«Қарағанды-Алматы» бағытындағы халықаралық маңызы бар күре жол бойында пайдалануға берілген «Батыр» дәмханасы кәсіпкер Батырбек Жайсаңбаевтың бастамасымен бой көтерді.

Жалпы аумағы 350 шаршы метрді құрайтын дәмхана небәрі төрт ай ішінде салынып, іске қосылды. Жобаның құны – 150 миллион теңге. 6 жаңа жұмыс орны ашылды.
Кәсіпкер Батырбек Қапасұлы 2013 жылдан бері кәсіпкерлікте. Жұбайы Торғын Ерболатқызымен бірге қоғамдық тамақтануда жүрген тәжірибелі мамандар. Бұған дейінгі нысан орналасқан аумақта көлік қозғалысының азаюы жаңа шешім қабылдауға түрткі болған.
– Уақыт талабына сай өзгеріс қажет болды. Осы жобаны бастамас бұрын еліміздің бірқатар өңірлерін аралап, жол бойындағы сервистің жұмысымен таныстым. Жинақтаған тәжірибе нәтижесінде осы дәмхананы ашуды жөн көрдік. «Батыр» атауының өзі көп мағынаны аңғартады. Бұл – ел қорғаған ерлердің рухына тағзым, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің көрінісі. Мен туған жерге деген құрметімді осылайша көрсеткім келді, – дейді кәсіпкер.
Дәмхана заманауи талаптарға толық сай жабдықталған. 49 орындық кең әрі жарық зал жолаушыларға қолайлы етіп салынған. Ас мәзірінде ұлттық тағамдарға басымдық берілген.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Алтай Әбішев жобаның өңір экономикасына серпін беретінін атап өтті. Ал, «Балхашстоматология» ЖШС директоры Қаныш Искаков кәсіпкердің бастамасына жоғары баға берді.
Айта кетейік, кәсіпкер алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтуді жоспарлауда.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



