АймақБас тақырыпҚарағанды

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан АСҚАРОВ: Көгілдір отынның игілігін 2,6 миллион адам көріп отыр

Газдандыру – тұрмысты жандандыру.
Иә, Қазақстанда халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету бастамасы экономиканың негізгі бағытына айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы негізінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, қоршаған ортаның қолайлы сипатын қалыптас­тыру соңғы жылдары күн тәртібінен түскен емес. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті еліміздің «Париж келісіміне» қол қойған ел болғандықтан, өндіріс пен экономикамыз 2060 жылға қарай көміртегінен түбегейлі бас тартып, біржола баламалы және экологиялық таза қуат көздеріне көшетінін жиі көтеріп жүр. Мұндай заласыз энергия көзінің бірі – табиғи газ.
Бір кездері газ еліміздің қарапайым тұрғындары үшін арман болған. Әсіресе, қалалық жерлердегі жеке меншік үйлерде тұратын тұрғындар үшін… Сонымен қатар, көмір тасып, күл шығарған қалалықтардың жеке бейнетінен де күрделі мәселе тағы бір мәселе бар еді. Ол – көк түтінге қақталған қаланың экологиялық ахуалы. Елімізде қарқынды жүріп жатқан газдандыру жобасы осы бір түйткілді мәселеге нүкте қойғалы тұр.
Қазірдің өзінде Қарағанды қаласы бойынша 5359 жеке тұлға, 166 заңды тұлға көгілдір отын жүйесіне қосылған. Ал, табиғи газды тұтыну бар да, қауіпсіздік шараларын сақтау, газбен жабдықтау жүйесінің сенімді жұмыс істеуі, апаттық жағдайлардың алдын алу, инфрақұрылымның дайындығы деген мәселелер тағы бар. Елімізді газдандыру қарқыны, оның ішінде Қарағанды облысындағы жүйелі жобалар, қауіпсіздік, саланы цифрландыру, әлеуметтік қолдау бағдарламалары жайында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаровпен сұхбаттасқан едік.

Суреттер «QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметінен алынды

Қарағандыны газдандыру қарқынды

– Бауыржан Бекзатханұлы, ең әуелі газетімізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет! Біздің «Ortalyq Qazaqstan» газетінің оқырмандарына Қарағанды облысын газдандыру қарқыны маңыз­ды. Сондықтан, әңгімені Арқа өңірін көгілдір отымен қамтамасыз ету жобасынан бастасақ…

– Рақмет! Ел аумағын газдандыру жобасы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының біріне айналып үлгерді. Өйткені, бұл жобаның әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді екені әлдеқашан дәлелденген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бағыттағы тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп іске асыру мақсатында құрылған біздің акционерлік қоғамның міндеті – Қазақстан аумағындағы барлық газ тарату станциялары мен ішкі құбырларға техникалық қызмет көрсету, газ жеткізу желілерінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету.
«QazaqGazAimaq» АҚ-ның Қарағанды өндірістік филиалы бұл бағыттағы жұмыстары жүйелі атқарып, газ құбырлары құрылысымен айналысатын мердігер компаниялар жұмысын бақылау, желілерді қабылдау, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және тұтынушыларға құжаттама бойынша бойынша қолдау көрсетіп келеді. Қарағанды филиалы Қарағанды, Ұлытау облыстарына қызмет көрсетеді.
Жалпы, Қарағанды облысында газдандыру жобасы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Қарағанды қаласында 9921 үйге, Теміртауда 2874 үйге газ құбыры жеткізілді. Ал, Қарағанды қаласы бо­йынша 5359 үй, Теміртау қаласы бойынша 2228 үй нақты газбен жабдықтау желісіне қосылды. Алдағы уақытта Шахтинск, Саран қалалары мен Ақтас, Дубовка, С.Сейфуллин, Ақсу-Аюлы кенттерін газбен жабдықтау жобаларының құжаттары әзірленуде.

– Бәрекелді! Қарағандыда тек жеке меншік тұрғын үй секторы ғана емес, өндіріс орындарын газдандыру мәселесі өзекті болып отырғаны белгілі. Бұл мақсатта қандай жұмыстар атқарылды? Алдағы уақытқа жоспарланған қандай жобалар бар?

