Айналайын

Жалғандағы ғұмырымды жақсылармен жанастырған тағдырыма ризамын! Алайда, сол жақсыларымның қатар сиреп, олар туралы естелік жазудан ауыр дүние жоқ екен. Бойыңды сағыныш кернеп, жүрегіңді ауыр мұң шымырлатады. Зымыраған уақыт… «Атқан оқтай, шапқан аттай» жүйткіп жатыр. Уақыт шіркіннің жалына жармасып, тізгінін тежеген пенде баласы жоқ шығар, сірә. Күн сырғып, айлар аунап, жаныңды жұмыр жүрегінің мейіріммен жылытатын, ықыласымен қуаныш сыйлайтын Жақсы ағаның «айналайынын» естімегелі де жыл болып қалды. Әр күні – айға, әр айы – ғасырға татитын ауыр жыл. Белгілі қаламгер, парасатты публицист Оралбек ағасыз өткізген бір жыл…
Иә, қадірлі ағаның қасиетті қаламы қаңтарылып, ормандай оқырманы аңтарылып қалғалы жылға айналды. Жақсы ағаны даласы жоқтағалы жыл болды. Өзі еркелеп шығып, шыңында тұрып, маңдайын күнге сүйгізетін Ақсораңы да еңкіш тартып, Тоқырауынның да арнасы кеміп, ағысынан жаңылғандай… Толқыны жағаны ұрған Көкше теңіздің де көркі тайып, күнге шағылысып жататын айдынын кіреуке шалған. Барлығы Оралбегін іздейді, Оралбегін сағынады, Оралбегін жоқтайды.
Қайран аға, Жақсы аға бөлек еді! Ол да, мен де ауылдың қара сирақ балалары едік. Мен Орағаң жүрген жолмен жүрдім. Көркем очерктің шебері атанған Оралбек Жүнісұлының қаламын қалыптастырып, бағыт беріп, бақытына жол ашқан Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газеті болса, менің де алғашқы шығармашылық еңбек жолым осы қасиетті шаңырақтан бастау алған еді. Бағым шығар, ақ жолымның бастауы шығар, Оралбек аға отырған орынға, Орағам отырған кабинетте мен де отырып, қиялымды шарықтатып едім. Жақсы ағама ұстаз болған Смағұл ата, Қасым аға, Қасжан аға, Рымбек аға, Мина тәте, Үмітай ағалардың батасын мен де алған едім. Мен қызметке орналасқанда Балқашқа қоныс аударып, шығармашылық қызметін Көкше көлдің жағасында жалғастырып жатқан Оралбек аға туралы, оның мінсіз болмыс, зілсіз әзілдері туралы осы ағаларымнан еститінмін де, ол кісімен жолығуға құмартатынмын. Тағдырыма тағылым сіңіріп, санама сәуле түсірген ол жүздесулер де кешіккен жоқ.
Қолы қалт еткенде, ұшқан ұясы «Арқа еңбеккері» газетінің редакциясына келіп, ағаларымен айтар әңгімесі, шырқайтын әні сарқылмайды екен. Келісті келбет, қоңыр үн, жарасымды қойылып, ұқыпты бастырылған қияқ мұрт әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Оралбек ағаны алғаш көргенде, ол кісіні киноактеріне ұқсатқаным да әлі есімде.
«Жібек мінезді» деген теңеу жігітке жараса қоймас. Сөз қолдануға келгенде талғамы таудай оқырманымнан кешірім сұрай отырып, дәл осы теңеудің менің Орағама жарасатынын айтқым келеді. Шынымен де, Оралбек аға жібек мінезді жігіттің төресі еді. Әдемі жымиып, жанары нұрланып бастайтын әңгімесін сағындық. Жүрегінің жылуы, көңілінің нұры жанарында тұратын еді. Тұңғиық жанар, таза жүрек, тұлпар қалам, сұңқар көзқарас, осының бәрі Оралбек ағаның келбеті мен шығармашылық болмысындағы өзіне ғана тән асыл қасиеттері еді.
Алғаш танысқанымызда ағаның «Кімсің? Қайдансың?» деген екі ауыз сұрағының соңы «Айналайын, бәрі жақсы болады!» деген ағалық пейілімен ұштасқан. Сол аппақ пейіл менің шығармашылыққа деген талабымды ұштап, бойыма сенім ұялатып еді. Сол сенімге селкеу түсірмеуге тырыстық. Шынымен де, менде бәрі жақсы болды.
Оралбек аға мағыналы ғұмыр кешті. Алдыңғы толқын ағалардың аманатына адал болып, біз секілді бауырларына қамқор бола білді. Бір ғана «Айналайын!» деген бір ауыз сөзінің өзі жанымызға бүкіл ғаламның мейірімін сіңіріп, бойымызға қуат сыйлайтын. Жұдырықтай ғана жұмыр жүрегі Алашын сүйді, Ақтоғайын ардақтады, Балқаштың базарын еселеді. Еңбек адамдарының еңсесін жып-жылы очерктерімен көтеріп, абыройын асқақтатты. Арқа өңірінің тарихын тереңінен толғап, қадау-қадау еңбек жазды. Парызын да, қарызын да адал өткеріп, кешегі мен ертеңгі болашақты құдіретті қаламымен жалғады. Ғибратты ғұмыры журналистикаға арнап, сөз өнерінің жілігін шағып, майын ішті. Қасиетті қаламның қарудан мықты, ананың алақанындай жұмсақ екенін дәлелдеді.
Оралбек аға – қату сөз, қасаң әңгіме, дау-дамайдың ордасына айналған әлеуметтік желіге еңселі елағасының мейірімін әкеліп, жүрегінің шуағын сепкен қаламгер. Менің де жазбаларыма, баршаның да базынасына «Айналайын!» деп еміреніп, елдіктің сөзін айтып отыратын ағалығын сағындық!
Орағаңның «айналайынын» естігенде өзімізді Алаштың алақанында тұрғандай сезінуші едік. Ол күн де келмеске кетті. «Айналайын» деген сөз айтуға қиын емес. Әркім айтады. Бірақ, тура Оралбек ағам секілді жүрекпен айтып, жүрегіңді баурайтын ағалар аз, өкінішке қарай.
Жақсы адамның қазасы өкіндіреді. Оралбек ағамның қазасы «кер бестінің кекіліндей» келте ғұмырдың мән-мағынасын, сыйластық пен бауырластықтың қадірін дәлелдеп кеткендей. Иә, Орағаң баяғы сал-серілердің сарқытындай салтанат құрып, қатар жүрген достарын, соңынан ерген бауырларымен бірге жүргенді жүрегімен қалайтын. Бүгінде інінің ағаға деген құрметі, ағаның ініге деген қамқорлығы сарқылып, Орағаң секілді жақсыны іздеп жүретін дәстүр жоғалып бара жатқандай. Міне, жақсы адамның қазасының өкініші осында жатыр. Оралбек ағаның сол жақсы дәстүр, игі жолын жалғастыра аламыз ба? Ол – біз үшін үлкен сынақ, сындарлы сын.
Жақсы аға, мәңгілік жайың жұмақтың төрі болсын! Асыл жеңгеміз бен ұрпақтарыңызға мағыналы, мәнді ғұмыр тілеймін.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
рухани бауыры



