Қарағандыда «Сарыарқа» хоккей клубын жекешелендіру мәселесі ашық талқыланды
Қарағанды облыстық мәслихатында «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС-ін жекешелендіру мәселесіне арналған көпшілік тыңдаулар өтті. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов арнайы қатысып, депутаттар, жауапты басқарма басшылары, клуб өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты талқылады.

Облыстық мәслихатқа өңір басшысының «Сарыарқа» хоккей клубын жекешелендіру қажеттігі туралы хаты келіп түскен. 2025 жылы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мұндай шешім әкімдік тарапынан міндетті қоғамдық тыңдаулар өткізілгеннен кейін ғана қабылданады. Сондықтан, аталған мәселе мәслихат алаңында ашық талқылауға шығарылды.

Жиында атап өтілгендей, Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспарына сәйкес, 2026 жылы «Сарыарқа» хоккей клубын бәсекелестік ортаға беру қарастырылған. Бұл ретте клубты сауда-саттық, яғни аукцион арқылы жекешелендіру ұсынылып отыр.
Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Елнар Уахитовтың айтуынша, хоккей клубын қаржыландыру осы уақытқа дейін облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып келген. Кәсіби клубты ұстауға жыл сайын қомақты қаражат бағытталуы өңір бюджетіне едәуір салмақ түсіреді. Сондықтан, клубты бәсекелестік ортаға беру арқылы бюджет шығынын оңтайландырып, қаржыны спорт саласындағы өзге де басым бағыттарға қайта бөлу мүмкіндігі қарастырылуда.

– Ең басты мәселе – клубтың өзін-өзі ақтау тетігінің қалыптаспауы. Жекешелендіру жеке инвестиция тартуға, облыстық бюджетке түсетін салмақты азайтуға және басқарудың нарықтық үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Елнар Бекенұлы.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов клубтың өңір спорты жүйесіндегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, «Сарыарқа» хоккей клубы Қарағанды облысы әкімдігінің 2006 жылғы 25 шілдедегі шешімімен құрылған. Құрылтайшысы – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Нұркен Нұратов «Сарыарқаның» тарихи жетістіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, клуб Қазақстан хоккейінің дамуына елеулі үлес қосқан және Ресейдің Жоғары хоккей лигасының чемпионы атанған алғашқы қазақстандық команда ретінде тарихқа енген. Сондай-ақ, клуб ВХЛ чемпионы атағын екі мәрте жеңіп алған.

Бүгінде клуб құрылымында екі команда бар. «Сарыарқа» командасы ерлер арасында шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, ағымдағы маусымда күміс медаль иеленген. Ал «Қармет» командасы Жастар хоккей лигасында сәтті өнер көрсетіп, екінші орынға табан тіреген.
Клуб өз ойындарын Қарағанды қаласындағы «Қарағанды Арена» мұз сарайында өткізеді. Нысан 5500 көрерменге арналған мінбемен, стандартты мұз айдынымен, 14 киім ауыстыру бөлмесімен және жаттығу залдарымен қамтылған.
Облыста спорт активтерін жекешелендіру бойынша тәжірибе де бар. Мәселен, бұған дейін «Шахтер» футбол клубы жеке инвесторға берілген. Жауапты басқарма өкілдері бұл тәжірибені атап өтіп, футбол индустриясының қазіргі таңда өз даму бағыты мен жоспары бар екенін жеткізді.

Сондай-ақ биыл клубтың 20 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осыған орай «Қарағанды Аренада» өңірдегі алғашқы интерактивті хоккей мұражайы мен Хоккей даңқы залын ашу жоспарланып отыр. Экспозицияда Қарағанды мен Теміртау хоккейінің тарихы, сондай-ақ «Сарыарқа», «Ұлан» және «Қармет» клубтарының жетістіктері таныстырылмақ.
Көпшілік тыңдаулар барысында депутаттар клубты жекешелендірудің ықтимал салдары, инвесторға қойылатын талаптар, бюджет қаражатын қайта бөлу, балалар хоккейінің болашағы және клубтың өңірлік спорттағы рөліне қатысты мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жиынға қатысқан тыңдаушылар да өз пікірлерін білдіріп, клубтың тарихи мұрасын сақтау, жастар хоккейін қолдау және болашақ инвестордың әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Алқалы жиынның модераторы, облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Арман Әлімжановтың айтуынша, талқылау қорытындысы бойынша арнайы хаттама әзірленеді. Онда жиын барысында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер мен нақты ұсынымдар қамтылмақ.
Аталған ұсынымдар болашақ инвестордың әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін орындауына қоғамдық бақылау орнату, клубтың тұрақты қаржыландырылуын қамтамасыз ету, жаттықтырушылар құрамын және балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамыту, сондай-ақ клуб қызметі туралы жыл сайынғы жария есеп беру тәжірибесін енгізу мәселелеріне қатысты болмақ.

Жиын қорытындысында «Сарыарқа» хоккей клубын бәсекелестік ортаға беру мәселесі заң талаптарына сай, ашықтық қағидаты негізінде және қоғам пікірін ескере отырып қаралатыны айтылды. Түпкілікті шешім тиісті рәсімдер мен талқылаулардан кейін қабылданбақ.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