– Шынымен де, өндірістік кәсіпорындардан ауаға таралатын зиянды қалдықтар мәселесі ресми биліктің де, өндіріс қожайындарының да, эколог-мамандардың да «бас ауруына» айналғалы қашан. Зауыт мұржаларына орнатылған шетелдік сүзгілер, озық технологиялар да бұл мәселені шеше алмаған еді. Табиғи газдың тамаша мүмкіндігін осы жерден көруге болады.
Қарағанды өңіріндегі сәтті жүзеге асырылған ірі жоба деп «Qarmet» металлургиялық комбинатының газ жүйесіне қосылуын айтуға болады. Теміртау қаласының экологиялық ахуалы республикалық деңгейде өткір көтеріліп, тіпті, Президенттің де қатаң сынына ұшырағанын жақсы білесіздер. Қазіргі таңда «Qarmet» комбинатының негізгі домна пештері мен цехтары газ құбырына қосылып, ауа да тазарды, халық та риза.
Жуық арада облыстағы өндірістік кәсіпорындар шоғырланған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын газдандыру жобасы экономикалық аймаққа қатысушы кәсіпорындардың қаржысымен шешімін табатын болды.
Жалпы, Қарағанды облысы аумағындағы газдандыру жобасының жүйелі түрде жүзеге асуына жергілікті атқарушы биліктің ықпалы зор болып отырғандығын ерекше атап өтуге тиіспіз. Облыс әкімдігі жер телімдерін заңдастыру, мердігерлермен арадағы келісімді рәсімдеу, бақылау-қабылдау жұмыстарына зор жауапкершілікпен қарап, уақыттан ұтылмайтын режимде қызмет ету ұстанымын қатаң ұстанып отыр. Нәтижесінде, қаланың экологиясы жақсарып, газдандыру жобасының экономикалық тиімділігі дәленденуде.

– Сіз басқаратын компанияның қа­­рағандылық филиалының қызмет көр­сету аумағы жөнінде нақты ақпарат бере кетсеңіз…

– Қарағанды филиалының қызмет көрсету аумағы өте ауқымды. Өйткені, филиал сөз басында айтып өткенімдей, екі облысқа қызмет көрсетеді. Филиал қарамағында «Қарағанды», «Теміртау», «Жезқазған» деп аталатын үш автоматтандырылған газ реттеу станциясы бар. Осы үш станция 797,5 шақырымдық құбыр арқылы газ тасымалдайды. Осынша қашықтықтан өндірушіден тұтынушыға жеткізу, тұтыну кезіндегі қауіпсіздік, апатты жағдайларда шұғыл қызмет көрсету функциялары – Қарағанды филиалының құзыретінде.

Газ өңірді де, көңілді де жылытады

– Бауыржан Бекзатханұлы, елімізде жылу беру маусымы аяқталды. Мұндай кезеңде газбен жабдықтау жүйе­сінің сенімділігі, инфрақұрылымның дайындығы мен халық қауіпсіздігі ерекше назарға алынады. Жалпы, осы жауапты маусымнан қандай қорытынды шығаруға болады?

– Ең алдымен айтарым, күзгі-қысқы кезең – газ саласындағы жұмыстың шы­найы сапасын айқындайтын ең маңызды сынақтардың бірі. Дәл осы уақытта инфрақұрылымның беріктігі, жүйенің се­німділігі, мамандардың кәсібилігі мен ұйымдастыру жұмысының деңгейі анық көрінеді. Сондықтан, біз үшін ең басты нәтиже, бұл ел тұрғындарының жылыту маусымын тұрақты, үздіксіз және қауіпсіз өткізуі.
Осы ретте айта кету керек, «QazaqGaz Aimaq» АҚ жылыту маусымы­на дайындықты әрдайым алдын ала және жүйелі түрде жүргізеді. Газ шаруашылығы нысандарын күзгі-қысқы кезеңге дайындауға қатысты шаралар кешені толық көлемде және кестеден ерте орындалды. Қысқа әзірлік жұмыстары өткен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден басталды.
Компанияның барлық өңірлік өндірістік филиалдарында жетекші техникалық қызметтер жұмылдырылып, газбен жабдықтау жүйесін күзгі-қысқы маусымға дайындау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, 185 232-ден астам газ реттеу пункттері мен шкафтарына ағымдағы жөндеу жүргізілді, 114 591-ден астам ажыратқыш құрылғыға арнайы техникалық қызмет көрсетілді, 1 727-ден астам электрохимиялық қорғау құралы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 1 781 400 шақырымға жуық газ құбыры аспаптық тексеруден өтті. Жалпы алғанда, негізгі дайындық шаралары техникалық жұмыс­тардың 30-ға жуық түрін қамтыды.
Өндірістік шаралармен қатар, халыққа түсіндіру жұмысы да үздіксіз жүргізілді. Тұрғындарға табиғи газды қауіпсіз пайдалану қағидалары мен оны үнемді тұтынудың маңызы жөнінде ақпарат өңірлік, республикалық БАҚ-да тұрақты, үйлерді күнделікті аралап, жадынамалар таратылды.
Жалпы, жылыту маусымының тұрақты өтуі – тек техникалық дайындықтың ғана емес, елде газдандыру ісінің кезең-кезеңімен жүйелі дамып келе жатқанының да айқын дәлелі. Бүгінгі таңда Қазақстанда табиғи газға қолжетімділік ауқымы кеңейіп, оның игілігін көріп отырған халық саны 2,6 миллионға жуықтады. Сондықтан, күзгі-қысқы кезеңнің табысты аяқталуы туралы айтқанда, біз тек бір маусымның қорытындысын ғана емес, жалпы саланың орнықты дамуын да айтып отырмыз.

– Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанды газдандыру деңгейі 64,2 %-ға жуықтады. Он жыл бұрынғы көрсеткіш 56% болғанын жақсы білеміз. Дегенмен, елінің 83%-ын газдандырып үлгерген Беларусь Республикасы немесе өз елінде газы жоқ болса да, бұл тұрғыда алға кеткен Арменияның деңгейіне біз қашан жетеміз деген сұрақ ең алдымен көкейде тұрады…

– Орынды сұрақ. Әңгіменің осы тұс­тан басталуы да орынды деп ойлаймын. Аталған елдермен Қазақстанды салыстыратын болсақ, мен мұның басты үш факторына тоқталар едім.
Бірінші фактор, аумақ пен халық санының айырмашылығы. Әлемдегі жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын Қазақстан Беларусь елінен шамамен он есе үлкен. Халық саны жағынан да біз олардан екі есе көппіз. Бұдан қандай қорытынды шығады? Біріншіден, елімізді газдандыру үшін әлдеқайда көп күш, ресурс және уақыт қажет. Өйткені, елдімекендердің бір-бірінен едәуір шалғай орналасуына байланысты тартылатын желілердің ара қашықтығы да анағұрлым ұзақ болады. Оның үстіне, Қазақстан аумағының 60 пайыздан астамы елдің батыс бөлігіндегі негізгі кен орындарынан айтарлықтай қашықта орналасқан. Екінші жағынан, Қазақстанда халықтың орналасу құрылымы кең аумақтарды қамтып, инфрақұрылымды жүйелі дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан, аумағы шағын, халқы тығыз орналасқан және инфрақұрылым тартуға қолайлы Беларусь Республикасымен де, Армения елімен де салыстырғанда, аздап кешеуілдеп қалғанымызды осы фактордың өзімен-ақ түсіндіруге болады.
Алайда, мәселе мұнымен шектелмейді. Екінші фактор да Қазақстан үшін оңай болмады. Біз бұрынғы Кеңес одағы кезеңінде географиялық ерекшеліктерге байланысты қалыптасқан тарихи газ тасымалдау жүйесінің салдарын да ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік алған кезде біз негізінен Қазақстанның батысы арқылы өтетін магистральдық газ құбырларын, «Орталық Азия – Орталық» және «Бұқара – Орал» желілерін мұра етіп алдық. Ал, Қазақстанның оңтүстігі негізінен Кеңес Одағының ортаазиялық республикаларынан өндірілген газды әрі қарай Еуропаға жеткізуге арналған «БГР – ТБА» және «Газлы – Шымкент» магистральдық газ құбырлары арқылы ішінара газбен қамтамасыз етіліп келді. Соның салдарынан тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында еліміздің оңтүстігі өзбек газына тәуелді болғанын да жасырмай, айтуымыз керек.
Осы ахуалға байланысты Қазақстан өз кен орындарының географиясын, сондай-ақ, ел аумағының кеңдігін ескере отырып, батыстан шығысқа қарай жаңа газ құбырларын тартуға мәжбүр болды. Халықтың көгілдір отынға деген сұранысын қамтамасыз ету үшін төл ресурсымыз­ға сүйеніп, жаңа магистральдық бағыттар ашуға қол жеткіздік. Батыстағы кен орындарынан газды еліміздің орталығы мен солтүстігіне жеткізу үшін ұзындығы бір жарым мың шақырымдай газ құбыры салынды. Әсіресе, «Қазақстан – Қытай», «Бейнеу – Бозой – Шымкент» секілді күретамыр құбырлардың іске қосылуы газдандыру ісін едәуір ілгерілетті. Елордаға «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының тартылуы да көптеген мәселені шешуге мүмкіндік берді.
Ал, үшінші фактор Қазақстандағы газ өндірудің ерекшелігіне байланысты. Біздің елде өндірілетін және ішкі нарыққа бөлінетін газдың едәуір бөлігі мұнай өндірумен тікелей байланысты. Өйткені, кен орындарындағы ілеспе газ мұнай өндіру қарқынын төмендетіп алмау үшін көмірсутек қабаттарының қысымын ұстап тұруға пайдаланылады. Сондықтан, Қазақстан – ілеспе газды тиімді пайдалану мәселесінде әрдайым тепе-теңдікті ұстануға мүдделі.
Осындай күрделі жағдайға қарамас­тан, Қазақстанда көгілдір отынды тұрақты тұтынатын тұрғындар саны 2,6 миллионға жуықтады.

