Қарыздан құтыл да, жұмыс тап!
Былтыр облыс әкімдігі мен «AMANAT» партиясы өзара меморандумға қол қойып, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «Қайта бастау» бастамасын пилоттық режимде іске қосқан еді. Бүгінде бұл бағдарлама сынақ кезеңінен өтіп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аясында кең ауқымда жүзеге асырылып келеді. Жалпы, өңір бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 66 мыңға жуық азаматтың мәселесі қаралған. Оның ішінде, 56 мыңнан астам адам арнайы платформа арқылы тіркеліп, бейнесабақтар арқылы қаржылық сауатын арттырыпты. Ал, «Қайта бастау» жобасының аясында 1025 өңір тұрғыны қарыз жүктемесінен арылып, тұрақты жұмыспен қамтылған.
Айта кетейік, бұл жоба әзірге еліміз бойынша тек Қарағанды өңірінде ғана жүзеге асырылып отыр. Алдағы уақытта оның тиімді тәжірибесін өзге өңірлерге де кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.

«Қарызсыз қоғам» жобасы – қаржылық қиындыққа тап болып, қарыз жүктемесі шамадан тыс артқан азаматтарға қолдау көрсетеді. Жоба шеңберінде олар қарызынан құтылып, өзін ресми түрде «банкрот» деп жариялай алады. Жалпы, банкроттық рәсім екі бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі, соттан тыс болса, екіншісі сот арқылы жүргізілетін банкроттық. Егер бұл екеуіне жатпайтын болсаңыз, жаңадан «Төлем кестесін қайта құра» аласыз.
Бүгінде өңірде «Банкрот» деп танылған азаматтар бар. Алайда, мұндай жағдайдан кейін олардың кейбірі жұмыссыз қалып, әлеуметтік тұрғыдан қиындыққа тап келуі мүмкін. Осыған байланысты мәселені кешенді шешу мақсатында «Қайта бастау» жобасы қолға алынған.
– Бізге әртүрлі жағдайдағы азаматтар жүгінеді. Бірі банкроттыққа өтініш беріп, мойнындағы қарыздан оңай құтылғысы келеді. Енді бірі қаржылық мүмкіндігін дұрыс есептемей, қарыз жүктемесін шамадан тыс көбейтіп алған. Жалпы, «банкроттыққа тапсырамын» деген азаматтардың несие тарихын ең алдымен өзіміз тексереміз. Сол арқылы олардың банкроттық рәсіміне сәйкес келетін-келмейтінін анықтаймыз. Қазіргі таңда өтініш берушілердің басым бөлігінде несиелер саны үш банктен көп. Әрі олардың көпшілігі бір мезгілде рәсімделген. Егер сізде де дәл осындай жағдай болса, онда банкроттық рәсіміне сәйкес келмейсіз. Себебі, іс сотқа өткен жағдайда сот алынған несиенің жұмсалу мақсатын міндетті түрде сұратады. Ал, сіз ол жерде сіз дәлелдей алмайсыз. Сондықтан, азаматтардың уақытын жоғалтпау үшін құжаттарды сотқа жібермес бұрын алдын ала жан-жақты тексеру жүргізіледі, – деді «Қарызсыз қоғам» жобасының республикалық супервайзері Асхат Мейрманов.
«Қайта бастау» жобасы деген не? Бұл – банкроттық рәсімінен өтіп, оң шешім алған азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған кешенді бастама. Бүгінде банкроттықтан өткен азаматтардың бір бөлігі жұмыссыз қалғаны жасырын емес. Осыған байланысты олардың мәселесін түбегейлі шешу мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамтуға басымдық береді. Қажет жағдайда жоба қатысушылары қысқамерзімді оқыту курстарына жіберіліп, жаңа мамандық игеруіне мүмкіндік жасалады.
– Былтыр бізге 1994 жылы туған, отбасылы, Бұқар жырау ауданынан бір азамат жүгінді. Мойнында 1,5 миллион теңге берешегі бар. Тұрақты жұмысы жоқ. Несиесі ұзақ уақыт бойы төленбеген. Оның жағдайын жан-жақты қарап, тиісті құжаттарын рәсімдеп, банкроттыққа өтініш бердік. Нәтижесінде, жарты жылдың ішінде ресми түрде банкрот деп танылды. Одан кейін облыстық басқарма мамандары азаматты Теміртау қаласындағы зауытқа жұмысқа орналастырды. Қазір тұрақты табысы бар. Тапқанын өзіне жаратады.
