Ташкенттен – 13 медаль
Ташкенттегі жаңа Олимпиадалық стадионда жеңіл атлетикадан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткен болатын. Оған бес елден 250-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ал, ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен 13 қарағандылық спортшы жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына сегіз алтын, бес күміс және үш қола жүлде салды.

100 метр, 200 метр және 4×100 метр эстафетасында сынға түскен Юлия Демкина үш санатта да үздік шықты. 100 метр мен 4×100 метр эстафетасында сынға түскен Виктор Исабаев қос алтын иеленсе, 200 метр қашықтықта жүгіруден Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Сонымен қатар, Андрей Ким ұзындыққа секіруден топ жарды. Александра Евтеева 4×100 метрлік эстафетада алтын алып, 100 метр кедергілер арқылы жүгіруден қола жүлдеге қол жеткізді. Сегізінші алтынды ел қоржынына 4×100 метрлік эстафетада бақ сынаған Александр Дудьев салды. Жерлесіміз одан бөлек 400 метр кедергілер арқылы жүгіруден бақ сынап – күміс, 110 метр кедергілер арқылы жүгіруден – қола жүлдегер атанды.
Мария Ефимова балға лақтырудан, Максат Базарбаев биіктікке секіруден, Данил Хван 1500 метр қашықтыққа жүгіруден Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды. Дарья Кудрявцева болса ядро итеруден қола медаль иеленді.
Өз тілшімізден