– Қазақстан өңірлерді газдандыру мәселесінде әлдеқайда күрделі техникалық-экономикалық міндеттерді еңсергені белгілі. Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Астана қаласына газ жеткізуші «Сарыарқа» магистралы да – сондай еңселі жобалардың бірі. Өзге өңірлердегі ахуал қандай?

– Иә, небір қиындықтарға қарамастан, Қазақстан халықты экологиялық жағынан барынша таза отын түрімен қамтамасыз ету бағытында көптеген мәселені дер кезінде және жүйелі шеше білді деп нық айтуға болады. Бір ғана мысал, Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ, республикалық маңызы бар үш мегаполис Астана, Алматы және Шымкент қалаларында газдандыру деңгейі қазірдің өзінде 91-98 пайызға жетті.
Екі ірі мегаполистегі жағдай да едәуір жақсарды. Бүгінде Алматы қаласы толықтай газдандырылды деп айтуға толық негіз бар. Ал, Елорда мен оның агломерациясында өткен жылы Қазақстан Рес­публикасы Энергетика министрлігінің, Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінің, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы бізбен бірге бірлескен күш-жігерінің арқасында Ақмола облысындағы Жібек жолы, Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин, Қоянды ауылдарына және Қосшы қаласына табиғи газ берді. Соңғы болып Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола облысының Қараөткел ауылындағы 4107 үйді көгілдір отынмен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды.
Елордадағы ауқымды газдандыру жұмыстары қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда бетбұрыс кезеңіне айналды.
Астанаға табиғи газ берілгелі бері қала маңындағы бірқатар аудандар мен елдімекендердегі тұрғындардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарды. Мұның экологиялық әсерін айтпағанның өзінде, жеке үйлер секторындағы азаматтардың от жағу, отын сатып алу, күл шығару сияқты тұрмыстық ауыртпалықтан арылуының өзі үлкен өзгеріс. Әрине, Елордаға табиғи газдың алғашқы текше метрі берілген күн мен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейді. Астана қаласын газдандыру жобалары жоспарға сай әрі қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылып келеді. Қала халқының өсуіне сәйкес оған техникалық қызмет көрсету жұмыстарының көлемі де, сапасы да артып отыр.
Мемлекет басшысы өзінің жыл са­йынғы Жолдауында елімізді газ қуатымен қамтамасыз етудің маңызын ерекше атап өтеді. 2025 жылы 95 елдімекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілді. Сондықтан, «QazaqGaz Aimaq» АҚ адамдарға жылу мен жайлылық сыйлау, ел жағдайының жақсарып, өсіп-өркендеуіне үлес қосу, өнеркәсіпті дамыту және қоршаған ортаны қорғау жолындағы жұмысын жалғастыра береді. Біз үшін жоғары сапалы қызмет көрсету деңгейін сақтау – өзгермейтін қағидат.
Еліміздің бас қаласында қазірдің өзінде ЖЭС-1, ЖЭС-2, ЖЭС-3, «Юго-Восток» ГТС және «Тұран» ГТС жылу энергиясын өндіру және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін газ пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, ірі қалаларды сенімді газбен қамту мақсатында 2-3 магистральдық газ тарату станциясын орнату арқылы жоғары қысымды газ құбырларының сақинасы салынуда. Ал, бұл станциялардан орта және төмен қысымды газ желілері таралады. Соның нәтижесінде солтүстік және оңтүстік астаналардың энергия көздерін көмірден газға көшіру бағытында атқарылған шаралар ірі мегаполистердегі экологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартуға ықпал етті.

