Онлайн сауда офлайнды ығыстыра ма?
Соңғы жылдары Қазақстанда бөлшек сауда нарығы едәуір өзгеріске ұшырады. Әсіресе, киім-кешек сауда-саттығында офлайн дүкендер мен онлайн сауданың арасындағы бәсеке күшейіп келеді. Кәсіпкерлерді «Қай бағыт тиімді?» деген сұрақ мазалай бастады. Ал, тұтынушы үшін қайсысы қолжетімді? Онлайн ба, әлде офлайн ба?

Баға мен ыңғайлылық бәсекесі күшейген кезең
Астана қаласында бірнеше бағытта бизнес жүргізіп көрген жас кәсіпкер Батырхан Сағатовтың тәжірибесі бұл өзгерістердің нақты көрінісі. Сауда айналымы бар, бірақ, таза пайда аз.
Кәсіпкердің айтуынша, ай сайынғы сауда айналымы 2-3 миллион теңгені құрайды. Алайда, жалдау ақысы, салық және тауардың өзіндік құнын есептегенде таза табыс 250-300 мың теңге шамасында ғана қалады.
Мәселен, офлайн дүкендерде сауда орнын жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер, қызметкерлер жалақысы, салықтық жүктеме тауар бағасына тікелей әсер етеді. Нәтижесінде қарапайым ақ футболканың құны 10-12 мың теңгеге дейін өсіп кетеді.
Сондықтан да, қазіргі кезде онлайн сауданың айдарынан жел есіп тұр. Әрі бұл тұтынушы үшін де, кәсіпкер үшін де уақыт үнемдеудің тиімді жолына айналған. Яғни, тұтынушы бұрынғыдай табан тоздырып, киім іздеп жүрмейді. Уақыт жоғалтпайды. Кәсіпкер де белгілі бір жерге байланып, тауарын саудалап отырмайды. Әлемнің кез келген бұрышында тауарын нарыққа шығара алады. Бұған жылдам жеткізудің дамуы да ықпал етуде.
Расымен де, қазір көпшілік онлайн сауда жасайды. Өзіміз де бұған жиі жүгінеміз. Қолайлы екеніне көз жетті. Әрине, кейде күткен тауарлардың көңілден шықпайтын кезі болады. Ол кезде кері қайтару мүмкіндігі де қарастырылады.
Онлайн баға артықшылығы неде?
Ал, онлайн саудада шығындар едәуір төмен. Сауда орны үшін жалдау ақысы жоқ, қызметкер саны аз, операциялық шығындар қысқарады. Соның арқасында сол ақ футболка 4-5 мың теңгеден ұсынылады. Бұл – тұтынушы үшін айқын артықшылық.
Соңғы жылдары онлайн сауда үлесінің артуы да осы факторлармен байланысты. Сарапшылардың дерегінше, 2019 жылы онлайн сатылым үлесі шамамен 15% болса, 2024-2025 жылдары бұл көрсеткіш 20-21%-ға жеткен. Алдағы жылдары өсім қарқыны 15-20% деңгейінде сақталуы мүмкін деген болжам бар.
Кәсіпкерлер тұтынушы таңдауы бүгінде бренд емес, баға екенін атайды.
– Мәселен, ТМД елдері нарығында киім таңдауда тұтынушылардың басым бөлігі брендтен гөрі бағаға мән береді. Экономикалық жағдай, табыс деңгейі және инфляциялық қысым секілді аргументтер баға факторын алдыңғы орынға шығарды. Бұл жағдайда қолжетімді өнім ұсынған кәсіпкер ғана ұтады, – дейді кәсіпкер Батырхан Сағатов.
Қытай тәжірибесі – жаңа модель
Қытай соңғы жылдары онлайн сауданың жаңа форматын дамытты – live-stream сауда. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде тауар көрсету, бірден сату және жедел жеткізу жүйесі кең таралған. Бұл модель біртіндеп Қазақстан нарығына да еніп келеді. TikTok, Instagram, маркетплейстер арқылы тікелей сатылым форматы дамып жатыр. Осы арада «Офлайн дүкендер жойыла ма?» деген сұрақ туындайды. Сарапшылар офлайн формат толық жоғалады деп есептемейді. Алайда, олар шоурум форматына, бренд имиджін қалыптастыру алаңына, клиентпен тікелей байланыс орнына айналып барады. Негізгі сатылым көлемі онлайнға ауысуы ықтимал. Қазіргі нарық талабы икемділік болып тұр. Бүгінгі нарықта табыс табудың басты шарты – тұтынушыға ыңғайлылық. Баға, жылдамдық, қолжетімділік, сервис осы арада мұның бәрі шешуші рөл атқарады. Халықтың қажеттілігін дәл аңғарып, тиімді баға саясатын ұстанған кәсіпкер ғана тұрақты өсімге қол жеткізе алады.
Онлайн сауда уақытша тренд емес. «Нарық эволюциясының келесі кезеңі» дейді ақылды технологиялар.
Бекет ҚУАНЫШ,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



