Жаңалықтар

Сағынатын күн туды…

Сурет автордан

Оралбек бауырымыз бізде «Орталықтың» әуелі Балқаш қаласы бойынша, кейін бүкіл Балқаш өңірі, яғни Ақтоғай, Шет аудандары, өзі айтпақшы Сарышаған, Қоржынтүбекті (Приозерск) қамтыған кең аумақтың меншікті тілшісі болды. Бармаған тақырыбы, жазбаған жанры жоқ. Сыршыл қаламгер еді. Меніңше мақаланы бұрқыратып жазып тастар алдында тақырыбын көп ойланып қоятын сияқты. Тіпті кейін проблемалық мақалалары, көркем очерктері мен сәнді суреттемелерінің басын қосып шығарған кітаптарының атаулары да кісі қызығарлық: «Қыстың ұзақ таңы атты», «Алма ағашы гүлдегенде», «Жұлдыздар із тас­тап ағады», «Сағынатын күн туар», т.т. Бір кезде «Лениншіл жастың» редакциясы мақалаға үздік тақырып табуға жүлде жариялайтын болыпты деп естігенбіз. Оралбек сонда істесе ғой, бас жүлдені жеңіп алар еді…

Бірде газеттің кезекті санына кезекші болғанымда корректорлар: «Аға, мына материал сыймай жатыр, қысқартып беріңізші» деп келді. Бетті әлі оқыған жоқ едім, сонда есіме бір оқиға түсіп кетіп: «Кімнің мақаласы?» деп сұрадым. «Оралбектікі». «Оралбектікі болса қысқартуға болмайды» дедім жымиып. Аналар тосылып қалды, бірақ неге деп сұраған жоқ, олар да біледі, Оралбектің қалай жазатынын.

Есіме түскен оқиға мынау еді. Редакцияда Құдыш Сүлейменов деген соғысқа қатысқан қадірменді ақсақалымыз жауапты хатшының орынбасары болып істеген. Барлық беттерді орналастыратын макетші де сол кісі. Беттер беттеліп, үйіне кетіп қалғанда ресми материал түсіп, қорғасынмен құйылған материал сыймай жатады. Қысқарту қажет болады. Құдекеңе телефон шалса, ол кісі: «Газет беті резеңке дейсіңдер ме? Құран сөзі емес шығар, қысқарта беріңдер. Қағазбектің материалын басынан, Қалекеңнің материалын соңынан қысқартыңдар» дегені анекдот болып, ел арасына тарап кеткен.

Сөйтсек, Қағазбек Сәденов ағамыз материалын табиғатты суреттеуден шұбалаңқырап бастайды екен, ал Қали Садықов ағамыз болса мақаласының соңында философиялық ой-тұжырымға бой беріп, біраз толғанады екен. Соларды қысқартып жібергеннен мақаланың мазмұнына нұқсан келмейді. Бірақ Оралбектің жөні бөлек. Оралбектің материалында жонып тастауға болатын жаңағы екі «қасиет» те бар, бірақ ол сол жолдарды жанын сала, ойланып-толғанып, мөлдірете жазды ғой. Еңбегін еш қылуға болмайды. Қазіргі компьютерлік технологияның мүмкіншілігі көп, материалды басқаша орналас­тырып, шрифтын өзгертіп дегендей өзім орналастырып бердім бір жолын қысқартпай. Сөйтіп, Оралбектің кезекті бір ғажап дүниесін бүтін сақтап қалдым. Оның қолынан осындай қаншама көркем шығарма шықты десеңізші?!

Қаламгерлігімен қатар азаматтығы қандай еді! Қашан көрсең жымия қарсы алып, мейірім шуағын төгіп тұратын. Үлкен-кішінің бәріне «Айналайын» деп айтудан айнымайтын. Кейінгі жылдары фейсбуктің парақшасынан түспей, барша оқиғаға үн қосып жататынын байқап жүрдім.

Оралбек ойын-тойдың ортасында жайдары күліп, қызықты әңгіме айтып, жарқырап жүретін. Басына біз «сомбреросы» деп атап кеткен етегі кең шляпа киіп, қолына «гитарасы»-домбырасын алып, «Гүлдариғаны» шырқағанда билеп кетпейтін, қосылмайтын жан қалмайтын.

Меншікті тілші болып жүргенде бір-екі рет бас редакторымыз Мағауия Сембай бас болып көкше теңіз – Балқаш көлінің жағасына тыныққанымыз бар. Оралбек пен құдай қосқан асыл жары, ол да журналист Асыл бәйбішесі екеуі үйлеріне міндетті түрде шақырып, қой сойып, қонақ ететін. Басшыларды ғана емес, бүкіл тынығуға келген ұжымды. Сонда қаланың ыңғайымен салынған үйдің шағын залына сыйып кететінбіз, сөз айтып, шаңырақтарына шаттық тілейтінбіз.

Осындай еске алатын оқиғалар көп еді. Енді, міне өзің жазғандай «Сағынатын күн туды», сүйегі асыл, ардақты Ореке! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!

Аман ЖАНҒОЖИН,
ҚР Құрметті журналисі
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Back to top button