Цифрлық жүйе сиқырлық арбау емес

– Осынша ауқымды жұмысты атқаруда еліміздің энергетика саласын цифр­ландыру шешімдері септігін тигізіп жатыр ма? Себебі, «QazaqGaz Aimaq» компаниясын энергетика саласын цифрлық форматқа көшіруде көшбасшы ұйымдардың бірі деп естиміз.

– Цифрлық трансформация – болашақтың жоспары емес, компанияның күнделікті жұмысының нақты бөлігі. Бүгінгі таңда «QazaqGaz Aimaq» өтініш беруден бастап газ тұтыну көлемін есепке алуға дейінгі бүкіл процесті өзгертетін цифрлық шешімдерді енгізіп келеді.
Газ саласын цифрландыру жобалары тұрғын үйлерді газға қосуды жеңілдетумен қатар, оның экономикалық тиімділігін де көрсетіп отыр. Мысалы, 2023 жылдың қазан айынан бастап үйге газ кіргізуге арналған техникалық шарттарды алу онлайн форматқа ауыстырылды. Енді тұрғындар eGov.kz порталы арқылы өтініш беріп, ешқандай кеңсеге бармай-ақ, кезек күтпей-ақ үйіне көгілдір отын кіргізуге мүмкіндік алады. Барлық рәсім 10 минуттан аспайды.
Жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар үшін де газ тартуды рәсімдеу әлдеқайда жеңілдетілді. Газды бөлшек саудада өткізу шарттарына электрондық қол қою порталы іске қосылды. Соның арқасында заңды тұлғалар қағазбастылықтан ары­лып, қосымша келісімдерге тиісті веб-порталда қол қояды. Сонымен қатар, газ тарату желілерінің цифрлық картасы да жасақталды.
Цифрлық трансформациядағы маңыз­ды бағыттардың бірі – ақылды есептегіштер жүйесі. Smart-есептегіштер деректерді автоматты түрде, қателіксіз және жоғары дәлдікпен жолдайды. Бұл шығынды азайтып, ашықтық пен сенімділікті арттырады. Былтыр іске қосылған «QazaqGaz Aimaq» мобильді қосымшасы да деректер беруді жеңілдетті. Есептегішті суретке түсірсеңіз – жеткілікті, ал, жасанды интеллект көрсеткіштерді танып, олардың дұрыстығын тексереді. Қазіргі уақытта қосымшаны 700 мыңнан астам абонент жүктеп, оның көмегімен тұтынушылар ай сайын 270 мыңнан астам көрсеткіш тапсырды.
Сонымен қатар, Қарағанды облысында «eQural» қосымшасы белсенді түрде енгізіліп, барлық газ тұтынушылардың 79,56 пайызы есептегіш көрсеткіштерін осы қосымша арқылы береді.
Біз компанияның технологиялық жа­ңалықтары әрбір отбасының тұрмысын жеңілдетіп, күнделікті өміріне жайлылық әкеледі деп сенеміз.

– Қауіпсіздік шаралары туралы да айта кетсеңіз. Жылу беру маусымы ке­зінде бұл мәселе тіпті өзекті бола түседі ғой.

