Спорт

Жеңіс уыстан шығып кетті

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы биылғы маусымда өз алаңында бірінші ойынын өткізді. Жерлестер бұл жолы Қазақстан кубогының 1/16 кезеңінде көкшетаулық «Оқжетпес» клубын қабылдап, 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Бұл күні ауа райы күрт құбылып, аспанды қалың бұлт торлады. Толассыз жауған жаңбыр күннің көзін көрсетпеді. Соған қарамастан, «Шахтерді» қолдауға келген жанкүйерлердің қарасы қалың. Бұл жолы негізгі стадионда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының толық аяқталмауына байланысты матч қосымша жаттығу алаңында өтті.

«Оқжетпес» – Премьер-Лигада өнер көрсететін тәжірибелі клубтардың бірі. «Шахтермен» салыстырғанда, құрам сапасы мен ойыншылардың деңгейі тұрғысынан да басым. Қазіргі таңда команда Премьер-Лигада төрт матч өткізіп, сегіз ұпаймен турнир кестесінің IV сатысында.

Ойын басталысымен алаң иелері тізгінді өз қолына алды. Қарсыластардың ұйымдастырған шабуылдарының бетін қайтарып, қақпа маңына жуытпады. Керісінше, алаң иелері шабуылға ден қойып, қарсылас қорғанысының осал тұсын табуға тырысты. Нәтижесінде, жерлестер ойынның небәрі 9-шы минутында есеп ашты. Жартылай қорғаушы Ален Айманов қарсыластың екі қорғаушысын қапы қалдырып, допты алаң ортасына ұмтылған әріптесі Артем Литошқа дәл жеткізді. Мүмкіндікті мүлт жібермеген шабуылшы Артем қақпаға дөп соққы бағыттап, есеп ашқан болатын.

Бұдан кейін де жерлестердің қарқыны бәсеңдемеді. Керісінше, есепті еселеуге әрекет жасады. Нәтижесінде, бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда алаң иелері есепті еселеп кетті. Бұл жолғы шабуыл да алаң ортасынан бастау алды. Жартылай қорғаушы Рифат Нұрағамбет өзіне жеткен допты жоғалтпай, оң қапталға бет алды. Кейін алаң ортасында жүрген Артем Литошқа пас асырған. Артем болса допқа бірінші болып жетіп, ойындағы екінші голын салды. Осылайша, алаң иелері бірінші айналымда қарсыластарын 2:0 есебімен жеңіп, екі гол айырмашылығымен алға шықты.

Екінші айналым біз күткендегідей болмады. «Шахтердің» ойыны бәсеңдеп, команда шабуыл шебінде бұрынғыдай өткірлік көрсете алмады. Ал, қарсыластар алғашқы таймда жіберген қателіктерінен сабақ алып, қорғаныста анағұрлым жинақы әрі сенімді әрекет етті. Жерлестердің бар күш-қуаты алғашқы таймда сарқылғандай. Шабуылдан нәтиже шықпаған соң бас бапкер Андрей Финонченко тактикалық өзгеріске барып, ойыншыларға қорғанысқа басымдық беруді тапсырды. Нәтижесінде алаң иелері шепті бекітіп, қарымта шабуылдарға иек артуға көшті.

Алайда, тәжірибелі қарсыластар мұнымен тоқтап қалмады. Олар алаң иелерін қыспаққа алып, шабуылын үдете түсті. Соның нәтижесінде 52-ші және 71-ші минутта қос гол салып, есепті теңестіп кетті. Осыдан кейін екі команда да ойынға тың серпін беру мақсатында ауысым жасаған. «Шахтер» сапында жақында ғана негізгі құрамға қосылған жас ойыншылар алаңға шықса, «Оқжетпес» тәжірибелі футболшыларға сенім артты. Соған қарамастан, алаң иелері қарымта шабуыл ұйымдастырудан бас тартқан жоқ. Кездесудің 74-ші минутында қарсылас қорғаушылары айып алаңына енген Аруп Сайтовқа қарсы ереже бұзып, бас төреші пенальти белгіледі. Ал, бұл есепте қайта алға шығуға берілген тамаша мүмкіндік-тін. Алайда, айып соққысын орындауға шыққан Арман Нүсіптің соққысы нәтижесіз аяқталды. Ол допты қақпаның оң жақ төменгі бұрышына бағыттағанымен, қарсылас қақпашы допты қайтарып тастады. Осылайша, алаң иелері есепте алға шығатын тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.

Кездесудің 85-ші минутында қарсылас команда үшінші голды соғып, матч тағдырын өз пайдасына шешті. Осылайша, «Шахтер» Қазақстан кубогындағы жорығын осы кезеңде аяқтады. Ал, «Оқжетпес» жарыстың келесі, 1/8 финалында елордалық «Жеңіс» клубымен кездесетін болады.

– Команда екі таймда екі түрлі ойын көрсетті. Тәжірибе, құрам, тіпті, есептен де жеңілдік. Қарсыластардың тәжірибелі ойыншыларымен біздің жаңадан жасақталған жас құрамды мүлдем салыстыруға келмейді. Ойынды өздеріңіз де көрдіңіздер. Бірінші айналымда тәжірибелі ойыншыларымызды ойнаттық. Ал, екінші айналымда тәжірибе жинау мақсатында жастарымызды шығардық. Негізі, біздің команда әу баста психологиялық тұрғыда жеңілді десуге болады. Себебі, Премьер-Лига сапында өнер көрсететін «Оқжетпесті» бірінші айналымда 2:0 есебімен жеңгенімізге сенбей қалдық. Соның салдарынан екінші айналымда босаңсығанымыз бар. Тіпті, пенальтиді де сала алмадық. Алдағы уақытта ойыншылардың қателіктерімен жұмыс жасаймыз, – деді бас бапкер Андрей Финонченко.

Айта кетейік, енді «Шахтер» 17 сәуірде Бірінші-Лига ойындарының аясында өз алаңында Экібастұздың «Батыр» футбол клубын қабылдайды.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button