АймақБалқаш

Бітімгер сарбаздың бір күні

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары адамзат тарихындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі ретінде есте қалды. Кеңес Одағы ыдырап, жаңа тәуелсіз мемлекеттер қалыптасқан тұста бұрынғы одақтас республикалардың бірқатарында әлеуметтік шиеленістер мен экономикалық дағдарыстар орын алды. Әсіресе, Ауғанстанмен шекаралас жатқан Тәжікстан Республикасында жағдай күрт ушығып, 1992 жылы азаматтық соғыс бұрқ ете түсті. Бұл қақтығыс 50 мыңға жуық адамның өмірін жалмап, өңірдегі тұрақтылыққа зор қауіп төндірді. Қару-жарақ пен есірткі тасымалы күшейіп, жағдай бүкіл Орталық Азия елдеріне әсер етуі мүмкін еді. Осындай күрделі шақта Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдері бірлесіп, бітімгерлік күштер құрып, Тәжік-Ауған шекарасын қорғауға шешім қабылдады. Осы қауіпті міндетке Қазақстаннан да әскери бөлімдер жіберілді. Солардың қатарында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының, Жаңатоған ауылының тумасы Шорман Абзалов та болды.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

1975 жылы дүниеге келген Шорман Бақытұлы 1993 жылдың 25 қарашасында Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылды. Әскери тәртіпке тез бейімделіп, жауапкершілігімен көзге түскен жас сарбаз кейін Тәжік-Ауған шекарасындағы қауіпті аймақтарға жіберілді. 1995 жылы Шымкенттен шамамен 100 әскери қызметкер Тәжікстанға аттанды. Олар алдымен Душанбе қаласына жетіп, кейін Калайхум арқылы Пяндж өзені бойындағы Пшихарв шатқалына орналастырылды. Бұл аймақ стратегиялық маңызы жоғары, бірақ өте қауіпті өткел болатын.

1995 жылдың көктемінде Шорман Абзалов 7-ші рота, 3-ші взвод құрамында қызмет атқарып жүрген еді. Ол кезде небәрі 19 жаста болатын. Әскерден қайтуына бірнеше ай қалғанына қарамастан, ол өз еркімен осы миссияға қатысуға шешім қабылдады. 1995 жылдың 7 сәуірі қазақстандық жауынгерлер үшін ең ауыр күндердің бірі болды. Колонна Пшихарв шатқалына кірген сәтте күтпеген жерден гранатомет пен автоматтық қарудан жаппай шабуыл басталды. Тау арасындағы тар өткелде колоннаның басы мен соңы бір мезетте атқыланып, сарбаздар қоршауда қалды. Әуеден қолдау болмағандықтан, жағдай одан әрі күрделене түсті. Ұрыс шамамен бес сағатқа созылды. Жау биік нүктелерді пайдаланып, төмендегі колоннаға үздіксіз оқ жаудырды. Осы қанды шайқаста Шорман Абзалов ауыр жарақат алады. Оқ оның сол аяғын тесіп өтеді. Ол жарасын өзі таңып, қан тоқтатуға тырысты.

ІІІ взвод құрамы. 7 рота. Ш.Абзалов бірінші қатарда, сол жақтан бірінші

Осы сәттерде оның көз алдында өте ауыр көріністер орын алды. Радик Қаймулдиев пен Ербол Бекебаев ауыр жараланған күйде жанында жатты. Өзі жаралы болса да, қаруластарын аман алып қалуға қанша күш салынғанымен, екеуі де Шорманның көз алдында қансырап қаза тапты. Сол кезде Ербол деген азамат Шорманды ұрыс даласынан сүйреп шығарып, өмірін сақтап қалған еді. Кейіпкеріміздің айтуынша, Қарағанды облысынан бұл әскери сапқа барлығы төрт азамат қатысқан. Солардың қатарында Шорман Абзаловпен бірге жауынгерлер Еркебұлан Мақажанов, Нұрлан Балтабаев және Бірлік Домбаев та болған. Қанды шайқас кезінде жаңаарқалық Еркебұлан Мақажанов ерлікпен қаза тапқан.

