Спорт

Шеберлік сынға түсті

Қарағандыда үстел теннисінен жастар арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған тартысты додаға еліміздің 13 өңірінен 193 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, бес алтын, бес күміс және бес қола медаль жеңіп алды. Турнирдің жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы құттықтады.

Сурет дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен

Чемпионат нәтижесінде үздік деп танылған спортшылардан ұлттық құрама жасақталды. Енді ұлттық құрамаға енген теннисшілер ел намысын алдағы Азия және әлем чемпионатында қорғамақ.

– Қарағандыда осындай деңгейі жоғары чемпионатты ұйымдастырып, қатысушыларға шынайы спорттық атмосфера сыйлағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бұл додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген кіл мықтылар жиналды. Бірі үшін бұл – үлкен спортқа бастар алғашқы қадам болса, енді бірі үшін спорттық жолындағы маңызды белес. Ең бастысы, сіздер тәртіп пен жігер, табандылықты ту еткен дұрыс бағытта келесіздер. Сіздерге қарап, ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғайтын жас буынның қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады. Өңірде спортты дамытуға, спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді Руслан Кенжебеков.

Өңір намысын қорғаған жас спортшының бірі – Алан Құрманғалиев. Бүгінде оның есімі аймақ жұртшылығына кеңінен таныс. Осы жолы да аталған турнирде қарсыластарына дес бермей, жекелей сында да, аралас жұптық бәсекеде де топ жарды.

Қыздар арасындағы додада өнер көрсеткен жерлесіміз Дарья Фу жекелей сында үздік нәтиже көрсетіп, алғаш рет ел чемпионы атанды. Финалға дейін төрт қарсыласын сенімді түрде жеңіп, шешуші кезеңде өзінің жерлесі Мария Лукьяновамен кездескен. Сонымен қатар, Дарья жұптық бәсекеде де жүлдесіз қалмады. Мария Лукьяновамен жұптасып, жұптық сайыста ІІІ орынға ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасындағы жалпыкомандалық есепте І орынды Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жеңіп алды. Ал, Қарағанды облысының командасы ІІ орыннан көрінді. Үздік үштікке Шымкент пен Алматы қаласының командасы табан тіреді.

Қыздар арасындағы жалпыкомандалық есепте І орынды «Қарағанды 1» командасы еншілесе, ІІ орынға «Қарағанды 2» командасы табан тіреді. Ал, ІІІ орынды Шымкент қаласы мен Түркістан облысының командасы өзара тең бөлісті.

Маусым айында Ташкентте үстел теннисінен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтпек. Оған ел атынан Дарья Фу, Мария Лукьянова және Альбина Жақсылықова сынды жерлестеріміз сынға түспек. Әрі 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында Лондонда үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты өтеді. Сол турнирге төрт қарағандылық спортшы қатысады. Олардың қатарында Алан Құрманғалиев, Қазақстанның бірінші нөмірлі үстел теннисшісі Зәуреш Акашева, ел чемпионатының күміс жүлдегері Жанерке Қашқымбаева және жас талант Мария Лукьянова да бар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button