Жалпы, «Қайта бастау» жобасы аясында мәселесін шешкендердің басым бөлігі – Қарағанды қаласының тұрғындары. Одан кейінгі орында Теміртау мен Балқаш қалалары тұр. Дегенмен, кейбір азаматтар қарызын өтеудің жолын іздеудің орнына, бірден банкроттыққа жүгініп, несиеден құтылғысы келеді. Сөйтіп, олар бізге келеді. Ал, біз ешкімді кері қайтара алмаймыз. Қабылдауға міндеттіміз. Алдын ала банкроттық рәсіміне сәйкес келмейтінін ескертсек те, кейбірі құжат тапсырып, уақытын жоғалтады. Соңында біз кінәлі болып қаламыз, – деді Асхат Мейрманов.
Асхат Әлиасқарұлының айтуынша, осыдан жарты жыл бұрын 1987 жылы туған қарағандылық азамат жүгініпті. Мойнында 5 миллион 9 мың теңге көлемінде берешек болған. 5 миллион дегеніңіз осы жоба аясында көмек сұрап келгендердің ішіндегі ең ірі қарыз сомаларының бірі көрінеді. Соған қарамастан, мәселе оңынан шешіліп келеді.
– Қазіргі уақытта сол азаматтың ісімен айналысып жатырмын. Жарты жыл бұрын құжаттарын тапсырған еді. Жақында ғана ресми түрде «Банкрот» деп танылды. Енді бұл азаматты облыстық басқармаға жолдадық. Жалпы, басқарма мамандары бір ғана жұмыс ұсынумен шектелмейді. Әдетте бірнеше нұсқа ұсынып, азаматтың өзіне қолайлысын таңдауына мүмкіндік береді. Алдағы бір-екі айдың ішінде оны тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Кейбір азаматтар «Біздің де қарызымыз ірі» деп шағымданатындары бар. Осы тұста айта кетейін. «Банкрот» деп танылу үшін азаматтың атында жылжымайтын мүлкі, ресми жұмысы болмауы қажет. Алайда, бізге жүгінетіндердің арасында несиесі де, атына тіркелген баспанасы да бар жандар көп. Егер ипотекалық несиеңіз болса, төлем кестесін қайта құрылымдауға мүмкіндігіңіз бар. Бірақ, олар банкроттық рәсіміне қатыса алмайды. Себебі, сотқа жүгінген жағдайда, мүлкін сатылымға шығарып жіберуі әбден мүмкін, – деді Асхат Әлиасқарұлы.
Биылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тағы бір маңызды бастама қолға алынбақ. Бұл жолы бағдарлама зейнеткерлерге бағытталып отыр.
– Өңірде кешіктірілген несиесіне байланысты зейнетақысынан ұсталып жатқан, қара тізімге енген зейнеткерлер де бар. Жеке сот орындаушылары олардың зейнетақысының 50 пайызын өндіріп алған жағдайлар да аз емес. Соның салдарынан кейбір азаматтар зейнетақысын толық қолына ала алмай жүр. Биылдан бастап Eоtinish жүйесі арқылы Әділет министрлігіне хат жолдап, зейнеткерлер зейнетақысын толық қолға алатындай әрекет етіп жатырмыз. Әрі ұстап қалған 50%-ын да толық кері қайтартамыз. Егер ол болмаса, ұстап отырған ақшасын 25%-ға қысқартуды сұрап отырмыз. Бүгінде облыс көлемінде осындай санаттағы екі зейнеткердің мәселесі толық шешілген. Дегенмен, аталған бастама әзірге тек ұсыныс деңгейінде қаралып, талқылау сатысында тұр, – деді «Қарызсыз қоғам» жобасының республикалық супервайзері Асхат Мейрманов.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қоңырау шалып, әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрайтын азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Алайда, «Барлығына бірдей жедел жауап беру мүмкін емес» дейді Асхат Әлиасқарұлы. Бұның басты себебі, жобада жұмыс істейтін заңгерлердің жоқтығы. Банкроттық рәсімін толық аяқтау үшін бір азаматпен кемінде жарты жыл жұмыс істеуге тура келеді. Ал, қосымша заңгерлер тарту қаржылық тұрғыдан тиімсіз болып тұр. Қазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша жобада бір ғана заңгер қызмет атқарады екен. «Өтініш жазып, жауап ала алмай отырмыз» деген қарағандылықтардың назына осылай деп жауап қатты маман.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



