Сапалы кадр саналы оқырманнан шығады
Арқа өңірінде «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» байқауының ақтық кезеңі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы бүгінде жалпыұлттық сипат алып, жүйелі түрде жанданып келеді. Осы игі бастаманың аясында Руханият пен кәсібилікті тоғыстырған додада мемлекеттік қызметшілер көркем әдебиеттің тереңіне бойлап, бар білім-білігін паш етті.

Облыс көлемінде өткен бұл интеллектуалдық жарысқа алғашқы кезеңде 13 өңірден 1500-ге жуық үміткер қатысуға ниет білдірген. Солардың ішінен іріктеліп, білімі мен танымы озық шыққан 57 мемлекеттік қызметші облыстық кезеңге жолдама алды.
– Кітап оқу – адамның парасат-пайымын тереңдетіп, ой-өрісін кеңейтеді. Әсіресе, мемлекеттік қызметтегі мамандардың біліктілігін арттыруда мұндай бастамалардың маңызы зор. Өйткені, мемлекеттік қызметші – ел алдында жауапты тұлға. Ал, оның рухани байлығы мен таным деңгейі қабылдаған шешімдерінің сапасына тікелей әсер етеді. Біз осы жоба арқылы тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, өзін-өзі үздіксіз жетілдіретін интеллектуалды кадр мәдениетін қалыптастыруды көздейміз. Негізінде, кітап оқудың өзі – адамның ішкі жан дүниесі үшін үлкен жеңіс. Ал, үздік шыққандарды қаржылай сыйақымен ынталандыру – нұр үстіне нұр, – деді қазылар алқасының төрағасы Серікжан Байбосынов.
Байқаудың ақтық сыны заманауи форматта – автоматтандырылған тест жүйесі арқылы өтті. Қатысушыларға 40 сұрақ қойылып, әр жауапқа 1 минут уақыт берілді.
– Мемлекеттік қызметкер – елдің сенімін арқалаған тұлға. Оның қабылдаған әрбір шешімі парасаттылық пен білімге негізделуі тиіс. Ал, бұл қасиеттер кітап арқылы келетіні анық. Көркем әдебиет адамды тек біліммен сусындатып қана қоймай, өзге жанның тағдырын түсінуге, жанашырлық пен адамгершілікке үндейді. Біз бүгінгінің қызметкерін тек қаулы-қарарларды орындаушы емес, кең ауқымда ойлай алатын, танымы терең интеллектуал ретінде көргіміз келеді. Біздің мақсатымыз – рухани әлемі бай, зиялы орта қалыптастыру, – деді осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында құрылған Жобалық кеңсе басшысы Дана Бахтығалиева.
Екі тілде өткен тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша кітапқұмар үздіктер белгілі болды. Атап айтқанда, қазақ лигасы бойынша білім деңгейі жоғары Бұқар жырау ауданының командасы жүлделі І орынды иеленсе, ІІ орын Балқаш қаласының сайыскерлеріне бұйырса, ІІІ орын Қарқаралы ауданының кітапқұмарларына бұйырды. Сәйкесінше, орыс лигасында бақ сынаған Қарағанды қаласының мемлекеттік қызметшілері топ жарып, І орынға табан тіресе, Саран қаласы – ІІ орынды, ал, теміртаулық оқырмандар ІІІ орынды қанағат тұтты.
– Бұл сайыс жан дүниені байытудың таптырмас мүмкіндігі болды. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт бой үзіп, 15 көркем шығарманы оқыдық. Әрбір туындының ішкі иірімдеріне бойлау арқылы кейіпкерлермен бірге толғанып, өмірлік мәселелерге басқа қырынан қарауды үйренесің. Сайыс мәресіне жетсе де, кітаппен басталған бұл достық алдағы уақытта да жалғасын таппақ, – деді жеңімпаз команда мүшесі Аян Кизкин.
Айта кетейік, байқау жүлдегерлері Ұлттық кітап күні қарсаңында облыс әкімі – Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өтетін салтанатты жиында марапатталады. Сонымен бірге, ақтық кезеңге жеткен барлық қатысушылар «Кітап оқитын ұлт» қорының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



