ЖаңалықтарАймақҚарағанды

Шаңырақ шырайын кіргізген кітап бәйгесі

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша қалалық тестілеу ұйымдастырылды. Отбасылық құндылық пен кітап оқу мәдениетін ұштастырған мазмұнды іс-шараға қатысқандар әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін паш етті.

Сурет ұйымдастырушылардан

 Байқаудың ерекшелігі – кітап оқуды жеке адамның дағдысы ғана емес, тұтас отбасының ортақ құндылығы ретінде дәріптеуінде. Қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап беріп, оқу мәдениетінің ең алдымен, отбасынан басталатынын айқын көрсетті. Сөйтіп, тест тек білімді бағалау алаңы ғана емес, отбасы мүшелерін жақындастыратын рухани ортаға айналды.

Қалалық кезеңге барлығы 59 әулет қатысты. Оның ішінде қазақ лигасы бойынша 44 әулет, орыс лигасы бойынша 15 әулет бақ сынады. Байқауға қатысушылар әлемдік және ұлттық әдебиеттің таңдаулы өкілдерінің шығармалары негізінде дайындалған тапсырмалар бойынша сынға түсті.

Тест қазақ және орыс тілдерінде екі бөлек сілтеме арқылы өткізілді. Қатысушыларға 45 сұрақ ұсынылып, оны орындауға 45 минут уақыт берілді. Тестілеу қорытындысы бойынша комиссия үздік шыққан әулеттерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша қазақ лигасында М.Жұмабаев атындағы гимназиясы атынан қатысқан Балғабек әулеті І орынды иеленді. Жүлделі ІІ орын №14 мектеп-гимназиясының намысын қорғаған Шалқар әулетіне бұйырды. Ал, ІІІ орынды №24 жалпы білім беретін орта мектеп атынан қатысқан Болатовтар әулеті еншіледі.

Орыс лигасы бойынша да үздіктер анықталды. Нәтижесінде Жұмағұлов әулеті І орынға ие болса, Ковалевтер әулеті ІІ орынды иеленді. Ал, Садықов әулеті ІІІ орынды қанағат тұтты.

Жобаның басты мақсаты – Қазақстан халқы арасында оқырман мәдениетін дамытуға ықпал ету, оқуды насихаттау арқылы ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру, сондай-ақ, әдебиет арқылы рухани және мәдени құндылықтарды нығайту. Осы тұрғыдан алғанда, «Кітап оқитын әулет» байқауы кітаптың қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі маңызын айқындай түскен тағылымды бастама.

Қарағанды облысында бастапқы кезеңде 10 987 адам тіркелді. Алғашқы іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 748 қатысушы таңдалып алынды. Нәтижесінде 169 команда облыстық кезеңге жолдама алды. Оның ішінде қазақ тілінде – 545, орыс тілінде – 203 қатысушы бар.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button