ТеміртауАймақБас тақырып

Теміртауда жаңа кокстық батареялар салынып жатыр

Qarmet компаниясы кешенді жаңғырту бағдарламасы аясында Теміртаудағы металлургиялық комбинатта №8 және №9 кокстық батареялардың құрылысын белсенді түрде жүзеге асыруда. Жоба кәсіпорында заманауи әрі тұрақты кокс-химиялық базаны қалыптастыруға және домна мен болат балқыту өндірісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Суреттер Qarmet

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған. Қазіргі уақытта нысанда кокстық батареялар, көмір мұнарасы, газ құбырлары және кокс сөндіру қондырғысы бойынша ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал кокстық пештердің қалау жұмыстары 2026 жылдың тамызына жоспарланған. Жобаны толық іске қосу 2028 жылға көзделіп отыр. Көмір химиясы бағытын қоса есептегендегі жалпы инвестиция көлемі 639 млн АҚШ долларын құрайды.

Компанияның жобаларды басқару жөніндегі директоры Талғат Ахметжанов қазіргі қолданыстағы батареялардың моральдық және физикалық тұрғыда тозғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу кокс өндірісін арттырып қана қоймай, шикізатты дайындаудан бастап болат балқытуға дейінгі барлық өндірістік тізбектің тиімділігін күшейтеді.

Жоба Қытайдың жетекші инжинирингтік операторларының бірі – ACRE халықаралық компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуда. Құрылыс толық цикл қағидаты бойынша жүргізіледі: жобалау, жабдық жеткізу, монтаж және іске қосу-жөндеу жұмыстары толық қамтылған.

ACRE компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры Сюе Лучжоу жобада автоматтандыру, энергия тиімділігі және экологиялық қауіпсіздік басты назарда екенін айтты. Жаңа батареялар көмір қоспасын жоғарыдан тиеу және газды төменнен беру технологиясымен жабдықталады. Камералардың биіктігі 7,6 метрді құрайды, ал ауа көпсатылы жүйе арқылы беріледі. Бұл өндіріс процестерінің тұрақтылығын және өнім сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Жоба аясында экологиялық талаптарға ерекше мән берілген. Өндірістің барлық кезеңінде шығарындыларды бақылау және азайту шаралары енгізіледі. Соның нәтижесінде көрінетін эмиссия көлемі қысқарып, қоршаған ортаға түсетін жүктеме төмендейді деп күтілуде.

Жоба іске қосылғаннан кейін жаңа батареялар жылына 1,5 млн тоннаға дейін кокс өндіруге мүмкіндік береді.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button