АймақБас тақырыпСаран

Өндірістің жаңа тынысы

Облыста Саран индустриялық аймағы өңір экономикасының жаңа тынысын айқындайтын стратегиялық алаңға айналып келеді. Мұнда іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар мен индустриялық аймақ өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашпақ. Инфрақұрылымы дайын заманауи өндірістік кеңістіктің қалыптасуы кәсіпкерлер үшін бұрын болмаған қолайлы орта ұсынып, Қарағанды өңірін индустриялық дамудың жаңа деңгейіне көтеретін маңызды қадам ретінде бағалануда.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Саран индустриялық аймағы бүгінде өңір өнеркәсібінің негізгі өсім нүктелерінің бірі ретінде қалыптасып отыр. Мұнда бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен қатар, жаңа инвестициялық жобалар қарқын алып келеді. Ендігі кезекте іске қосылатын шағын индустриялық аймақ кәсіпкерлер үшін дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаң ұсынып, бизнесті жылдам іске қосуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында аймақта жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысып, олардың өңір экономикасы үшін маңызын ерекше атап өтті. Жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік кешен бүгінде белсенді құрылыс кезеңінде. Мұнда кәсіпкерлер үшін барлық қажетті жағдай жасалып, бастапқы шығындарды азайтуға бағытталған тиімді орта қалыптастырылуда.

Аймақ басшысының айтуынша, жаңа нысандар тек өндірісті жолға қоюмен шектелмейді. Бұл жерде жүк көліктері мен арнайы техникаларды шығару жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде құрастыру жұмыстары жүргізілсе, кейін өндіріс біртіндеп терең локализацияға көшеді. Сонымен қатар, Qarmet компаниясына қажетті ірі өнеркәсіптік ыдыстарды шығару жобасы да қолға алынуда. Бұл – импортты алмастыру саясаты аясындағы нақты нәтиже беретін бастама.

Сарандағы өндірістік серпін мұнымен шектелмейді. Жылуоқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт іске қосылуға жақын. Қазіргі таңда қажетті жабдықтар орнатылып жатыр. Бұл кәсіпорынның өзінде 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылса, оған іргелес сервистік құрылымдарда мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Өңір үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір бағыт – HOWO брендімен жүк көліктерін шығару жобасы. 24 млрд теңге инвестиция тартылған бұл бастама толық іске қосылғанда жылына 10 мыңға дейін техника өндіруге мүмкіндік береді. Бұл тек өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, отандық машина жасаудың дамуына серпін береді.

Сонымен қатар, құбыр өндірісі де жаңа деңгейге көтерілуде. Жобалық қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін жететін кәсіпорында қазіргі таңда шағын диаметрлі құбырлар шығарылып жатыр. Алдағы уақытта диаметрі 630 мм-ге дейінгі ірі құбырларды өндіру жоспарланған. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен құрылыс саласын отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Саран индустриялық аймағында қолға алынған жобалар – тек өндіріс көлемін арттыру емес, өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған кешенді қадам. Жаңа жұмыс орындары, инвестиция ағыны және өндірістің кеңеюі Қарағанды облысын индустриялық дамудың жаңа деңгейіне көтермек.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button