– Дұрыс айтасыз. Күзгі-қысқы кезеңде қауіпсіздік мәселесі әрдайым алдыңғы қатарға шығады. «QazaqGaz Aimaq» компаниясы тұтынушыларға газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тұрақты түрде түсіндіріп келеді. Әсіресе, газ құрылғыларын пайдаланғанда аса мұқият болудың маңызы зор.
Мысалы, 2024 жылдың 13 қыркүйегінен бастап, барлық өңірде «112» бірыңғай диспетчерлік қызметі арқылы азаматтардың ұялы телефондарына табиғи газды қауіпсіз пайдалану ережелері жөнінде SMS-хабарламалар жіберіле бастады. Со­нымен қатар, өңірлердегі төтенше жағ­дайлар департаменттерінің мамандарымен бірлесіп, жоспарлы рейдтер ұйымдастырылып келеді. Аудан және қала аумағындағы әлеуметтік нысандарда, жатақханаларда, тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, кәсіпкерлік нысандардағы ішкі газ жүйелері, газосигнализаторлар, мұржалардың тазалығы, автономды пеш­тер, желдеткіш арналары мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша мониторинг пен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, газ-техникалық инспекциямен және төтенше жағдайлар қызметімен бірлескен профилактикалық іс-шаралар аясында облыстар бойынша тұрғын үйлерді жоспарлы аралау да жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі қауіпсіздік стандарттарының сақталуын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, компания әлеуметтік желілерді де белсенді пайдаланып, тұтынушыларды табиғи газды қауіпсіз пайдалануға үйретуде. Телеарналардан күніне бірнеше рет көрсетілетін бейнероликтер ауруханалар мен емханаларда, сауда орталықтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, көшедегі және қоғамдық көліктегі мониторларда, кинотеатр экрандарында үздіксіз беріліп келеді. Әр шаңыраққа жылу мен жайлылық сыйлау­ды, қауіпсіз газ жеткізуді басты міндет санайтын «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандары алдағы уақытта да озық технологияларды өндіріске енгізіп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қоса береді.
Компания апаттық және штаттан тыс жағдайларға жедел әрекет ету жұмыстарына жоғары жауапкершілік танытады. Мысалы, ақпан айында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында қатты аяз кезінде жүк көлігі жерүсті газ құбырына соғылып, 50-ге жуық тұрғын үй жылусыз қалу қаупіне ұшырады. Ресми ақпарат бойынша, келтірілген зақым салдарынан құбыр жүйеден толық ажырап, 9 тірек бүлінген. Апаттық қызмет мамандары қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға жылу қайта берілді. Батыс Қазақстан облысында да «КамАЗ» автокөлігі газ құбырын зақымдаған оқиға тіркеліп, мұнда да жедел шаралар қабылданды. Алматыда наурыз айында манипулятор жүргізушісі шамамен 150 метр газ құбырын бүлдірген жағдай тіркелді. Мұндай оқиғалар газ инфрақұрылымын қорғау және үшінші тұлғалардың жауапкершілігі мәселесінің өзектілігін тағы бір көрсетті.
Өңірлердегі филиалдарда тәулік бойы кезекшілік атқаратын апаттық-диспетчерлік қызметке былтыр 63 жаңа автокөлік табысталды, ал, биыл олардың қатары тағы 43 көлікпен толықты. Еске саларлық мәселе, газдың иісі сезілсе немесе қандай да бір күдік туындаса, азаматтар дереу 5-104 нөміріне хабарласуы тиіс.

Сапа да, баға да – маңызды

– Жоғарыда газдандыру жұмыстарын компания әкімдіктермен бірлесіп жүр­гізетінін айтып өттіңіз. Осы іскерлік ынтымақтастықтың тетіктеріне тоқ­талып өтсеңіз…

– Газдандыру жобаларын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі – әкімдіктермен ынтымақтастық. Бұл жұмыс міндеттерді нақты бөлу мен өзара жауапкершілікке негізделген. Қазіргі уақытта газ тарату желілерінің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен салынып жатыр. Бұл жобаларда тапсырыс беруші – әкімдіктер, ал, мердігерлер – тендер рәсімдері арқылы таңдалатын ұйымдар. Акционерлік қоғам бұл процестерге бастапқы материалдарды дайындау кезеңінде қатысып, техникалық шарттарды белгілейді.
Сонымен қатар, әкімдіктермен жасал­ған меморандумдар аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ жобаны іске асырудың барлық кезеңінде техникалық мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады. Бұл – өте маңызды. Себебі, құрылыс аяқталғаннан кейін газ желілері әрі қарай техникалық қызмет көрсету үшін біздің компанияға беріледі. Біздің мамандардың газ тарату жүйелерін пайдалану саласында мол тәжірибесі бар. Сондықтан, мүмкін болатын қателіктерге жол бермеу және жүйелердің болашақта сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін біз құрылыстың барлық кезеңіндегі сапаны мұқият қадағалаймыз.

– Екіжақты жауапкершілікке негіз­делген осындай ынтымақтастықта күр­меуі қиын мәселелер кездесе ме?

