Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандылықтар академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

12 сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Әрі қазақтың көрнекті ғалымы, академик, геолог, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 127 жыл.
Айтулы датаға орай ғалымдар қауымы, ардагерлер, қала жастары мен тұрғындары Қарағанды теміржол вокзалы алдындағы ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт ғылымының іргетасын қалаған тұлғаның рухына тағзым етті. Тағылымды шара барысында қатысушылар ғалымның ел ғылымын дамытудағы өлшеусіз еңбегін атап өтіп, оның өнегелі өмір жолы мен ғылыми мұрасы кейінгі буын үшін әрдайым үлгі екенін жеткізді.

Суреттерді түсірген автор

Гүл шоқтарын қою шарасына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Зейнолла Молдахметов те арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, Қарағанды техникалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры, экономика ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, математика профессоры Сауле Сағынтаева мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институтының» Қарағанды облысы бойынша филиал директоры Саяш Ахметов та ғалымның рухына тағзым етті.

– Қаныш Сәтбаев – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті. Отандық ғылымның ғана емес, тұтас кеңестік ғылыми кеңістіктің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Ол геология ғылымының өркендеуіне айрықша серпін беріп, ұлттық ғылыми мектептің қалыптасуына жол ашты. Әсіресе, Қарағанды өңірінде білім мен ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткерлердің көшін Қаныш Имантайұлы бастап тұр. Мемлекет тарапынан бүгінде ғылым мен білім саласына айрықша мән беріліп келеді. Бұл бағыттағы бастамаларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің былтырғы Жолдауында айқындап, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілетінін атап өткен болатын. Сонымен қатар, жыл сайын ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі артып, соның нәтижесінде елімізде зерттеу университеттерінің қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ.
Бұл жетістіктердің барлығы ғылым жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деді Нұрлан Бикенов.

Сонымен қатар, ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, академигі, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, облыстық мәслихаты депутаты Серғазы Әдекенов пен Қаныш Имантайұлының жерлесі, Баянауыл ауданы, Сәтбаев ауылының құрметті азаматы Ғалым Нағымтаев та сөз алып, атаулы күнмен құттықтады.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button