Ақын Жәлел Қуандықұлы оқырмандарымен кездесті
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жәлел Шалқармен өткен кездесу кешінен әріптесіміздің жан сарайынан осы бір сипатты тағы бір сезініп қайттық. Қарағандыдағы М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың қаламгерлерге үнемі төрін ұсынып отыратын үрдісі бар. Бұл жолы төрдің төріне жайғасқан жайсаң азамат, ақжүрек ақын ағынан ақтарылды. «Поэзия – жүрек үні» деп аталатын кеш кейіпкерінің дәл өзіндей болып, жып-жылы өтті.

Кешті көркем етіп ұйымтастырған кітапхана ұжымы Жәлел Қуандықұлының ақындық қуатына ғана мән бермей, жалпы азаматтық болмысын аша түсуді ойластырыпты. Ақынның алғашқы «Анама хат» деп жазған өлеңінің қолжазбасын экран арқылы елге көрсеткенде, асыл анасын аңсаған Жәкеңнің көзінен жас ыршып түсті. Және де мектеп кезіндегі, студент шағындағы, жалынды сәттеріндегі суреттері де жанын жадыратып салды. Ақынға мұның бәрі тосын сый еді. Осындай әсермен басталған кеш әрмен қарай да әдемі өрби түсті.
Ақынды алқалап келген мәдениет майталманы Жаролла Ақышев, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов, ақындар Ерқанат Кеңесбекұлы мен Ерболат Қуатбек жылы лебіздерін білдіріп, ақын шығармашылығының сипатын, өлеңіндегі өзін, достыққа деген адалдығын айтып, кеш иесінің мерейін өсірді.
Кездесу кешіне Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен бір топ студенті қатысты. Оқырман тарапынан, әсіресе, жалынды жастардың жаудырған сұрағы кештің көрігін қыздырды.
Ақынның өлеңін оқырмандары жатқа оқыды. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің 4 курс студенті, жас талант Әли Дәмежан Біржан салдың «Он саусағын», Естайдың «Қорланын» шырқады. №6 мектептің 9-сынып оқушысы Еркеназ Жәбел «Сәлем, саған туған ел!» әнін орындады.
М.Әуезов кітапханасының ұжымы кеш қонағына Жаһанның көз тартар әсем жерлері бейнеленген топтама кітап тарту етіп, құрметін көрсетті.
Мейманасы тасыған ақын Жәлел Қуандықұлы мемлекеттік тапсырыспен жақында ғана жарыққа шыққан «Алма гүлінің иісі» кітабынан өлеңдерін тебірене оқыды. Кеш соңында дәстүрге сай ақын қолтаңбасын жазып, кітаптарын сыйға тарту етті.
Жәлел ақынның жүрегінде ұлы сағыныш бар. Ол аяулы әке мен анаға деген мәңгілік махаббат пен туған топырағына аңсары. Кеш соңында алыста қалған ауылына барып, дәл осындай кеш өткізгісі келетінін айтып, тағы бір жүрегімізді қозғады. Арманына қанат байлап, Арқаға келіп ақын атанған Жәлел Қуандықұлын Төлеген Айбергенов туған топырақ, ардақты ауыл алақанына салар күнге де сәл қалғанын ішіміз сезеді.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»