– Әрине, жауапкершілік аясы қолданыстағы заңнама талаптары мен екіжақты келісімдер негізінде нақты айқындалады. Дегенмен, кез келген ірі жобада кездесетіндей, кейде белгілі бір кедергілер туындайтыны рас. Мысалы, қаржының уақытылы бөлінбеуі немесе инфляция мен басқа да факторлардың әсерінен құрылыс құнының ұлғаюы жобаларды іске асыру мерзімін шегеруге алып келуі мүмкін. Ал, бұл өз кезегінде құрылыс барысының кешігуіне және кейін нысандарды пайдалану кезінде түрлі мәселелердің туындауына әсер етеді. Сондықтан, біз жұмыс­тың әр кезеңінде барынша дәлдікпен және үйлесімді әрекет етуге тырысамыз.
Оның үстіне, Энергетика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен тұрақты кездесулер өткізу, бірлескен жұмыс топтарының қызметі, сондай-ақ, Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасына сәйкес газбен жабдықтауды дамыту жұмыстарын жоспарлау туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысының 2024 жыл­ғы 8 мамырдағы «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жар­лығына сәйкес 2027 жылдың со­ңына қарай Үкімет жанармай нарығындағы бағаны реттеуден толық бас тартуы керек. Сол уақытта нақты тұтынушы үшін газ бағасы қаншаға көтерілетінін болжауға бола ма?

– Иә, расында да аталған құжат Үкі­метке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, монополиялық нарықты қоспағанда, бағалар мен тариф­терді белгілеу еркіндігін тікелей немесе жанама шектейтін нормаларды 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін кезең-кезеңімен жоюды тапсырды. Ал, біз жұмыс істеп отырған тауарлық газды сату нарығы монополиялық қызмет түріне жатады.
Егер Ұлттық экономика министрлігінің келісімі бойынша Энергетика министрлігі бекітетін тауарлық табиғи газдың көтерме бағасы өзгерсе, біздің компания бұл тізбектегі соңғы орындаушы болғандықтан, жергілікті уәкілетті органның келісімімен тұтынушылар үшін бөлшек сауда бағасын қайта қарауға мәжбүр болады.
Мұнда тағы бір ерекше ескеретін ма­ңызды жайт бар. Елдегі газдың негізгі бөлігі батыс өңірлерде өндіріледі. Ал, оны шалғай өңірлерге жеткізу соңғы бағаның 80 пайызына дейінгі шығынды құрауы мүмкін. Сондықтан, газдың бөлшек саудадағы бағасы мемлекеттік органдармен нақты құжатталған шығындар негізінде қалыптастырылады және бекітіледі.
Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенсек, тауарлық газ нарығын ырықтандыруға қатысты әлі нақты әрі біржақты жауап жоқ. Мысалы, Италияда бұл нарық салыс­тырмалы түрде жақында ғана ырықтандырылды. Данияда ірі энергетикалық «Ørsted» компаниясы акцияларының 50,1 пайызы мемлекетке тиесілі. Норвегиядағы «Gassco» газ операторы да квазимемлекеттік компания болып саналады.
Тауарлық газ нарығының стратегия­лық маңызын, оның әлеуметтік сипатын және ішкі субсидиялау механизмін ескерсек, бүгінгі күні реттеуші органдар алдында баға саясатының болашақ бағытын айқындауда кешенді тәсілдің қажеттілігі туындап отырғаны анық.

– Осы мәселеге байланысты тағы бір сұрақ… Өткен жылдың соңында Сіз басқаратын компания тиісті министрліктермен бірлесе отырып атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушылар үшін тауарлық газ бағасын субсидиялау бойынша бірлескен пилоттық жобаны іске қосты. Жеңілдік мөлшері мен субсидияланатын тұтыну көлемі қандай есептерге негізделді?

– Қазақстанда газ бағасын мемлекеттік орган реттейді. Халық үшін екі тарифтік санат көзделген: базалық тариф және атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алушыларға арналған жеңілдетілген тариф. Бұл жеңілдік 2022 жылдан бастап, қолданылып келеді. Айта кету керек, 2024 жылдың желтоқсанына дейін жеңілдік беру механизмі бұрынғы тәсілмен жүзеге асырылды. Яғни, көмек алушылардың тізімдерін әкімдіктер жолдап, олардың деректері абоненттік базамен салыстырылатын. Алайда, мекенжайдың өзгеруі, деректердегі қателіктер немесе меншік құқығының болмауы секілді факторларға байланысты көмекке мұқтаж кейбір азаматтар бұл қолдауды ала алмай қалатын.
Сондықтан, өткен жылдың соңынан бастап, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және біздің компания бірлесіп, eGov Mobile платформасындағы «Әлеуметтік әмиян» бағдарламасы арқылы жаңа цифрлық жүйені іске қосты. Қазір бүкіл процесс автоматтандырылған. Атаулы көмек алатын азаматтарға 1414 нөмірінен жеңілдік жөнінде SMS-хабарлама келеді. Олар бағдарламаға қатысатынын растап, өздерінің жеке шотын көрсетеді. Осымен рәсім аяқталады. Бұл уақытты үнемдеуге, қателіктердің алдын алуға және әлеуметтік көмектің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. 24 пайыз жеңілдік төлем кезінде автоматты түрде қолданылады. Соның арқасында бір отбасы бірнеше мың теңге үнемдей алады. Қазір бұл жоба бүкіл республика аумағында кеңінен қолданылып отыр, шамамен 44 мың отбасы тауарлық газға жеңілдік алды.

– Биылғы жылдың алғашқы тоқса­нында атқарылған жұмыс ауқымы жө­ніндегі ақпаратпен бөліссеңіз…

– 2026 жылдың алғашқы айларында «QazaqGaz Aimaq» АҚ газбен жабдық­тау жүйесінің сенімділігін сақтау, күзгі-қысқы жылыту маусымын тұрақты өткізу, жаңа тұтынушыларды қосу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды жалғастырды. Жыл басынан бері еліміздің бірқатар өңірінде газдандыру жобалары жалғасып, өндірістік филиалдар жылыту маусымынан ойдағыдай өтті. Ал, қауіпсіздік пен цифрландыру бағыттары бойынша жүйелі шаралар іске асырылды.
Газдандыру бағыты бойынша 2026 жылдың басынан бері 32 мыңнан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізді. Бұл жұмыстар Астана қаласында, сондай-ақ, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарында іске асырылды. Те­міртау қаласында газ тарату желілерін са­лудың кезекті кезеңі аяқталып, 1 076 абонент немесе 4 300-ден астам тұрғын табиғи газға қосылды. Наурыз мерекесі қарсаңында Теміртаудың Соцгород ауданындағы тұрғындардың бір бөлігі де табиғи газға қосылып, бұл жоба «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бірінші кезегі, үшінші іске қосу кешені аясында жүзеге асырылды.
Астана мен елорда агломерациясында 2025-2026 жылғы жылыту маусымы тұрақты аяқталды. Астаналық өндірістік филиалдың пайдалануында 2 278 шақырым газ тарату желісі бар, оның 807 шақырымы Астана қаласына, 1 471 шақырымы Ақмола облысына тиесілі. Жүйеге 21 844 абонент қосылған. 2025-2026 жылдары 980 шақырым газ құбыры, 4 газ реттеу пункті, 104 шкафтық газ реттеу пункті және 277 жеке шкафтық пункт пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар қыс мезгіліндегі жоғары жүктеме кезеңінде жүйенің өткізу қабілетін арттырып, тұтынушыларды тұрақты газбен жабдықтауға мүмкіндік берді.
2026 жылғы корпоративтік және әлеуметтік бастамалар да жалғасты. Қызылорда өндірістік филиалы қасиетті Рамазан айында «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясын өткізіп, аз қамтылған отбасыларға азықтүлік себеттерін таратты. Сәуір айында Қызылорда өндірістік филиалы Ұлттық құрылтайды өткізуге қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, екі күн бойы үздіксіз жұмыс істеген 10 сала маманы арнайы аталып өтті. Сонымен бірге, компания жастары экологиялық акцияларға қатысып, Қа­рағанды мен өзге өңірлерде сенбілік жұ­мыстарына белсенді араласты.
Оған қоса, өткен Референдумға 5309 әріптестерім бірауыздан дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын танытты.
Осылайша, 2026 жылдың алғашқы ай­ларындағы жұмыстар «QazaqGaz Aimaq» АҚ үшін тек жылыту маусымын қорытындылау кезеңі емес, сонымен бірге газдандыруды жалғастыру, жүйенің сенімділігін күшейту, қауіпсіздікті арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және халыққа қолайлы қызмет көрсету бағытындағы сабақтас жұмыстың жалғасы болғанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, газдандыру, тек халықтың жайлы өмір сүруіне қызмет ететін жоба емес. Ол сонымен бірге экологиялық ахуалды жақсартуға, өңірлердің дамуына, адамдардың тұрмыс сапасын арттыруға және елдің энергия қауіпсіздігін нығайтуға тікелей ықпал етеді. Біз бұл маңызды міндетті өзімізге жүктелген мемлекеттік жауапкершілік деп түсінеміз.

– Сол міндет үдесінен шыға беріңіздер! Компания жұмысы туралы толық­қанды ақпарат беріп, жоба-жоспарларыңызбен бөліскеніңіз үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button