– Оқ жаңбырдай жауды. Жерге жабысып жаттық. Қозғалу мүмкін емес. Тік­ұшақпен қолдау болуы керек еді, бірақ ауа райы мүмкіндік бермеді. Сол сәтте әркім өз өмірі үшін күресті. Оқ аяғымды тесіп өтті. Қатты ауырсындым. Ең алдымен қан тоқтатуға тырыстым. Ол кезде ойлайтын нәрсе біреу ғана – тірі қалу екен. Көз алдымнан қаза болған азаматтардың бейнесі кетпейді, – дейді Шорман Бақытұлы.

Ұрыс тек кешке қарай аяқталады. Кешкі сағат 20.00-де Калайхумнан келген қосымша күштер көмек қолын созады. Бұл қақтығыста 17 жауынгер қаза тауып, 33 сарбаз жараланды. Оқиға тәуелсіз Қазақстан әскери тарихындағы ең ауыр шайқастардың бірі ретінде қалды. Жараланған сарбаздар алдымен Калайхумға, кейін Душанбе қаласындағы госпитальға жеткізілді. Сол жерде Шорман Абзаловқа күрделі операция жасалды.

Осы кезеңде Шорманның ерлігі жоғары бағаланды. Кейін ол марапатты Қазақстан Президентінің қолынан алды. Мерекелік медальдарды кеудесіне жарқырата тақты. Сонымен қатар, Тәжікстан тарапынан да марапат ұсынылған кезде ерекше бір оқиға орын алды. Шорман марапаттау рәсімі кезінде Тәжікстан Президенті де оның ерлігін жеке өзі бағалап, «I дәрежелі әскери мінсіз қызметі үшін» наградасын табыстаған. Сол сәтте айтылған «қолыңды жума, Тәжікстан Президенті өзі сені марапаттады» деген сөз оның жадына ерекше сақталып қалды. Бұл оның ерлігі тек бір елде емес, екі мемлекет деңгейінде мойындалғанының дәлелі болды.

Кейін Шорман Алматыдағы әскери госпитальда емін жалғастырып, елге оралды. Бейбіт өмірге бейімделіп, еңбек жолын жалғастырды. Ол – механизатор. Кейін Балқаш қаласында түрлі қызметтер атқарып, ұзақ жылдар ішкі әскер қатарында старшина болып қызмет етті.

– Бейбіт өмірге оралғаннан кейін еңбек жолымды жалғастыр­дым. Ұзақ жыл бойы Қазақстан Ішкі әскерінің 6505 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет еттім. Турасын айтқанда, 20 жыл бойы әскер қатарында абыроймен еңбек етіп, старшина шенінде зейнетке шықтым. Әскер – менің өмірімнің бір бөлігі. Сол жолда талай нәрсе көрдік. Бірақ, бір нәрсені әрқашан айтамын. Еліміз тыныш болсын! Біздің балалар соғыс көрмесін!, – дейді Шорман Абзалов.

Отбасылық өмірінде ол Айнұр Қосдәулетқызымен шаңырақ көтеріп, төрт бала тәрбиеледі. Ұлы Айдар әке жолын жалғастырып, әскери қызметті таңдады. Бұл – ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі.
Айта кетейік, бүгінде Пшихарв шатқалындағы шайқас ұмыт қалған жоқ. Жыл сайын 7 сәуір күні қаза тапқан жауынгерлер еске алынады. Шымкент пен басқа қалаларда олардың есімдері берілген ескерткіштер орнатылған. Душанбе қаласында да қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориал бар. Қазіргі уақытта Балқаш қаласында Тәжік-­Ауған қақтығысына қатысқан 23 ардагер тұрады. Сол ардагерлердің басын қосып, елдік пен ерлікті ұлықтап жүрген азамат – Ерғали Өмірзақов. Ол Тәжік-Ауған ұрыс қимылдары ардагерлер бірлестігінің төрағасы ретінде жастармен кездесулер өткізіп, патриоттық тәрбиеге үлес қосып келеді. Шорман Абзалов та сол бірлестіктің белсенді мүшесі ретінде жұмысын жалғастыруда. Олар мектептерде, жиындарда соғыс шындығын айтып, бейбіт өмірдің бағасын түсіндіреді. Шорман Абзаловтың өмір жолы – ерлік пен адалдықтың айқын көрінісі. Оның көз алдында жолдастарының қаза табуы, өзі ауыр жараланып аман қалуы және екі ел тарапынан да жоғары бағалануы – сол кезеңнің тарихи шындығын айқын көрсетеді. Бұл оқиға ұрпақ жадында сақталатын ерлік шежіресі болып қала береді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button