Спорт

Садақ тартқан, сабыр тапқан

Ертеректе аңшылықта, ел қорғауда, әскери машықта маңызды қару болған садақ бүгінде ұлттық рухты оятып, ұрпақты мергендікке, сабыр мен дәлдікке баулитын спорт түріне айналды. Күні кеше Қарағандыда осы төл өнерді ұлықтаған облыстық чемпионат өтті.

Сурет облыстық садақ ату федерациясынан

Екі күнге созылған додаға 10 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Облыстың әр өңірінен жиналған 100-ге жуық жас мерген бес жас санаты бойынша бақ сынады. Әр санатта шамамен жиырмадан астам спортшы нысана көздеп, өзара мықтыны анықтады.

Сайыс дәстүрлі садақ ату талаптарына сай ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық үлгідегі садақпен белгілі бір қашықтықта қойылған нысаналарды көздеді. Чемпионат барысында спортшылар жамбы, қалқан және басқа да дәстүрлі нысаналар бойынша сынға түсіп, әр атылған жебенің дәлдігі есепке алынды.

– Қазіргі таңда елімізде дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу ілгері басып келеді. Садақ ату адамның шапшаңдығын, зейінін, төзімін шыңдайды. Биылғы турнирдің басты ерекшелігі – жас спортшылардың шеберлігі мен қызығушылығының өсуі. Былтырмен салыстырғанда қатысушылар да көбейген, дайындықтары да мығым. Бұған Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы жеңісі мен Көшпенділер ойындарынан кейінгі серпін де әсер етті, – деді дәстүрлі садақ атудан Қарағанды облысының бас бапкері Жасұлан Ошанов.

Бапкер дәстүрлі садақ атудың классикалық садақ атудан айырмашылығы бар екенін атап өтті. Классикалық садақ ату олимпиадалық спорт түріне жатса, дәстүрлі садақ ату ұлттық болмыс пен мәдениетті дәріптейді. Мұнда спортшылар ұлттық киім киіп, дәстүрлі садақ пен ағаш оқ қолданады.

Шет ауданы Ақaдыр кентінен келген жаттықтырушы Нұрбол Жеңісұлы бұл жолғы чемпионатқа он шәкіртін бастап келген. Оның айтуынша, жас мергендердің дайындығы тәуір. Алғашқы күннің өзінде шәкірттерінің бірқатары жүлделі орындарға ие болып, екеуі республикалық додаға тікелей жолдама алған.

– Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жаңғырту – ортақ борыш. 2017 жылдан садақ атуды мектеп қабырғасында үйретуді қолға алдым. Арнайы авторлық бағдарламам бар. Қазір балалар мектепте де, спорт мектебінде де жаттығады. Басты мақсат – көнені жаңғыртып, ұлттық спортты дамыту, – деді жаттықтырушы.

Жарысқа қатысқан жас спортшылар да садақ ату спорты туралы өз ойымен бөлісті.

– Дәстүрлі садақ ату үйірмесі алғаш мектебімізде ашылған кезде ағайымыз қабілетімізді байқап, осы спортқа баулыды. Садақ атумен айналысып келе жатқаныма екі жылға жуық. Басында жаттықтырушымыз бағыт-бағдар көрсетсе, кейін өзім де қызығып, ден қойдым. Дәстүрлі садақ – жай ғана спорт емес, ата-бабамыздан қалған қасиетті қару, әрі асыл мұра, – дейді жас мерген Нұрәлі Төлеуов.

Айта кетейік, бұл додада топ жарған жеңімпаздар ай соңында Орал қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы республикалық додада Қарағанды облысының намысын қорғайды.

Ақжігіт САҒЫНТАЙ

Басқа материалдар

Back to top button