АймақЖаңалықтар

ҚарТУ-да ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мұрасы ұлықталды

Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен «Ыбырай Алтынсарин – ұлы ағартушы-педагог, этнограф, тарихи тұлға» атты республикалық ғылыми-теориялық дөңгелек үстел өтті.

Суреттер Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінен

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мұрындық болуымен өткізілген дөңгелек үстелді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры  Бекболат Нүсіпбеков қысқаша кіріспе сөзбен ашып,  шараның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Одан соң  профессор Али Мехтиев өзінің баяндамасында ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин туралы жан-жақты әңгімелеп, көптеген деректер келтірді.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институты Қазақ филологиясы зертханасының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер «Ыбырай Алтынсарин шығармаларын оқыту жолдары мен әдістері», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Төлеубекова «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеяларының құндылығы мен өміршеңдігі», Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова «ХІХ ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени өзгерістері контексіндегі Ыбырай Алтынсарин», Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ляззат Шотбақова «XX ғасырдың бірінші жартысындағы Орталық Қазақстандағы орта арнаулы білім берудің қалыптасуы мен дамуындағы Қарқаралы зооветеринарлық техникумының рөлі» деген тақырыптарда мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Біржан Ахмер ақындық қырынан да танылып, өзінің өлеңдерін оқып берді. Алғашқы жыр жинағын осы шараның спикері, осы республикалық дөңгелек үстелді ұйымдастыру комитетінің мүшесі, «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қасымоваға табыс етті.

Қарағанды техникалық университеті Арх-25-1 тобының студенттері Жан Тілеубекова мен Іңкәр Шаханова «Қазақстандағы алғашқы білім ордалары» деген тақырыпта слайдтармен көрсете отырып, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында тұңғыш ашылған мектептерге мол мағлұматты шолу жасады. Қай жылы қандай мектептердің ашылғаны туралы деректер өте тартымды болды.

Дөңгелек үстел барысында Қостанай облысының Торғай өңірімен онлайн қосылуы ерекше әсер қалдырған оқиға болды. Бұл жерде Қостанай облысы мәдениет басқармасының «Торғай музейлерінің кешені» КММ басшысы Гүлбану Сәрсекейдің музейдің ішін аралап көрсете жүріп қазақ даласындағы Ыбырай ашқан мектептің тарихы туралы айтқан әңгімесі тартымды болды. Қостанай облысы Жанкелдин ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі директорының орынбасары Әсем Серікбаева Ыбырай мектебі – білімнің шамын жаққан, болашаққа жол ашқан білім ордасы екендігі жайлы әңгіме айтты. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Ырсалды Ержанова өздерінің білім ордаларын «Ыбырай жаққан шамшырақ» екендігі жайлы әңгімесін ортаға салды. Дөңгелек үстелге қатысушылар бұл әңгімелерден өздері сол оқу орындарында болып қайтқандай ерекше бір әсер алды.

Тағы бір қызықты әңгімені Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Тойжанова өрбітті. Тәжірибелі педагог Ыбырай атаның инновациялық оқыту тәсілдерін жаңғырту мәселесін лайықты дәрежеде қозғады.

Дөңгелек үстел басындағы әңгіме кезінде Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-дың Сәулет және құрылыс, Тау-кен факультеттерінің студенттері көрсеткен «Өнер, білім бар жұрттар» композициясы мазмұндылығымен тартымды болды. Олардың орындаған «Ұстазым менің, ұстазым» әні көпшілік жүрегіндегі ұстаздарына деген алғыс сезімдерін бұрынғыдан да асқақтата түсті.

Ал, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушылары қолдарына «Әліппе» ұстап тұрып, Ыбырай аталарының «Кел, балалар, оқылық» өлеңін жатқа оқып беруі де әсерлі шешім екендігі сөзсіз.

Дөңгелек үстел басындағы әңгіменің қорытындысында ұлы педагог-ұстаз Ыбырай Алтынсаринның қазақ халқының көзі ашық, оқыған болуы жолындағы ерекше еңбегі ешқашан ұмытылмай, әрқашан миллиондардың есінде болатындығы тағы бір мәрте айтылып өтіп, шара кезінде ерекше көзге түскендер мен белсене қатысқандарға Алғыс хаттар табыс етілді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ

Басқа материалдар

Back to top button