Болмысы бөлек
Табиғаттағы ерекше әрі бағалы асыл тастардың бірі – «гауһар» сырттан келген сәулені ішінде мың құбылтып, айналасына нұр қылып тарататын қасиеті бар екенін айтады геммологтар (тастардың физикалық қасиеттерін, химиялық құрамын, оптикалық ерекшеліктерін және олардың нарықтық құнын зерттейтін мамандар). Оның құндылығы тек әдемілігінде ғана емес, физикалық және химиялық қасиеттерінде. Қаттылығы Моос шкаласы бойынша 10 балдық асыл тастың ешқашан сызылмайтыны да, сырылмайтыны да осыдан. Жер қойнауында миллиондаған жыл қысым мен ыстықта шыңдалып, жарыққа шығатын тас адамның тағдырына ұқсайды. Өмірдің түрлі сынағынан өтпеген жан қалай шыңдалмаса, гауһар да солай – ауыр сынақсыз асылға айналмайды.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің корректоры Бағдат апай – Күлбағдат Қасымованы етене танығанның дәл осылай айтатыны анық. Оның әр қыры – өмірдің бір сабағы. Бір қыры – төзім, бір қыры – үміт, бір қыры – сенім. Сол қырлары бір-бірімен үйлесіп, алпысқа келсе де сұлулығын жоғалтпай, өзгеше реңкке еніп, сабыры мен парасаты арқылы күннен күнге қадірі артып келе жатыр десек, асылық айтқандық емес.
Алпыс… Бәзбіреулер үшін бұл өмірдің біраз белесін артқа тастаған жас болып көрінер, бәлкім. Бірақ, Бағдат апай үшін емес. Оның жастық шағын табиғи алмас десек, алпыс жасы – сол алмастың өмір мектебінде қырланып, әрбір қырынан шуақ шашқан сәті.
«Ortalyq Qazaqstan» газетінде корректор болып жұмыс жасайтын оның жұмысын қадағалаудың өзі бір ғанибет. Әр үтір мен нүкте үшін жаны ауыратын Бағдат Аяпбергенқызының қолындағы қаламы – сөздің мөлдірлігін сақтайтын киелі құрал. Ал, қате көрсе, «қырандай шүйлігетін» оның тәжірибесі әріптестері үшін таптырмас үлкен мектеп. «Сөз – киелі, оған қиянат жасауға болмайды» деп отыратын Бағдат Аяпбергенқызының жұмыстағы қаталдығында да аналық мейірім мен кәсіби тазалық бар.
Жалпы, Бағдат апайдың өмірі журналистикамен етене. Қырық жылға жуық тәжірибесі бар. Бұған дейін Ұлытау облысында шығатын «Мысты өңір» газетінде де қолтаңбасы қалған. Журналистік, корректорлықтан бөлек, түрлі басшылық қызметтерді де атқарған. Бұл да оның өмірінің тағы бір қыры.
Қызмет жолы ауқымды әрі мамандығының майталманы болғанымен, Бағдат апай әлі «жап-жас». Уақыт оның ажарына батпаған. Ошағының түтінін түзу шығарып, серігінің беделін биіктеткен парасат иесі.
Әрі суретші, әрі дизайнер, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Зейнолғабдин Мұхамедин – Бағдат Аяпбергенқызының жары. Әлбетте, табиғаттың тынысын, таңғы шықтың мөлдірлігін және адам жанының нәзік иірімдерін іздейтін суретшінің де жары осындай болмағы қалыпты құбылыс. Көңілі күз күніндей құбылатын шығармашыл адамның көңілін тауып, жанын түсініп отырған жарына деген оның да ілтипаты ерекше.
Қыран ұшырып, қияға қондырған, ұрпағының бойына адамдық пен адалдықтың дәнін сепкен Зейнолғабдин Сейітқалиұлы мен Бағдат Аяпбергенқызының ұлы – Ердеулет, қызы – Ақбота да ардақты әке мен аяулы аналарының бойындағы асыл қасиеттерді алған. Күйеу балалары Еркебұлан мен келіні Қымбаттың да пейілдері ерекше.
Немерелерінің бал тіліне еріп, әлемнің бар асылын солардың табанының астына жаюға даяр әже, мейірім мекеніндей. Жұмыстан келгенде алдынан жүгіріп шығып, шаршағанын бір демде ұмыттыратын немерелері – Шахзада, Даяна, Хамзат, анда-санда алыстан ат арылтып келіп, қуантып кететін жиені – Мұхаммедтің тілеуін тілеп отыратын Бағдат апайдың өмірі талай отбасыға үлгі.
Бағдат Аяпбергенқызының жаны – қырналған гауһар. Жыл өткен сайын оның қырлары көбейіп, жарқырай түсуде. Алпыс тек төлқұжаттағы сан ғана. Ал шын мәнінде, ол сол баяғы үкінің ұлпасындай нәзік, бірақ қарағайдай берік, талғампаз әрі таңғажайып сұлу Қазақ Әйелі.
Өйткені, нағыз гауһар ешқашан ескірмейді. Ол тек құндылығын арттыра береді.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



