Руханият

Жанаттың поэзия патшалығында

Астанада өткен Жанат Әскербекқызының поэтикалық-музыкалық кешінен туған ой…
1. Спектаклде
Жанаттың поэзия патшалығына кіріп кетіп, содан әлі шыға алмай отырмын. Бұл кеш қазақ ақындардың күн сайын, жыл сайын өтіп жатқан кештерінің бірде біреуіне ұқсамайтын ғажайып өнер туындысы болды десек, артық айтқаным болмас. Спектаклдің режиссері Асхат Майеміревтің елден ерек таланты мен ізденісіне тәнті болдым. Қазақ театры сахнасына поэтикалық қойылымды алғаш алып келген Райымбек Сейтметевтен кейінгі бірден бір режиссер осы болды!
Сурет автордан
Таганка театры 1964 жылы режиссер Юрий Любимов келгеннен кейін Ресейге ғана емес, дүниежүзіне мәшһүр болды! Андрей Вознесенскидің «Анимиры» дүниені дүр сілкінтті! Бұл совет өкіметінің бізде сендерден де басқа ақындар бар деп, мемлекеттік сыйлықты халтурщиктерге үлестіріп жатқан кезі… Шыдамы таусылған совет шенеуніктері Ю. Любимевті театрдан қуып, совет азаматтығынан айырып жібереді!
Театрдың тұрақты көрермендері сол заманның сорпа бетіне шығарлары академик Андрей Сахаров, Сергей Капица, суретші Зураб Церетели… Актерлері – В.Высоцкий, В.Смехов, В.Золотухин, А.Демидова, З.Славина, Н.Шацкая, Т.Додина, Б.Хмельницкий…
Мәдениет минстрі  Е. Фурцева бізді мақтайды енді деген дәмелі оймен
« – Ал, ақын, бастаңыз, қане! Бізге арнап бір экспромт шығарып жібермейсіз бе?» – «Ну, поэт, начните! Напишите нам экспромт!» – дегенде, Андрей Вознесенский бір бет ақ қағазға фломастермен  бадырайтып, «Все богини — как поганки перед бабами с Таганки!» – деген! Беті ұяттан қызарып кеткен министр ханым бірдеңені сылтауратып, шыға жөнеліпті!
Осындағы бір актрисаның туған күнінде албырт ақын Андрей сахнаға атып шығып,
« – Бүгін біздің ең ғажайып күніміз!» – дейді саңқылдап! Сахнаны гүл жауып кетеді! Ылғи өстіп бүлдіріп жүреді ол! Ертеңіне театр жетекшісін ЦК-ға шақырып осы антисоветтік сөз үшін партиялық ең соңғы сөгісін берген! Сөйтсе, партияның сол кездегі көрнекті өкілі, Политбюро мүшесі Козлов қайтыс болып, бүкілодақтық қаралы күн жарияланып жатыр екен…
…Мұндай спектаклдер қазақ режиссорларының түсіне де кірмейді…
2. Тағы да Көк Түріктер сарыны
Заманымыздың ұлы ақыны Темірхан Медетбектің «Көк Түріктер Сарыны» қазақ поэзиясындағы ХХІ ғасырдағы ірі құбылысы болып еді, сол Көк Түріктердің атақонысы Алтайда кіндік қаны тамған Жанат Әскербектің Көк Түріктер Жыры оған мүлде ұқсамайтын соны дүние болып шықты! Талантты режисер Асхат Майеміров сахнада Жанаттың жан-дүниесін ғана емес, жер бетінде үш мың жыл сайран салған салт аттылар өркениетінің ажарын жарқыратып, базарын салтанатпен ашып салды!
Жетпісінші жылдары әдебиетке келіп, кейіннен әдеби ортада болмай, күтпеген жерден келген жабайы капитализмнің әуресінен жан бағып, саудаға кеткен бір шәйір Темағаның «Көк Түріктер Сарынын» менен алып оқып, « – Мынада ұйқас жоқ қой?!» – деп еді.
Поэзия деген ұйқас емес – Руһ! Сол ата-баба руһы Жанат жырларында ат ұрынып, арнасынан асып, көк теңіздей бұрқанып, Алтайдың асқақ шыңдарындай аспанмен тілдесіп тұр екен!
Көк Түріктердің туған жері – Алтай. Біздің бәріміз содан тарағанбыз. Біз Көк Түріктерден жаралған ер екенімізді дәлелдей алмай жүргенде, Жанат Алтайдан шыққан ару екенін көрсетті!
Бұл – жаһандану дейтін жалмауызға қарсы жазылған протест! Бұл спектаклді Атырау – Арқа – Алатау –Алтайға дейін көрсету керек! Ұлтымыздың бүгінгі таңдағы руһани өміріндегі оқшау оқиғасы осы болып тұр, меніңше! Оны биліктегі шенеуніктер де қалың көрерменмен бірге қызықтап көргені жөн; әйтпесе, солардың 90 пайызы өлең деген ұйқас қуған бірдеңе деп ойлап жүр?!.
… екі күн болды, Жанат Әскербекқызының поэзия патшалығынан шыға алмай, соның әсерінен әлі айыға алмай отырмын…
P. S. Мына өлеңді сол күні алдымнан Көк Түріктердің шыға келетінін білгендей жазған екем; менің де Тәңірімен бір байланысым бар екенін ішім сезеді…
Ақсораң ғап соңымда, Алтай қалып;
Кетіп барам, қайтейін, қалқам, налып?
Өмір дейтін ғажайып құбылысты,
Қия да алмай, қараумен жаутаң қағып;
Ақсораң ғап соңымда, Алтай қалып…
Дүниеге келеді келе бергім,
Жақсысының соңынан ере бергім.
Кететұғын болған соң, жүре тұрмай,
Бұ опасыз жалғанға неге келдім?
Дүниеге келеді келе бергім!
Бұ жалғанға келе алмай қайта айналып,.
Арт жағымда Ақсораң, Алтай қалып;
Ғажайыбын осыноу дүниенің,
О Дүниеге жыр қылып айтам барып,
Арт жағымда Ақсораң, Алтай қалып!
Кетіп барам қайтейін, қалқам, налып,
Қазақ дейін қазыққа арқандалып;
Түбім қырғыз болса да, Алашыңның,
Аруына өзіңдей аң-таң қалып;
Қазақ дейін қазыққа арқандалып!
Кетіп барам баһадүр-батырларша,
Қала тұрам Тәңірі шақырғанша?
Әйел заты жаһанның әдемісі,
Әйелден де әдемі ол – Ақын болса!
Қала тұрам Тәңірі шақырғанша…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button