Махаббат – оның есімі
Ауыр атлетика десе, көпшіліктің көз алдына ең алдымен ерлер бейнесі келетіні жасырын емес. Дегенмен, бүгінгі таңда бұл спорт түрінде табысқа жетіп жүрген нәзік жандар да бар. Солардың бірі – қарағандылық спортшы Любовь Ковальчук. Ұлты беларусь болғанымен, оның балалық шағы қазақ ауылында өткен. Сол ортадан алған тәлім-тәрбиесі, болмысы, мінез, тіпті, ұлттық құндылықтарға деген құрметі өмірлік ұстанымының бір бөлігіне айналған. 1 мамыр мерекесі қарсаңында біз чемпионмен азды-көпті сұхбат құрып, ішкі жан дүниесіне үңіліп көрдік…

Любовь Ковальчук – беларусь ұлтының өкілі болғанымен, тағдыры мен тәрбиесі қазақ топырағымен тығыз байланысты. Өзі Абай қаласында дүниеге келген. Ал, балалық шағы Шет ауданына қарасты Әлихан ауылында өткен. Жеті жылдық білімін сол ауылда тәмамдап, Теміртаудағы Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжіне түседі. Бүгінде Любовь – небәрі 24 жаста болса да, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. V және VI Ислам ойындарының күміс жүлдегері, әрі ересектер арасындағы Азия чемпионатынан да күміс және қола жүлде иеленген. Ол қазақ тілін еркін меңгерген. Ойын анық әрі жатық жеткізуіне қарап-ақ, ауылдың тәрбиесін аңғарасыз. Бойынан қазақы тәлім мен ұлттық рухтың лебі сезіліп-ақ тұр.

– 1 мамыр – отбасымыз үшін ерекше мереке. Себебі, шаңырағымызда түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әкем – беларусь ұлтының өкілі, анам – орыс. Ал, әкемнің ағасының жары – қазақ. Соған қарамастан, барлығымыздың ортақ тіліміз – қазақ тілі. Отбасымда төртеуміз. Бәріміз қазақ мектебінде білім алдық. Қазақы тәлім-тәрбие алып, ауылдың қарапайым да шынайы өмірінде өстік. Сол орта бізді еңбекқорлыққа, сыйластыққа және үлкенді құрметтеуге баулыды. Біздің үйде әрбір мереке – ерекше мәнге ие. Дастарқан жайып, қонақ күту – бұлжымас дәстүріміз. Айт күндері ауызашар беріп, ағайын-туысты жинау да отбасымыздың ажырамас салтына айналған. Осындай құндылықтарды бізге кішкентайымыздан ата-анамыз сіңіріп өсірді, – деді Любовь Ковальчук.
Ауылда спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік көп бола бермейтін. Арнайы спорт зал да, қажетті құрал-жабдықтар да тапшы еді. Сол кезеңде тек күрес секциясы ғана жұмыс істеп тұрған. Любовь 12 жасында әкесінің қолдауымен сол үйірмеге барып, спорттағы алғашқы қадамын бастайды.
Кейін Теміртаудағы оқуына түскен соң ол дзюдоға жазылуды жоспарлаған. Алайда, аталған секцияда орын болмай, ауыр атлетикаға түсіпті.

– Ауыр атлетикамен жарты жылдай айналысқаннан кейін дзюдоға ауысқым келген. Бірақ әкем: «Бастаған ісіңді соңына дейін жеткіз» деп, осы спортта қалуыма ықпал етті. Алғашқы жарысым Теміртау қаласында өткен облыстық біріншілік болды. +75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, серпе көтеруде – 35 келі, жұлқа көтеруде – 60 келіні бағындырып, екі бірдей алтын жүлде иеленгенім әлі күнге дейін есімде. Бір қызығы, жарысқа дейін жаттығуда мұндай салмақты көтеріп көрмегенмін. Оның үстіне, бұл спортқа әлі толық бейімделіп, қыр-сырын сезіне қоймаған кезім. Қос алтынды мойныма таққан сәттегі әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Дәл сол жеңістен кейін ауыр атлетикаға деген шынайы махаббатым оянып, үлкен жетістіктерге ұмтылуға бар күшімді сала бастадым, – дейді спортшы.
Қазіргі таңда Любовь Ковальчук Шымкент қаласында ұлттық олимпиада құрамасының сапында оқу-жаттығу жиындарында. Алдағы басты мақсат – қыркүйек айында өтетін Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу. Осы турнирде 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынады. Ал, біз жерлесімізге осы жолда тек сәттілік тілейміз!
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



