Теміртауда құқықтық көмек бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті
Теміртауда құқықтық көмек бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Қаланың сауда үйлерінің бірінде өткен «Халық заңгері» акциясы аясында әрбір тұрғын білікті мамандардан тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Дәстүрлі қабылдау кабинеттерінің орнына ашық алаң таңдалып, бірнеше күн бұрын жазылудың қажеті болмай, тұрғындар мамандармен тікелей диалог орнатты.

Бір кеңістікте мемлекеттік органдар өкілдері, тәжірибелі заңгерлер мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері бас қосып, азаматтарды толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Қабылдауға келгендер отбасылық даулар, құжат рәсімдеу, әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселелермен жүгінгенімен, ең өзекті тақырып тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы болды. Көпшілік қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмысына наразылық білдіріп, өз құқықтарын қалай қорғауға болатынын білуге тырысты.
Келушілердің бірі өздері тұратын кіреберіс бойынша міндеттерін тиісінше орындамай отырған ПИК құрамынан шығу жолдарын сұраса, мамандар оған нақты іс-қимыл алгоритмін түсіндіріп, қайда және қалай жүгіну қажеттігін егжей-тегжейлі айтып берді. Осылайша, көптеген тұрғын үшін бұл кездесу ұзақ уақыт шешімін таппай жүрген мәселелерді реттеуге бастайтын алғашқы нақты қадамға айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – тек жедел құқықтық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Өйткені, әр азамат өз құқығын біліп, күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай алуы тиіс.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Теміртау



