ЖаңалықтарСпорт

Астанада ардагерлер арасында волейболдан VIII республикалық турнир өтті

11–12 сәуір күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ардагерлер волейболы федерациясының ұйымдастыруымен волейболдан 50+, 60+, 65+ және еліміздің тарихында алғаш рет 70+ жас санаттары бойынша VIII республикалық турнир өтті.

Сурет Ерсұлтан Бектұрғановтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Шара жайлы Ардагерлер волейболы федерациясының вице-президенті, «Сарыарқа» волейбол клубының президенті Ерсұлтан Бектұрғанов әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті. Ардагер спортшыларға алғыс білдіріп, олардың белсенділігі жастарға үлгі екенін атап өтті.

Ауқымды жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 37 команда қатысып, 300-ден астам ардагер спортшы бақ сынады. Турнирдің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа баулу және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру.

Спорттық дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-Жек» спорт кешенінде салтанатты түрде ашылып, қаланың бірнеше спорт алаңдарында жалғасын тапты. Ашылу рәсімінде Ардагерлер волейболы федерациясының президенті Әсет Әділхан сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа арнайы келген мәртебелі қонақтар қатарында Спорт және туризм министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Абай Тасболатов, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов және волейболдан Еуропа чемпиондары кубогінің иегері Төленді Ахметжанов бар.

Сондай-ақ, көрермендер назарына ерекше шоу ұсынылды. Әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы Сергей Цырульников ұлттық күш өнерін паш етіп, Қажымұқан мен Балуан шолақ сынды тарихи тұлғалардың дәстүрін жалғады.

Турнирдің құрметті қонақтары ретінде 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Сергей Тетюхин мен Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Дмитрий Ильиных қатысып, ардагер спортшыларға қолдау білдірді.

Жарыс барысында командалар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді. Турнир қала тұрғындары мен жанкүйерлер тарапынан зор қызығушылыққа ие болды. Жеңімпаздар кубоктар және грамоталармен марапатталды.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button