Азия ойындарына әзірлік пысықталды
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындық мәселесі қаралды. Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов өңір спортшыларының әзірлік барысы туралы баяндады.

XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өтеді. Құрлықтық додаға 45 мемлекеттен 12 мыңнан астам спортшы қатысады. Бағдарламаға 41 жазғы спорт түрі енгізіліп, 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ, биылғы додада киберспорт, брейкинг, скейтбординг, ушу, кабадди секілді жаңа бағыттарға да басымдық берілмек.
– Аймақ спортшыларын Азия ойындарына даярлау жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Бүгінде өңірден спорттың 18 түрі бойынша 46 спортшы үміткерлер қатарында. Олардың сапында жеңіл атлетика, көркем жүзу, бокс, велоспорт, дзюдо, ауыр атлетика, академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, семсерлесу, жүзу, әйелдер күресі, самбо, спорттық гимнастика, спорттық құзға өрмелеу, каратэ және өзге де спорт түрлерінің өкілдері бар. Жыл басынан бері облыс спортшылары 52 оқу-жаттығу жиынына қатысып, республикалық және халықаралық деңгейдегі 28 жарыста бақ сынады. Өңір спортшылары биылғы маусымда халықаралық аренада да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Жеңіл атлетика, көркем жүзу, велоспорт, бокс, жүзу және ауыр атлетика өкілдері Азия чемпионаттары, әлем кубогы кезеңдері мен өзге де ірі жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Қанатұлы.
Басқарма басшысының баяндауынша, спортшыларды даярлау сапасын арттыру мақсатында материалдық-техникалық база да нығайтылуда. 2024-2026 жылдары спорттық және медициналық құрал-жабдықтарды жаңартуға 197 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға спортшылардың жаттығу процесіне қажетті заманауи құралдар, қалпына келтіру және медициналық бақылау жабдықтары алынды. Сонымен қатар, жетекші спортшыларды фармакологиялық қолдауға бағытталған қаржы көлемі де ұлғайтылды. Егер 2023 жылы бұл бағытқа 10 миллион теңге қарастырылса, 2024-2026 жылдары қаржыландыру көлемі 37 миллион теңгеге дейін артқан.
Алдын ала болжам бойынша Қарағанды облысының спортшылары Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алуға әлеуетті. Жалпы, нәтиже 7 медаль шамасында болады деп күтілуде. Дегенмен, ұлттық құраманың түпкілікті құрамы республикалық және халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша анықталады.
Жиында мүмкіндігі шектеулі спортшылардың да дайындығы сөз болды. 2026 жылғы 18-24 қазан аралығында Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында V жазғы Параазия ойындары өтеді. Бұл додаға 45 елден 4 мыңнан астам спортшы қатысып, 18 спорт түрі бойынша бақ сынамақ.
– Параазия ойындарына спорттың үш түрі бойынша 9 спортшы қатысуға дайындалып жатыр. Атап айтқанда, жүзу спортынан 6 спортшы, жеңіл атлетикадан 2 спортшы, голболдан 1 спортшы үміткерлер қатарында. Мамандардың болжамынша, өңір параспортшылары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленуі мүмкін, – деді Нұркен Нұратов.
Сонымен қатар, Азия ойындарына дайындық тек спортшылардың жеке нәтижесіне ғана емес, өңірдегі спорт инфрақұрылымы мен ұйымдастыру жұмыстарының сапасына да байланысты. Мұндай ірі халықаралық додаларға қатысу – спортшылар үшін тәжірибе жинақтаудың, шеберлігін шыңдаудың маңызды кезеңі. Облыс тарапынан оқу-жаттығу жиындары, медициналық сүйемелдеу және қажетті құрал-жабдықпен қамту мәселелеріне назар аударылып отыр. Бұл өз кезегінде спортшылардың жарысқа толыққанды дайындалуына мүмкіндік береді. Алдағы лицензиялық және іріктеу жарыстары үміткерлердің нақты құрамын айқындайды.
Аппарат жиынын қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Азия және Параазия ойындарына дайындықты жүйелі жүргізуді тапсырды. Осы бағыттағы міндеттердің орындалуын бақылауды өзінің орынбасары Әлібек Үсенұлына тапсырды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



