2027 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді
Астана 2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Лондонда өтіп жатқан қазіргі әлем чемпионаты аясында Қазақстанға Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туы салтанатты түрде табысталды деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Осылайша еліміз әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстың ресми ұйымдастырушысы атанды. Әлем чемпионаты 2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында Астанада өтеді. Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет бұл турнирді өткізетін ел болмақ. Жарысқа шамамен 1250 ресми қатысушы келеді деп күтілуде.
Негізгі бәсекелер «Барыс Аренада» ұйымдастырылса, қосымша алаң ретінде QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешені пайдаланылады. Чемпионат аясында ITTF Summit 2027 халықаралық іс-шарасы да өтеді.
Айта кетейік, 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығы үшін Қазақстан Франция, АҚШ, Қытай және Бразилиямен бәсекеге түсіп, дауыс беруде жеңіске жеткен болатын.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



