Болашақ чемпиондар лигасы
Биыл өңірде алғаш рет бастауыш сынып оқушыларына арналған «ALGA!» мектептік футбол жобасы пилоттық режимде іске қосылған болатын. Жыл басынан бері жүзеге асып келе жатқан жобаға өңірдің 10 мектебі қатысып, оқушыларды футболға баулу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Оқу жылының аяқталуы қарсаңында аталған командалар арасында алғаш рет «Alimkhan Yermekov Cup» футбол турнирі өтті. Турнирдің ашылу салтанатына «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Асхат Кәкетаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жарыс барысын «Шахтёр» футбол клубының скауттары арнайы бақылап, болашағынан зор үміт күттіретін жас футболшылардың ойынына ерекше назар аударды.

Жоба аясында мектеп бағдарламасындағы аптасына үш рет өтетін дене шынықтыру сабағының біреуі толықтай футболға арнады. Бүгінде «ALGA!» жобасына қосылған 10 команданың қажетті құрал-жабдықтары мен киімдерін толығымен Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы қамтамасыз етеді. Турнир биыл алғаш рет ұйымдастырылғандықтан жарысқа тек 3-4 сынып оқушылары қатысты. Осы жас ерекшелігі бойынша жасақталған сегіз команда Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің базасында өзара бақ сынап, мықтыны анықтады.
– Бұл жоба ұлдармен қатар қыздардың да қызығушылығын оятты десек, артық айтқанымыз емес. Осындай бастамалардың арқасында болашақта чемпиондар шығуы әбден мүмкін. Бүгін алаңдағы балалардың ынтасын, мұғалімдердің белсенділігін және ойындардың жоғары деңгейде өтіп жатқанын көріп, жобаның өз нәтижесін бергеніне көз жеткізуге болады. Қазірдің өзінде аудан-қалалардан хабарласып, дене шынықтыру сағаты аясында футбол сыныптарын ашуға қызығушылық танытып жатқандар бар, – деді Асхат Кәкетаев.
Матчтар 5×5 форматында ұйымдастырылған. Әуелі командалар топтық кезеңде айналмалы жүйе бойынша өзара кездесіп, плей-офф кезеңінің жолдамасын сарапқа салды. Турнир ережесіне сәйкес, әр команданың құрамында кем дегенде бір қыз баланың болуы міндеттелген. Айта кетейік, жарысқа дайындық жұмыстары үш ай бойы жүргізіліпті. Осы уақыт аралығында мектеп командалары арасында 12 жолдастық кездесу ұйымдастырылып, қатысушылар турнирге жан-жақты дайындығын пысықтаған.
Турнир қорытындысы бойынша №19 мектептің командасы жеңімпаз атанды. Олар жартылай финалда Бірінші Теміртау классикалық лицейінің командасын 2:0 есебімен жеңсе, финалда Үштөбе тірек мектебінің командасынан 3:1 есебімен айласын асырды. Турнир барысында команда капитаны Абылай Рымбек сегіз гол соғып, турнирдің «Үздік сұрмергені» атанды. Ал, команданың жаттықтырушысы Қали Қуанған аталған жобаның балалардың спортқа қызығушылығын арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.
Турнир қорытындысы бойынша Үштөбе тірек мектебінің команда ІІ орын иеленсе, ІІІ орынды Бірінші Теміртау классикалық лицейі мен №14 мектеп-гимназиясы тең бөлісті. Айта кетейік, турнир жеңімпаздарына жазда Астанада өтетін республикалық «Балдәурен» турниріне жолдама берілді. Чемпиондарды Freedom компаниясы мен QOFA қаржыландырмақ.
Бүгінде «ALGA!» жобасына Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай қаласы мен Үштөбе ауылындағы Үштөбе тірек мектебі қатысып отыр. Қазіргі таңда жоба аясында 1 931 оқушы мен 61 педагог қамтылған. Ұйымдастырушылар жаңа оқу жылында жобаның ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Балқаш, Қарқаралы қаласы мен Шет, Ақтоғай, Осакаров ауданындағы мектептерді де қосуды көздеп отыр. Нәтижесінде, аталған жобаға қатысатын білім беру ұйымдарының санын 40-қа жеткізбекші.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



