуірде орамішілік тораптарға жасалған осындай сынақтарда – 19, 29 сәуірде магистралдық тораптарда – 28, ал, 5 мамырда Топар кентінде – 35, Южный кентінде – 21 ақау белгілі болды.

Әрі тұтынушылармен өздерінің жауапкершілігіндегі үйішілік жылу жүйелерін шайып отыру қажеттігі бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Оны орындамаған тұтынушылардың үйлері қолданыстағы ережелер талаптарына сәйкес тек қана кінәраттар мен ақауларды жойған соң ғана жылу жүйесіне қосылады.
Әңгімесінің қорытындысында Валентина Әбдіхалықова жылыту маусымы басталғанша аяқтау жоспарланып отырған біраз шаруаны айтты. Яғни бұл аралықта Абай қаласы мен Южный, Топар кенттері жылу жүйелерінің негізгі учаскелерінде жөндеу жұмыстарын бітіру, олардағы гидравликалық сынақтар анықтаған ақауларды жою, жылу тораптары мен сорғы жабдықтарын дайындау, жүйелерді шайып, тығыздау, әзірлік актілерін рәсімдеу, апаттық материалдар мен жабдықтардың қорын әзірлеу кезек күтіп тұрса, мұның бәрі уақтылы орындалып, Абай ауданының халқы алдағы қысты алаңсыз қарсы алады деп ойлаймыз.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button