Сабыржан Аққалықов – Азия чемпионы
Моңғолияның астанасы Ұланбатыр төрінде өтіп жатқан ересектер арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғаған қарағандылық Сабыржан Аққалықов 75 келі салмақта алтын жүлдеге қол жеткізіп, құрлық чемпионы атанды.

Финалдық кездесуде отандасымыз өзбекстандық боксшы Жавохир Абдурахимовпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Сабыржанның техникалық дайындығы мен рингтегі сенімділігі айқын көрінді. Ол қарсыласына мүмкіндік бермей, барлық раундта басымдық танытып, нәтижесінде 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Бұл жеңіс – Қарағанды боксының мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұған дейін де Қазақстан атынан 75 келі салмақта Азия чемпионатында топ жарған атақты былғары қолғап шеберлері бар. Олардың қатарында Тұрсынбай Құлахмет (2019), Жәнібек Әлімханұлы (2013), Геннадий Головкин (2004) және Аркадий Топаев (1994) бар.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Азия чемпионатында аса ауыр салмақта (+80 кг) ел намысын қорғаған қарағандылық спортшы Дина Исламбекова да алтын жүлдеге қол жеткізген болатын.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



