Жаңалықтар

Тың жобалар тыныс ашады

Табиғаттың төрт мезгіліне мәрт Қарағанды аймағының агрокешенді дамытуға негізі жетерлік. Өндірісті өңірдің аграрлық аймаққа айналуы үшін территориялық әрі климаттық жағдайы толық мүмкіндік береді. Осы орайда, аймақта агросалада тың жобалар саны жыл сайын көбейіп, қанат қағып келеді. Мәселен, биыл агроөнеркәсіп кешенде әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясы арқылы «Еселендіру» бағдарламасымен 13,3 млрд теңге шамасында 10 жоба іске ­асырылды.

Инфографиканы жасаған Айбек Рахымжан

Жобалар қатарында суармалы жер, ет өңдеу сынды маңызы зор жобалар бар.

Атап айтқанда, жоба жобалық құны 2,4 млрд теңгені құрайтын «Рамадан» ЖШС фирмасын құру жобасы, 283 миллион теңге сомасында Қарқаралы ауданына қарасты «Атамекен» шаруашылығынының 150 гектар суармалы жерді айналымға енгізу жобасы, 500 миллион теңге сомасында «Aisha group» серіктестігінің етті қайта өңдеу кәсіпорынын құру және 552 миллион теңге сомасына «Динами Агро» ЖШС 442 гектар суармалы жерді айналымға енгізу жобалары ел ырысын еселеуге үлес қосатын болады. Сондай-ақ, өңірдің агроөнеркәсіптік кешені саласындағы өнімді сақтау және өнім өндірісінің қуаттылығын кеңейту бағытында ауқымды жобалар іске асты.

Агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктермен тұрақтылықтарды қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдаудың үлесі зор. Өткен жылы мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2000-нан астам шаруашылық құрылымдарында 24,7 млрд теңге сомасында қаржылай көмек көрсетілді.

– Біз сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның аясында ауылдағы шағын бизнес­ті дамытуға 132 несие берілді. 2025 жылы республикалық бюджеттен бұл жобаға 2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күнде осы қаржының 1,5 миллиард теңгесі игеріліп, 132 ауыл тұрғыны несие алды. Бізде жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және кооперативтер құру бағыты да бар. Жоба жеке кәсіпкерлерге де, фермерлер мен жеке тұлғалардың бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруына бағытталған.
Осы бағдарлама аясында 108 жоба қаржыландырылды: жеке қосалқы шаруашылықтарға 807 миллион теңге бөлінді, ал, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша 24 жобаға 647 миллион теңге қарастырылды. Бұл шағын жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде ауылдық жерлерде 172 жұмыс орны құрылды, – деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Сондай-ақ, техника сатып алу да қаржыландырылады. Оның үлесі 12%, қайта өңдеу саласына 3,8%, ал, ауыл шаруашылығы бизнесіне жатпайтын жобаларға 16,6% үлес тиесілі.
2026 жылы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін қолдауды айтарлықтай кеңейту жоспарлануда. Осы мақсатқа 4,8 миллиард теңге қарастырылған.

Жер қатынасында атқарылып жатқан жұмыстарда басым бағытқа ие. Ғарыштық мониторинг және геоаналитикалық сараптау көмегімен пайдаланылмай жатқан жерлер анықталды. Мемлекеттік меншікке былтырғы жылы 146 мың гектар пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қайтарылды.

Жалпы облыс бойынша қайтарылған 2 миллионға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің айналымға қазіргі таңда 1 миллион 564 мың гектар енгізілген. Жайылымдық жер тапшылығын азайту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде өткен жылы тапшылық 442 мың гектардан 230 мың гектарға дейін қысқарды.

Биыл да бұл жұмыс жалғасып, тапшылық тағы 93,3 мың гектарға азайып, 138,3 мың гектарды құрады. Жоспарланған 362 мың гектардың орнына 639 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына тартылып, жоспар 176%-ға орындалды. Бұл көрсеткіштер саланың тұрақты дамуын және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы және азықтық дақылдардың үлесін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қайта өңдеуге өткізілген өнімге субсидия беріліп, мөлшері 25 мың теңгеден 31 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Мал шаруашылығы саласында да өсім жоспарлануда.

Жалпы, құны 3 млрд теңгені құрайтын 28 жобаны жүзеге асыру көзделуде, оның ішінде, ірі тауарлы өндірістерді дамытуға бағытталған бастамалар бар. Алдағы негізгі мақсаттың бірі – көктемгі дала жұмыстарына сапалы дайындық жүргізу. Егістікті зия­нкестерден қорғау үшін қажетті пестицидтер сатып алынды. Суармалы жер көлемі 6,2 мың гектарға ұлғайып, 52 мың гектарға жетеді. Техника дайындығы да жоғары деңгейде, 8,5 мың трактор, жүздеген егіс кешендері мен мыңдаған тұқым сепкіштер жұмылдырылады.

Мемлекеттік қолдау аясында көктемгі жұмыстарға 8 млрд теңге субсидия қарастырылды. «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы 5% мөлшерлемемен 17 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді. Шаруашылықтар көктемгі науқанға толық дайын. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Динара ҒАБДЫҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button