Қарағандылық Асанәлі Абаев джиу-джитсудан тарихи жеңіске қол жеткізді
АҚШ-тың Колифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында өткен IBJJF Worlds 2026 әлем чемпионаты Қазақстан спортшылары үшін тарихи нәтижелермен аяқталды. Бразилиялық джиу-джитсу әлеміндегі ең беделді турнирлердің бірінде отандастарымыз бірнеше жүлде жеңіп алды.

Соның ішінде, Қарағандылық жас спортшы Асанәлі Абаев тарихи жеңіске қол жеткізді. Ол JUVENILE 1 санатында көк белбеулер арасында 53,5 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды.
Ел құрамасының қоржынына екі алтын мен бір қола медаль түсті. Қоңыр белбеулер арасындағы ересектер санатында Алинұр Қуатұлы мен Сейілхан Болатбек чемпион атанса, Батыр Теңізбай 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде иеленді.

Асанәлі жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, барлығында жоғары деңгейдегі дайындық пен табандылық көрсетті. Ақтық сында бразилиялық қарсыласымен кездескен жерлесіміз тартысты белдесудің нәтижесінде төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Асанәлі Абаев Қазақстан тарихындағы алғашқы IBJJF әлем чемпионы атанып, отандық бразилиялық джиу-джитсу спортының жаңа парағын ашты.
Жас чемпионды жарқын жеңісімен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектеспіз.
Сәнерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



