Нұра ауданында өнер мектебі ашылады
Нұра ауданында мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жаңа кезеңге шықты. Биыл аудан орталығында заманауи өнер мектебінің ашылуы жоспарланып отыр. Бұл – ауыл балаларының шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадам.

Нұра кентінде бой көтеріп жатқан жаңа өнер мектебі тек білім беру орны емес, мәдени орталыққа айналмақ. Мұнда музыка, хореография және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Жобада 100 орындық акт залы қарастырылған. Онда концерттер, қойылымдар және түрлі мәдени іс-шаралар өткізу көзделіп отыр.
Ғимараттың сәулеттік келбетіне де ерекше мән берілген. Қасбеті ұлттық өрнектермен безендіріліп, аумағы толық абаттандырылады. Ағаштар отырғызылып, шағын сәулеттік формалар орнату жоспарланған. Жоспар бойынша, өнер мектебі алғашқы оқушыларын осы жазда қабылдайды.
Ауданда тек жаңа нысандар салу ғана емес, қолданыстағы мәдениет ошақтарын жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, Жараспай ауылында биыл Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалады. Шатыр ауыстырылып, инженерлік жүйелер жаңартылады, ішкі бөлмелер, соның ішінде, баспалдақтар мен санитарлық тораптар ретке келтіріледі.
Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар нақты нәтижелер бар. Байтуған ауылында Мәдениет үйі толық жөнделіп, қасбеті жаңарып, жылу жүйесі, холл мен көрермен залы қайта жасақталды. Ал, Кертінді ауылында ауқымды жаңғырту жүргізіліп, блок-модульді қазандық орнатылып, су құбыры мен кәріз жүйесі тартылды, жылу жабдықтары жаңартылды.
Жалпы, өңірде мәдени инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары бірқатар ауылдарда жаңа клубтар мен мәдениет үйлері ашылып, ескірген нысандар кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтуде.
Өз тілшімізден
Нұра ауданы



