Қарағанды техникалық университеті Әзірбайжанның үш оқу ордасымен келісім жасады
Алматы қаласында Arizona State University базасында Қазақстан мен Әзірбайжан университеттері ректорларының II форумы – «Study in Azerbaijan» өтті.

Форум жұмысына Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Сауле Сагинатаева және стратегиялық даму мен интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапьянов қатысуда.
Форумда университет ректоры Сауле Сагинатаева Әзірбайжанның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, Azerbaijan Technical University, Sumgait State University және Khazar University. Қол қойылған келісімдер академиялық ұтқырлықты дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған.

Құжаттар білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, оқытушылар мен студенттер алмасуын жандандыру, сондай-ақ халықаралық әріптестікті нығайтуды көздейді.
Бұл бастама Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, инженерлік білім, ғылыми зерттеулер мен озық технологиялар бағытындағы серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»




