Қарағандыда шулы мотокөліктерге бақылау күшейтілді
Жаз мезгілінің басталуымен Қарағанды қаласының көшелерінде түнгі уақытта мотокөліктердің қатты шуына байланысты тұрғындардың шағымы көбейген. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта мотоциклдердің жоғары жылдамдықпен жүруі мен шамадан тыс дыбыс шығаруы қала тұрғындарының тыныштығын бұзып, демалуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты полиция қызметкерлері рейдтік іс-шараларды күшейтіп, жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтауға кірісті.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, тексеру барысында құжатсыз, мемлекеттік нөмірсіз және қорғаныс құралдарынсыз жүретін мотокөлік жүргізушілері жиі анықталған. Мәселен, Әлихан Бөкейхан ауданында 17 жастағы жасөспірім мотоциклді тиісті құжатсыз басқарғаны үшін ұсталды. Сонымен қатар, 27 жастағы қала тұрғынына қатысты құқық бұзушылық фактісін тіркеді. Ол «Kinye» маркалы мопедті мемлекеттік нөмірсіз, жүргізуші куәлігінсіз және қорғаныс құралдарынсыз басқарған. Бұдан бөлек, жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды. Медициналық сараптама оның алкогольдік ішімдік ішкенін растады.
Өткен аптада күшейтілген бақылау шаралары барысында түрлі құқық бұзушылық жасаған бес мотокөлік анықталып, арнайы айып тұрағына қойылды. Әрбір дерек бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылдануда.
Тәртіп сақшылары мотокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіздік талаптарын орындауға және түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзбауға шақырады.
Сәнерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті


