АймақЖаңалықтар

Әлем мойындаған қазақ математигі, профессор Айбат Ешкеев – 70 жаста

Қазақ ғылымының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Ешкеевтер әулеті – ұлттық интеллигенцияның жарқын үлгілерінің бірі. Бұл әулеттің тамырында ағартушылық рух, білімге адалдық пен ұлтқа қызмет ету мұраты қатар өрілген. Айбат Рафхатұлының арғы тегі – ел ішінде оқығандығымен, зиялылығымен ерекшеленген әулет.

Сурет Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінен

Зия мен ғылым тоғысқан шаңырақ

Ғалымның атасы Армия Есмағамбетұлы өткен ғасыр басындағы қазақ даласындағы санаулы сауатты азаматтардың қатарынан еді. Ол Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесінде білім алып, сол кезеңдегі қазақ руханиятының көрнекті өкілдерімен бірге тәлім көрді. Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин де осы медреседе оқығаны белгілі. Армия Есмағамбетұлы жастайынан білім іздеп, туған ортасының қарсылығына қарамастан ғылым жолын таңдаған қайсар жан болған.

Елге оралғаннан кейін ол ағартушылық қызметпен айналысып, қазақ қоғамындағы озық ойлы азаматтармен бірге ұлттық баспасөздің қалыптасуына атсалысты. Қазақтың алғашқы әдеби-мәдени басылымдарының бірі болған «Садақ» журналының жарық көруіне үлес қосқан азаматтардың қатарында болды. Бұл туралы әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев өзінің зерттеулерінде арнайы тоқталады.

Ешкеев Армия (1889 ж.т.) Қарағанды облысы Нұра ауданының №1 ауылында дүниеге келген қазақ азаматы. Орта білім алған ол Қарағанды қаласындағы №19 мектепте мұғалім болып қызмет атқарған. Алайда ұлт зиялыларының тағдырына тән ауыр кезең Армия Есмағамбетұлын да айналып өтпеді. 1938 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде Армия Ешкеев негізсіз айыппен қудалауға ұшырады. 1938 жылдың 28 сәуірінде Қарағанды облыстық УНКВД тарапынан тұтқындалды. Аталған деректер Қазақстан Республикасының саяси қуғын-сүргін құрбандары жөніндегі «Список жертв репрессий Республики Казахстан» архивтік базасында сақталған. Алайда тергеу барысында тағылған айыптардың дәлелсіз екені анықталып, 1939 жылдың 21 сәуірінде Қарағанды облыстық УНКВД шешімімен қылмыстық іс «қылмыс құрамының дәлелденбеуіне байланысты» тоқтатылып, толық ақталды. Қуғын-сүргіннің ауыр зардабын көрсе де, оның рухы сынбай, айдау мен қудалау жылдарынан аман өтіп, ел игілігі жолындағы қызметін жалғастырды.

Осындай текті ортада дүниеге келген Айбат Рафхатұлының ата-анасы да ғылым мен білім саласына өмірін арнаған жандар еді. Әкесі Рафхат Армияұлы – философия ғылымдарының көрнекті өкілі, ғылыми жұмысын әйгілі Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде қорғаған санаулы қазақ ғалымдарының бірі. Ол Қарағанды жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар бойы кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, ғылыми ортада үлкен беделге ие болды. Анасы Ұлбек Оспалақова Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасында ұстаздық етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұлағатты педагог ретінде танылды.

Айбат Рафхатұлы – әулеттің үлкен перзенті. Оның бауырлары да әрқайсысы өз саласында биік жетістіктерге жеткен. Аида Рафхатқызы медицина ғылымдарының кандидаты атанып, елордадағы медициналық мекемелердің бірінде қызмет етеді. Гүлнар Рафхатқызы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің математика факультетін тәмамдап, қаржы саласында еңбек етуде. Ал кенже інісі Айбар Рафхатұлы ірі қаржы құрылымдарының бірінде жауапты басшылық қызмет атқарады.

Осылайша Армия Есмағамбетұлынан басталған зиялылық дәстүр бірнеше буын бойы жалғасып, Ешкеевтер әулетін ғылым мен парасаттың ордасына айналдырды.

Ұстаз сенімін ақтаған математик

Математика – терең логика мен асқан ойлау мәдениетін талап ететін күрделі ғылым. Мұндай саланы таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Айбат Рафхатұлы да студенттік кезеңнен бастап ерекше зеректігімен, ғылымға деген құштарлығымен көзге түсті.

1973 жылы мектеп бітірген соң ол Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түседі. Студент кезінен-ақ математикалық логика мен модельдер теориясына айрықша қызығушылық танытып, ғылымның күрделі салаларына ден қоя бастайды. Оның ғылыми қабілетін байқаған белгілі математик, профессор Төленді Ғарифұлы Мұстафин жас зерттеушіні өз қарамағына алып, ғылыми ізденіс жолына бағыттайды.

Ұстазы Төленді Мұстафин ҚарМУ тарихындағы математика ғылымдарының тұңғыш докторы ретінде танылған тұлға еді. Ол шәкіртінің болашағынан үлкен үміт күтті. Айбат Рафхатұлы да сол сенімді ақтап, модельдер теориясы бағытындағы алғашқы еңбектерімен ғылыми орта назарын аударды.

Кейін ол математикалық логика, йонсондық теориялар және модельдер теориясы салалары бойынша іргелі зерттеулер жүргізді. Ғалымның ғылыми еңбектері қазіргі заманғы математиканың аса күрделі әрі маңызды бағыттарына арналған. Оның зерттеулері теориялық математикадағы жаңа ғылыми тұжырымдардың қалыптасуына ықпал етті.

Қазақ тіліндегі ғылымның жанашыры

Айбат Рафхатұлының ғылымдағы ерекше қадамдарының бірі – докторлық диссертациясын Қазақстан математика тарихында қазақ тілінде қорғаған бірінші математик болып табылады. Бұл оқиға отандық ғылым тарихындағы айрықша белестердің бірі болып саналады. Ғалым докторлық жұмысын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның белгілі ғалымдарымен қоса Новосибирсктің белгілі өкілдерінің алдында баяндады.

Ол 1995 жылы «Йонсондық теориялар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, 2010 жылы «Кемел позитивті йонсондық теориялардың құрылымы» атты докторлық еңбегін сәтті тәмамдады.

Ғалымның тағы бір айрықша қыры – бірнеше тілді еркін меңгеруі. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп қана қоймай, ғылыми ойлау мен зерттеу нәтижелерін де осы тілдерде жүйелі түрде жеткізе алды. Айбат Рафхатұлы математикалық логика және модельдер теориясы салаларында еңбек ете отырып, қазақ тілінде ғылыми аппаратты дамытуға ерекше мән берді. Түпнұсқа ағылшын және француз тілдеріндегі күрделі терминдерді қазақша ғылыми айналымға бейімдеп, бірқатар жаңа балама атаулар мен ұғымдарды қалыптастыруға атсалысты. Осы арқылы ол ұлттық ғылыми тілдің мүмкіндігін кеңейтіп, математикалық логика мен модельдер теориясы бағытындағы қазақ тіліндегі терминологиялық қордың дамуына елеулі үлес қосты.

Әлемдік ғылыми кеңістіктегі қазақ ғалымы

Айбат Рафхатұлының ғылыми қызметі халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Ол Association for Symbolic Logic халықаралық ұйымының мүшесі. Бұл – қазіргі математикалық логика саласындағы ең беделді қауымдастықтардың бірі.

Ғалым Франция, Германия, Англия, Ресей, Түркия, Чехия, Әзірбайжан, Тайланд, Малайзия, Италия, Испания, Швейцария, Швеция, Финляндия, АҚШ, Сербия, Польша, Қытай, Оңтүстік Корея, Австрия және басқа да көптеген мемлекеттерде өткен халықаралық конференцияларда пленарлық, секциялық және ғылыми семинарларда баяндама жасады, сонымен қатар Erasmus plus программа бойынша студенттерге дәріс оқыды, Қазақстан ғылымының беделін көтерді. Оның ғылыми баяндамалары халықаралық математикалық ортада жоғары бағаланып, беделді басылымдарда жарық көрді.

Айбат Рафхатұлының ғылыми мұрасы – уақыт сынынан өтіп, маңызын жоғалтпайтын іргелі ізденістер жиынтығы. Ғалымның қаламынан туған жүздеген ғылыми мақалалар мен бірнеше монографиялық еңбектер оның тынымсыз ізденіс пен терең аналитикалық ойлау қабілетінің айқын көрінісі болып табылады. Бұл зерттеулер тек бүгінгі ғылыми кеңістіктің сұранысына жауап беріп қана қоймай, болашақ математика ғылымының, әсіресе математикалық логика мен модельдер теориясы салаларының теориялық негізін қалыптастыруға қызмет етеді.

Айбат Ешкеевтің ғылыми еңбектері әлемдік беделді дерекқорларға еніп, халықаралық ғылыми айналымда кеңінен танылған. Қазіргі мәліметтерге сәйкес, оның 300-ден астам ғылыми мақаласы жарияланған, олардың елеулі бөлігі Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелген. Бұл – ғалымның зерттеулерінің сапасы мен өзектілігін халықаралық ғылыми қауымдастық мойындағанының нақты дәлелі.

Ғалымның ғылыми беделін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – оның Хирш индексі. Соңғы деректер бойынша, H-index көрсеткіші Web of Science дерекқоры бойынша 14-ке, ал Scopus бойынша 12-ге тең. Бұл нәтижелер оның еңбектерінің халықаралық деңгейде жиі дәйектеліп, ғылыми айналымда белсенді қолданылатынын көрсетеді.

Осылайша, Айбат Рафхатұлының зерттеулері тек жеке ғылыми жетістік шеңберінде қалмай, тұтас бір ғылыми мектептің қалыптасуына ықпал еткен іргелі интеллектуалдық капитал ретінде бағаланады.

Ұстаздық қызметі де Айбат Рафхатұлының ғылыми болмысымен қатар өрілген маңызды қырының бірі. Ол ұзақ жылдар бойы қазіргі академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қабырғасында еңбек етіп, біраз жылдар бойы профессор Т.Ғ. Мұстафин атындағы алгебра, математикалық логика және геометрия кафедрасын басқарды. Бұл кезеңде ол тек басшылық немесе ұйымдастырушылық қызмет атқарып қана қоймай, кафедраның ғылыми бағытын айқындап, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беретін нағыз ғылыми мектеп қалыптастырды.

Ғалымның жетекшілігімен 11 PhD докторлық диссертация қорғалып, 50-ден астам магистрант жоғары ғылыми дәрежелерін алып шықты. Бұл – тек сандық көрсеткіш емес, тұтас бір ғылыми буынның қалыптасқанын білдіретін маңызды нәтиже. Оның шәкірттері бүгінгі күні еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында еңбек етіп, математикалық логика мен модельдер теориясы бағытында зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.

Айбат Рафхатұлы әрбір шәкіртінің ғылыми жолын жеке жауапкершілікпен қарап, олардың зерттеу тақырыптарын таңдаудан бастап, диссертацияның соңғы нәтижесіне дейін жүйелі түрде бағыттап отырды. Ол үшін ғылым – тек теориялық білім емес, ойлау мәдениетін қалыптастыратын рухани мектеп болды. Ғалымның ғылыми мектебі бүгінде Қазақстандағы математикалық логика саласының жетекші орталықтарының біріне айналып отыр. Бұл – ұстаз еңбегінің, ғылыми табандылықтың және ұлттық ғылымға деген адалдықтың айқын көрінісі.

Ғалымның ұзақ жылғы еңбегі мемлекет пен ғылыми орта тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар марапаттармен атап өтілді. Айбат Рафхатұлы «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иесі, сондай-ақ университет тарапынан берілген «Жыл адамы» мәртебесінің иегері атанды. Сонымен қатар «Алтын қалам» номинациясы мен университеттің 40 жылдығына арналған «40 жыл КарМУ» мерейтойлық медалімен марапатталған.

Ол сондай-ақ Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің Құрмет грамотасын және халықаралық білім беру жобаларына қосқан үлесі үшін бірнеше Алғыс хаттарды иеленді. Оның ішінде 2015 жылғы Астанада өткен халықаралық семинарды және British Council ұйымдастырған CLIL конференциясын өткізуге қатысуы ерекше аталады. Ғалым «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» және «30 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен де марапатталған.

Айбат Рафхатұлы ғылыми жобалар саласында ғылыми жетекші әрі жауапты орындаушы ретінде көптеген іргелі бастамаларды табысты жүзеге асырған тәжірибелі ғалым. Айбат Рафхатұлы қазіргі кезеңде де ғылыми-зерттеу қызметін белсенді жалғастырып, жаңа гранттық жобаларға жетекшілік етіп келеді. Осылайша, ғалымның жобалық қызметі тек ұйымдастырушылық деңгеймен шектелмей, іргелі ғылыми нәтижелерге бағытталған жүйелі зерттеу жұмысы ретінде бағаланады.

Айбат Рафхатұлы профессор-зерттеуші ретінде ғылыми және педагогикалық қызметті ұштастыра отырып, өзіне жүктелген міндеттерді жоғары кәсіби деңгейде атқарып келеді. Ол оқу үдерісін ұйымдастырумен қатар, ғылыми ізденістерді жүйелі түрде жүргізіп, жас зерттеушілердің қалыптасуына бағыт-бағдар беріп, университеттің академиялық ортасын дамытуға үлес қосуда.

Бүгінде ғалым өз зерттеу бағытын одан әрі тереңдетіп, математикалық логика мен модельдер теориясы саласында жаңа ғылыми идеялар ұсынып, заманауи бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда. Оның ғылыми ізденістері теориялық математиканың өзекті мәселелерін қамтып, халықаралық ғылыми кеңістікте танылып отырған іргелі зерттеулермен сабақтасып келеді.

Мақаланы түйіндей келе, биыл жетпіс жасқа толып отырған профессор Айбат Рафхатұлына шынайы құрмет пен ыстық ықыласымызды білдіреміз. Ғылым жолында табандылық танытып, тұтас бір ғылыми мектептің қалыптасуына негіз болған көрнекті ғалымның еңбегі ел жадында сақтала бермек. Алдағы уақытта да абыройыңыз асқақтап, шығармашылық қуатыңыз артып, ғылыми ізденістеріңіз жаңа биіктерге жете берсін деген ізгі тілегімізді жолдаймыз. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және ғылымдағы жаңа табыстар серігіңіз болсын!

Математика және ақпараттық технологиялар факультетінің ұжымы

Басқа материалдар

Back to top button