Спорт

Жеңіске жігер жеткізеді

Алматы облысының Қарғалы ауылында зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі жандар арасында шағын футболдан SENI CUP-2026 Қазақстан республикалық турнирі өтті. Екі күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің төрт өңірінен 13 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Солардың қатарында аймақ намысын қорғаған командалар да жоғары нәтиже көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Сурет облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметінен

Республикалық турнирге Алматы, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстарынан келген футболшылар қатысты. Жарыс екі кіші топ бойынша ұйымдастырылды. Топтық кезеңнен үздік шыққан командалар жартылай финал мен финалда ел кубогы үшін бақ сынады.

Қарағанды облысының атынан жарысқа бірден төрт команда қатысты. Олар – Қарағанды қаласындағы №2 және №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, сондай-ақ, Саран қаласы мен Қарқаралы ауданының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының тәрбиеленушілерінен құралған командалар.

Әсіресе, Қарқаралы ауданының «Сарыарқа» командасы «Б» кіші тобында сәтті өнер көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетті. Ал, Саран қаласының «Спарта» командасы «А» кіші тобында ойнап, күміс жүлдегер атанды. Команданың ойыншысы Артем Гайнутдинов турнирдің «үздік сұрмергені» деп танылды.

Қарағанды қаласынан қатысқан «Жеңіс» командасы да намысты қолдан бермей, қола жүлдеге ие болды. Турнирдегі әр матч тартысты өтіп, командалар соңғы минутқа дейін барын салды.

– Турнир өте тартымды әрі қарқынды өтті. Әр ойынның өз салмағы, өз жауапкершілігі бар. Қатысушылар қарсыластарының шабуылына лайықты төтеп беріп, қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсете білді. Мұндай жарыстар спорттық нәтиже үшін ғана емес, тәрбиеленушілердің өзіне деген сенімін арттыруы, қоғаммен етене араласуы және командалық рух қалыптастыруы тұрғысынан да маңызды, – дейді команданың бас бапкері Мұхаметкәрім Мұсатаев.

Қарқаралы ауданы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Нұрболат Донғұловтың айтуынша, олардың шәкірттері SENI CUP шағын футбол жарыстарына бұған дейін де бірнеше мәрте қатысып, тұрақты түрде үздіктер қатарынан көрініп келеді.

– Біздің жігіттер бұл жолы да биіктен көрінді. Олар екі дивизионда бес командамен бас жүлде үшін күресті. Әр ойынға жауапкершілікпен қарап, алаңда бар мүмкіндігін көрсетті. Бұл, ең алдымен, команданың бас бапкерінің жүйелі еңбегінің нәтижесі. Жаттығу барысында балалардың тек физикалық дайындығына ғана емес, олардың өзара түсінісуіне, ойын тәртібіне, сенімді қимылдауына да ерекше көңіл бөлінеді, – дейді Нұрболат Донғұлов.

Бұл жолғы SENI CUP-2026 турнирі қарағандылық командалар үшін табысты аяқталды деуге толық негіз бар. Бірі күміс, бірі қола жүлдеге қол жеткізсе, жекелеген ойыншылар үздік аталымдар бойынша марапатталды. Ең бастысы, қатысушылар алаңда жеңіске деген жігерін, спортқа деген сүйіспеншілігін және нағыз командалық рухты көрсетті.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button